«Тәуелсіздік жылдарында өзіміздің жер серіктеріміз дөңгеленген дүниені шарлап, Қазақстанның телекоммуникация саласының қарқынды дамуына ықпалын тигізуде. Өйткені ғарыш – бұл ең жоғары технологиялық сала және ол өзінен кейінгі барлық саланы алға сүйрейді. Содан кейін ғарышқа енбей, біз дамыған 30 елдің қатарына еш кіре алмаймыз» Бұл туралы толығырақ «Замандас» айдарынан таныса аласыздар.
Қазақстанның ғарыш саласына дербес мемлекет есебінде маңыз беріп, осы тұрғыда бағыт-бағдарын айқындай бастағандығына биыл ширек ғасыр. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытуға өкілетті мемлекеттік орган құрылды. Бүгінде ол «Қазғарыш» атты үлкен ұйымға айналған.
Ақиқатына келсек, бұл тарихи сәт жоқтан бар жасап, ғылымға негізделген жаңа саланы дамытудың бастауы болатын. Алдымен 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен талаптары» көрсетілген мемлекетаралық келісімге қол қойды. Елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйеленді. Ғарыш саласын дамытуға бағытталған стратегиялық бағыттар бойынша арнаулы кәсіпорындар құрылды. Ғарыш саласынан хабары бар, жетік білетін ғылыми және инженерлік мамандар құрамы бекітілді.
Ресей, Украина, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Израиль, Нидерланд, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Иран тәрізді мемлекеттермен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу мен пайдалануға байланысты келісімдерге қол жетті.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген болатын. Яғни алдыңғы қатарлы технологияларды экономиканың барлық саласында қолдану ұсынылып отыр. Бұл мәселе ғарыш саласын да айналып өтпейді деген сөз. Демек, Елбасымыздың «ғарыштық державаға» айналу мақсаты біртін-біртін орындалып келе жатыр.
Қалай десек те, ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық. Бұл сала Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі десек те болады. Қазіргі таңда ғарышты игеруде Қазақстан белсенді іс-қимылымен ерекшеленуде. Бұл сөзімізді еліміздің әлемдік ғарыш державаларының қатарына енгендігі растай түседі. Осынау сала қазірдің өзінде елімізге табысын бере бастады.
Тәуелсіздік жылдарында өзіміздің жер серіктеріміз дөңгеленген дүниені шарлап, Қазақстанның телекоммуникация саласының қарқынды дамуына ықпалын тигізуде. Өйткені ғарыш – бұл ең жоғары технологиялық сала және ол өзінен кейінгі барлық саланы алға сүйрейді. Содан кейін ғарышқа енбей, біз дамыған 30 елдің қатарына еш кіре алмаймыз. Бүгінде Қазақстанның ғарыштық державаға айналғандығын әлемдік қоғамдастықтың мойындауынан, қол жеткізілген толағай табыстардан көруге болады.
Соңғы кездері әлемде Марс планетасын колонизациялау, ғарыштық туризм сияқты өзекті мәселелер талқылануда. Мұның барлығы ғарыш саласының қарқынды дамып келе жатқанын білдірсе керек. Ал осы орайда «Қазақстан ғарыш жолында қандай жетістіктерге жетті?» деген сұрақ пайда болады. Шыны керек, еліміздің космонавтика саласында жеткен табыстары өте көп: ғарышқа ұшқан үш батыр ғарышкерімізден бастап, ғарышқа ұшырылған бес ғарыш аппараттарына дейін үлкен жеңістеріміз бар. Ал енді осы жерде тағы да бір заңды сұрақ туындайды: қазақ елі «ғарыш державасына айнала ма?». Әрине, бұл сұраққа бірден жауап беру өте қиын, дегенмен жауап іздеуге тырысып көрген жөн. Меніңше, әлемнің аупауыт ғарыш державасына айналу үшін көптеген факторлар қажет. Бірақ соның ішінде ең бастысы – білікті де білімді мамандар. Ал бізде ондай мамандар бар ма? Міне, қызық, бір сұрақтан тағы да бір сұрақ пайда болды.
Жалпы, елімізде ғарыш саласында білім беретін мамандық алғаш рет осыдан сегіз жыл бұрын ашылды. Дәлірек айтсақ, 2010 жылдың күзінен бастап. Қазақстанның екі бірдей оқу орны: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы энергетика және байланыс университеті «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша алғашқы студенттерді қабылдады. Бір жылдан соң бұл тізімге тағы да екі ЖОО кірді: Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Міне, содан бері қаншама мамандар даярланып келе жатыр. Оған магистрлер мен PhD докторларын қосыңыз. Демек, еліміздегі әрбір университет қазақ ғарыш саласын дамытуға өз септігін тигізіп келеді. Мәселен, Қазақстан қазірдің өзінде әрқайсысы 2 бірліктен тұратын екі түрлі спутниктер тобына ие. Бұлар – KazSat және KazEOSat.
Орайы келегенде айта кеткен жөн, олардың қызметі өте көп, ең бастысы – бұл Қазақстан территориясында болып жатқан барлық жайттарды көріп отыру, мысалы, топырақтың эрозиясы, елді-мекендер құрылымындағы өзгерістер және т.б. Біздің осы технологияларымыздың арқасында адамдар өз сиырларына чип орнатып, оларды GPS навигациясы арқылы бақылай алу мүмкіндігіне ие болды. Спутниктердің арқасында жерді қашықтықтан зондтайтын мүмкіндік туды. Мәселен, Астанада, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зертханалық кешеніне НАСА дәлдігі жоғары жаһандық позициялау жүйесі саналатын GPS станциясын орнатты. Станция жер қабаты өзгерісін 22 сантиметр дәлдікпен өлшейді. Бұл білімді, мысалы, топографиялауда, картографиялауда және т.б. салада пайдалануға болады.
Енді өзім еңбек етіп, шәкірттерге білім беріп келе жатқан осы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайлы кеңірек айта кетейін. ЕҰУ «Кіші ғарыштық аппараттарды жобалау», «Ғарыштық робототехника», «Ғарыштағы жер серіктерден ақпаратты өңдеу» секілді бірнеше оқу-зертханалармен жабдықталған. Жыл сайын үкімет тарапынан қаншама орын болашақ ғарыш мамандарының білім алуына бөлінеді. Енді, алдағы уақытта Астана қаласынан орын алатын «Ғарыштық аппараттарды құрастыру және сынау» зауытында, Байқоңырдағы «Бәйтерек» зымырандарды жобалау кешенінде және т.б. отандық ғарыш нысандары мен компанияларында жұмыс істейтін қабілетті мамандар дайын деуге болады. Кафедрамыздың Байқоңырда өз алаңы бар, «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттер мен магистранттар жыл сайын өндірістік тәжірибелерін осы Байқоңыр қаласындағы арнайы ғарыш айлағында өтеді. Яғни, олар теориялық алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Алдыңғы жылдары ол жерде 32 студент жұмыс істесе, былтыр бұл сан 50-ге ұлғайып, биыл 72-ге жетті.
Бұл орайда ғарышты игерудегі Қазақстанның басымдықтарының бірі – «Бәйтерек» жобасының стратегиялық маңызы туралы айта кеткен жөн. Аталған жоба Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен дамытуға мүмкіндік береді және коммерциялық ұшудың әлемдік нарығына жол ашады.
Сондай-ақ «Бәйтерек» экологиялық қауіпсіздігімен де ерекше. Ол Қазақстан мен Ресейдің «Зенит М» ғарыштық зымырандық кешені инфрақұрылымы аясында жүзеге асырылып, гептил отынын пайдаланатын атышулы «Протонның» орнын басқалы тұр. Демек, зымырандардың уақыт өте қоршаған ортаға тигізер кері әсері азаятын күн алыс емес.
«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен алғашқы ұшу 2022 жылға жоспарланған. Сондай-ақ отандық зымыранды жер серіктерімен қатар, басқарушысы бар жаңа буын кемелерін ұшыруға пайдалануға болады.
Бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруға байланысты 2017-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасалған, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда.
Биылғы жылдың басты жоспары ретінде Қазақстанға Байқоңыр айлағының 42,43,45 ұшыру алаңдарында орналасқан «Зенит М» кешендерін тапсыру рәсімін айтуға болады, оны әрі қарай пайдалану Ресей Федерациясымен бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырылмақ.
Жалпылай алғанда, «Бәйтерек» анағұрлым модернизацияланған елдердің, дамыған отыздықтың қатарына қосылуымыз үшін серпіліс беретін бірегей жоба. Бүгінде еліміздің ғарыш саласын игерген қызметкерлердің 22 пайызы ғылымға жұмылдырылған, 39 пайызы әртүрлі санаттағы инженерлер.
2019 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғарышқа алғашқы жерсерігін ұшырады деп жоспарлануда. Басты мақсат – ғарышқа өзіміздің алғашқы жерсерігін жасап, қосу. Ең бастысы біз оны басқа жақтан сатып алмай, өзіміз жасаймыз.
Ашығын айтайық, «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының магистранттары мен мамандары ғарыштық кеңістік мониторингі бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жоғары дәрежеде атқарып келеді. Университет мақсаты – ғарыш саласында әмбебап маман дайындау және 2015 жылдан бастап «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандықтары бойынша шәкірттер дайындап келеді. Қазір оқу ордамызда «Кіші ғарыштық материалдар зертханасы» атты зертхана жұмыс істейді. Зертхана заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оқу бағдарламасын жүзеге асыру үшін Германиядан, Оңтүстік Кореядан, Польшадан, Түркиядан және Қытайдан серіктес университеттерден білікті мамандар шақырылып отырады.
Сондай-ақ «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-да (ҚҒС) Бірлескен ғылыми-өндірістік орталық (ҒОӨ) және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» кафедрасы жұмыс істейді. Бұл «Радиотехникалық зертхана» ҒӨО радиотехника және электроника саласындағы инновациялық технологияларды дамыту және Қазақстан Республикасында өндірістік-технологиялық алаң құру бойынша елдің жетекші ЖОО-лары мен ұлттық компаниялардың жұмысының нәтижесі десек те болады.
ҚҒС компаниясының дәлдігі жоғары серіктік навигация жүйесінің орталығы тәжірибелі өндірісінің 550 шаршы метрінде орналасқан радиотехникалық зертхана радиомонтаж учаскесін, тестілеу учаскесін, сәйкестікті бағалау зертханасы және механикалық шеберхананы қамтиды. Ол ғылыми әзірлемелер мен эксперименттер жүргізу үшін заманауи жабдықпен жарақталған.
Қорыта келгенде, ғарыш арқылы қол жеткен жетістіктер біздің өмірімізге игілік ретінде дендеп енгендігін өзіміз аңғармай қалуымыз мүмкін. Күнделікті қолданыстағы ұялы телефон мен теледидардан бастап, ғарышпен тікелей байланыс және ғылым мен техникалық даму бір орында тұрған жоқ. Осы өркениеттің бастауында тұрған Қазақстанның болашағы жарқын. Алдағы уақытта өзіміздің мамандарымыз Ресей, АҚШ, Қытай, Бразилия, Израиль секілді ғарыштық ауапауыттар қатарына кіруге мүмкіндік жасар. Кім біледі, мүмкін өзіміздің түлектереміздің арасынан болашақ Илон Маск, Сергей Королев, фон Браун секілді аты аңызға айналған ғарыш саласының азаматтары шығып қалар. Лайым, сол күнге жеткізсін деп тілейік.
Асыл-Дастан БАЗАРБЕК,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының оқытушысы.