2011 жыл. Жазы айы. Германияның Гейдельберг қаласының түстігінде орналасқан Хандшусхайм шаһарында регбиден жастар арасында ел чемпионаты өтіп жатыр. Ұзындығы тай шаптырым жасыл алаңда қызылды-жасылды киінген екі топрегбишілер ортадағы жалғыз сопақша допқа таласып, қызыл қырғынды салуда. Бір сәт топтанып тұра қалып, күйек кезінде күйге түскен қошқарлар сияқты сүзіссе, одан қалды сопақ допты көз ілеспес жылдамдықпен ойыншылар бір-біріне лақтырып, допқа қолы жеткені жарды сүзген бұқадай ентелеп өлермендікпен алға ұмтылады кеп. Әсіресе жасылдар сапында түбіт мұрты жаңа тебіндеген қара торы жігіттің атойлап шабуы сұмдық. Қолына ілінген сопақ допты қолтықтай-құшақтап, екпіндей ұмылған ол қарсы кездескен жалпақ сарыны жер қаптырып, кеуделей соққан тағы біреуді оң қапталға аудара лақтырып, сеңгір биіктен жемге шүйілген бала қырандай зулаған күйі ақ сызықтан асып жығылды. Голл!!! Жас жігіттің әбжіл жылдамдығы мен түз бүркіттей қарымына риза болған төртқаптал толы көрермен тік тұрып қол соқты. Өз кезегінде түбіт мұрт қара торы да қарап қалған жоқ, жаппай қошемет көрсеткен жалпақ жұртқа қолын көтеріп, бас иіп мезірет жасады.
Қарт құрлықтың төрінде, өздерін ақсүйек санайтын немістердің елінде, жан беріп, жан алысқан регбишілер ортасында атойлап жүрген бұл жігіттің есімі – Бөкейхан Әли. Ұлты – қазақ.
***
Әңгімені әріден бастасақ Бөкейхан 1993 жылы 12 наурыз күні Германияның Баден-Вюртемберг штатындағы Гейдельберг қаласында туыпты. Әкесінің аты – Әли Сүрер. Әлекеңмен телефон арқылы хабарласқанымызда, өзінің 1960 жылы Түркияның Салаһи қаласында туғанын айтты. 1969 жылы Әлидің ата-анасы жұмыс бабымен Алманияның Гейдельберг қаласына көшіп келген екен. Содан бері бұл әулет түгелдей осында тұрып жатыр. 1981 жылы Әли Сүрер мен Садия Құрманбайқызы екеуі шаңырақ көтеріп, 1993 жылы егіз перзентті болған екен. Соның бірі Рабия атты қыз да, екіншісі бүгінгі біздің кейіпкеріміз Бөкейхан. Одан кейін де бұл отбасына1997 жылы тәңір Құбылай және Шағатай атты егіз ұл сыйлапты. Отбасының қысқаша тарихы осы.
***
Біздің кейіпкеріміз Бөкейхан алты жасында мектепке барып 1999-2003 жылдары Гейдельберг қаласындағыЭммерцгурнд бастауыш дәргейінде білім алған. Одан соң 2003-2010 жылдары Гельмгольц гимназиясын тәмамдаған. 2010-2013 жылдары өзі туған қаладағы халықаралық заң жоғары оқу орнында оқып, 2014 жылы Мангейма университетінің ұжымдық құқықтану факультетіне түсіпті. Қазіргі таңда осында білім алып жүр.
Ендігі сөз жас жігіттің спорттық жолына үңілсек, Бөкейхан 2001 жылы сегіз жасында регбиді бастапты. 2004 жылы Баден-Вюртемберг штатының жасөспірімдер, кейін жастар құрамасы сапына қабылданып, 2011 жылға дейін осында тұрақты өнер көрсеткен.
Осы аралықта мақала басында сипаттап өткеніміздей жастар арасында Германия чемпионы атанып, ұлттық құрама қатарына қабылданып, Францияның Тарбе қаласында өткен Еуропа чемпионатында өнер көрсетіпті. Сөйтіп бір жылдың ішінде Бөкейхан Әлиұлы болашағы зор жас регбишіге бұйыратын «ТВ Pforzheim» кубогын иеленіп, оның командасы Бундес лигада күміс жүлдеге қол жеткізеді.
Келесі 2012 жылы жасындай жанып, қырандай түлеп көзге түскен жас жігітті Түркияның ұлттық құрамасы аттай қалап, қатарына қосқан. 2013/14 маусым ойындарында түркиялық регбишілер еуропалық ұлттар кубогының үшінші дивизонында өнер көрсетіп, бір топқа түскен Словакия құрамасын 31:5, әзербайжандықтарды 53:3 есебімен тізе бүктірсе, Таллин қаласында Эстонияны 49:5 есебімен жеңді. Осы сайыстарда біздің бала мамандар тарапынан «үздік ойыншы» ретінде бірауыздан мойындалды.
Қазіргі таңда Шахин Көмүркіс басқарып отырған түрік регбишілері даму үстінде. Соңғы жылдары халықаралық дебютіне қатысқанымен IRB құрамына іліге алмады. Бірақ соған қарамастан түркиялықтарды Еуропа регби федерациясының мүшесі ретінде қабылдады. Осының арқасында команда дәл бүгін халықаралық регби – 15 жоғары деңгейлі матчтарда өнер көрсетуде.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ