Қазақстан кинематографиясы соңғы жылдары америкалық үлгідегі комедиялармен толығып жатыр. Қабылдауы жеңіл сюжет, менталитетке сай әзілдер, көркем кадрлар – біздің көрерменнің қазіргі сұранысы. Сол себепті де болар, коммерциялық мақсатта түсірілген комедиялар көбейіп кетті. Бірақ бұған біз қарсы емеспіз. Керісінше, сан бар жерде бәсеке болады. Сапалысын көрермен өзі таңдап алады. Мәселен, еліміздің ең табысты үш фильмінің екеуі комедия.
Біріншісі, «Брат или брак» фильмі. Жазда түсіріліп 2017 жылы 26 қазан айында үлкен экранға шықты. Прокатта үш айдай уақыт тұрды. Кассалық түсімі 454 млн теңгеден асады. «Жаужүрек мың бала» арқылы танылған Құралай Анарбекованың алғашқы продюсерлік жұмысы. Режиссері – Ернар Нұрғалиев («Махаббатым жүрегімде», «Золушка Зауре», «Қазақ аруы», «Сиситай» фильмдері).
Фильм туралы көрермендердің пікірі:
«Фильм өте ұнады! J Актерлер кәсіби түрде таңдалған. Осындай қызықты, күлкілі, позитивті комедия үшін рахмет!» @ase6412
«Отбасымызбен бірге барып күлкіге қарық болдық JJJ Актерлік құрамы керемет комедия!» @alibek_krg01
«Сапасы өте керемет, кинотеатрдан көрдім. Тек бір кемшілігі – қазақ тілінде емес.» @miras_kazhygali
«Трейлері шыққаннан-ақ тағатсыздана күттім. Көрдік. Күлдік. Өте жеңіл. Стендаптың саңлағы Нұрлан Сабуровтың түскенінің өзі неге тұрады.» @Rauan111
Екіншісі, «Бизнес по-казахски» фильмі. Жанры – комедия. Қазаққа кең танымал әзілкеш продюсер Нұрлан Қоянбаевтың жұмысы. Режиссері – Жеңісхан Момышев («Жаңа қоныс» сериалы, «Бизнес по-казахски в Америке»). Кинотеатрлардан 2016 жылы көрсетілді. Кассалық түсімі – 299 млн 683 мың теңге.
Фильм туралы көрермендердің пікірі:
Айгүл Сейдахметова: «Мәселе фильмнің күлкілі болғанында емес,оны көрген адамға қандай ой салатынында. Бұл фильм арқылы қиын сәтте қандай адамдар қолдау беретінін көреміз. Киноны көру арқылы əр адам өзіне жақсы өнеге алады деп ойлаймын»
Илья Перемитин: «Уже четвертый фильм казахстанского производства записываю в любимые фильмы»
Сандугаш Искакова: «Күшті! Жарайсыздар! Қатты күлдім, аяғым ауыр еді, ішімдегі бала да от души күлген шығар»
Бейбіт Абдырахманов: «Малды дронмен бағып жүргені күшті»
Үшіншісі, «Жаужүрек мың бала» фильмі. Жанры – тарихи драма. 2012 жылы 3 мамырда көрсетіліп, кинозалда қошемет білдірген көрермендердің ықыласына бөленген фильм. Режиссері – Ақан Сатаев. Түсірілім 2011 жылы ақпан айында басталып 90 күнге созылған. Фильм 90 пайыз далада, Қапшағай, Шарын шатқалы, Қапал-Арасан жерлерінде түсірілген. Актерлерді таңдау барысында кастингте 22 мыңнан астам адам бақтарын сынаған. Фильмді дыбыстау жұмыстары Францияда өткізілген. Кассалық түсімі – 296 млн теңге.
Көрермендердің пікірі:
Думан Ажибеков: «Алаш баласы мәңгі жасасын! Алла жар болсын. Керемет әсер алдым, тамашалаңыздар, сезімдеріңізді оятыңыздар!!»
TheO4arovawka: «Kеремет фильм! Жоғары деңгейде түсірілген туынды. Барлықтарыңызға фильмді көрулеріңізге кеңес беремін. Актерлер мен фильм ұжымына осындай керемет, патриоттық сезімге толы фильм үшін мың да бір РАХМЕТ!!!
Kazakh Khanate: «Өте кермет кино! Бірақ қазақшасын көріңіздер, себебі орысша жасалған дубляж өте нашар!!!»
Отандық табысты фильмдермен таныстырған: Мақпал Аманбай