Бейсенбі сайын берілетін «Ұлттың тірегі –дәстүр» айдарының бүгінгі санында дәстүрімізді ардақтап, жас ұрпақтың бойына сіңіруде өткен мен өткен мен бүгіннің арасындағы айырмашылықтарды ашып көрсетіледі.
Біздің қазақ халқы ежелден «Ырыс алды ынтымақ», «Бөлінгенді бөрі жейді» деп татулық, ауызбірлікті өмірлік ұстаным етіп, бір шаңырақ астында үш ұрпақ өкілдері тату-тәтті тұрғаны, тіпті ауылдық жерлерде әлі күнге тұрып жатқаны ешкімге жасырын емес. «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деп, кішкентай немерелерін көзден таса қылмай, арқалап, қаздың балапанындай ізіне ертіп жүріп бағып, бар-тәтті дәмдісін солардың ауызына тосқан ата-әжелері жайлы қазақтың қаншама ақын-жазушысы толғаныс сезіммен, тебірене жазды десеңізші!..
Бір көрпенің астында тай-құлындай тебісіп, тату өскен ерке балалар есейгесін де «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғаны» дос сүйініп, дұшпан күйінетіндей жағдай еді. Ағайынды жігіттер «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп, еншілері бөлінбей, іргелері ажырамай, жұмылған жұдырықтай болғаны ертегі де, аңыз да емес, өткен заманалар шындығы.
Ал бүгін... көгілдір экраннан біздің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық болмысымызға, тәлім-тәрбиемізге кереғар шетелдік телесериалдар күндіз-түні көрсетіп жатыр. Мәселен, түбі бір – Түрік елінің қай көркем фильмін қарасаңыз да көретініңіз бір-біріне қастық қылып жүрген қандас адамдар, бір-бірінің күйеуін тартып алып, ашына боп жүрген апалы-сіңлі қыз-келіншектер...Осының өзі адам санасында бұғып жатып, күндердің күнінде бауыр мен бауырдың, туыс пен туыстың арасына сызат түсіріп, халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеті – бауырмалдығынан айырып, бір-біріне деген сенімсіздіктерін туғызбасына кім кепіл?!
Қазір той үстіндегі талай сорақылықтарды көре-көре көзіміз үйреніп, ести-ести етіміз өліп кетті ме, кім білсін. Асабалар қазақтың салтында жоқ талай нәрсені ойлап тауып жатырғаны ешкімге жасырын емес. Жаңа үйленіп жатқан екі жастың аналарын ортаға шығарып, «Қане қазір екеуіңіз тез жүгіріп барып, жас жұбайлардың бетінен сүйіңіздер. Кім бірінші барады, сол болашақ немеренің атын қояды»,-деген сияқты ешбір ұлттық болмысымызға сәйкес келмейтін сөздерін тыңдап отырып, ұяттан жерге кіріп кете жаздаймыз. Қыз анасы: «Асаба қарағым, алдын-ала әлен-пәлен деп елеуреп қайтеміз? Алла бұйыртса, балалы болған кездерінде құда мен құдағи немерелерінің атын өздері қоя жатар. Шыққан қыз шиден тысқары, менің ат қоятын жөнім жоқ»,-деп тоқтам айтудың орнына, ақ тер-көк тері шыға құдағиымен жарыса жөнелетінін қайтерсің?!
Асаба құда мен құдағиды ортаға шақырып ап, бір-бірімен төс қағыстырып, одан соң дене салмағы да, жас шамасы да әр түрлі құда-құдағиларға бір-бірін көтертіп, қалың елді күлкіге қарқ қылып жататындары тағы бар. Құдалықтың басты рәсімі – құйрық-бауыр жеп, құдалардың төс қағыстыруы болғанымен, олардың бұлай күлкінің нысанына айналуы тым ерсі емес пе?!
Күлкі демекші, шетелдік фильмдер ғана емес, отандық күлдіргі хабарсымақтар да халықты күлдіру емес, ұлттық мәдениетімізді бүлдіруге үлес қосып жатыр десем артық болмас. Ылғи ауылдан келген қарапайым қыз-жігіттерді, кемпір-шалдарды күлкі етіп, мазақтаудан аспайтын, тақырып аясы тар, өресі төмен, құр бақырып-шақырудан аспайтын арзан күлкіге құрылған, жайдақ хабарлар неге экранға шығарылмай тұрып, сарапшы, сыншылар сүзгісінен өтпейді екен деп ойлаймын. Қазір әйелдерше киініп ап, экранда келіншек, кемпір ролдерінде ойнайтын ер жігіттер көбейіп бара жатқаны да адам қуанатындай құбылыс емес. Кеңес өкіметі жаңа құрылып жатқан жылдары, «қызыл отаулар» ойын-сауыққа қатысатын қыз-келіншектер таппаған соң, амалсыз, әйелдер ролін еркектерге берген деп естуші ек. Қазір қандай қажеттілік? Онсыз да актриса қыз-келіншектеріміз жеткілікті емес пе?!.
Бір кезде біздің ата-бабаларымыз да «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» деп, «Айтылған сөз атылған оқ» деп, «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп, әр сөзін ойланып айтып, арық сөйлеп семіз шығуға тырысқаны, жалпы сөзді кие тұтқаны бүгінгі жас ұрпақ үшін аңыз сияқты. Өйткені «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп ар-намысты шыбын жанынан да артық көрген бабаларымыздың көп қасиетін қазіргі қазақ жастары түгілі, үлкендеріміздің өзі біле бермейді.
Бұл оқиға кешегі өткен жаугершілік заманда болса керек. Ер-азаматтар шайқаста жүрген кезде, ылғи бала-шаға, қыз-қырқын қалған қазақ ауылдарына тұтқиылдан келіп жаулары бас салады. Олар ең сұлу, жас қырық қызды іріктеп алып, әкеткелі жатқан кезде, өз ара ақылдаса келіп: «Әкелеріміз бен ағаларымыздың ата жауларының құшағында кеткеніміз ұят емес пе, өйткенше, бәріміз де суға батып өлейік!» -деп ұйғарады. Сосын, ішіндегі батылдау біреуі барып: «Біз енді қайтып туған жерімізді көрмейміз ғой. Бала күннен суын ішіп, жағасында асыр салып ойнап өскен мынау өзенге соңғы рет түсіп, тазарып шығайық, соған мұрсат беріңіздер!»- деп өтінеді. Сөйтіп, бәрі қол ұстасқан қалпы, суға батып кетеді. «Ойпырмай, мыналардың қыздарының өзі мынадай, жігіттері тіпті сұмдық шығар!» деп шошынған жаулары басып алған жерлерін тастап, у-шусыз қайтып кетеді. Кейін жауларын жеңіп, елге аман-сау оралған ер-азаматтар көктемде тасып, жаз ортасында тартылып қалатын тайыз өзеннен қол ұстасқан қалпы көз жұмған ару қыздарының сүйегін алып шығып, ұзыннан-ұзақ ор қазып, жұптарын жазбай бәрін бірге жерлеген екен. Сарыарқа төсінде олардың жермен-жексен болып, уақыт тегістеген моласының орыны ғана бар.
Ұлтымыздың рухын көтеретін, жастар бойына елжандылықты дарытатын, осынау өлімнен ұяттың күшті екенін айқын дәлелдеген ару қыздарымыздың атын аспанға шығарып, лайықты ескерткіш қойып, бүгінгі жастарға неге үлгі үлгі-өнеге етпеске?!. Неге солар туралы тартымды телехабарлар жасамасқа? Әйтпесе, шетелдік фильмдер ғана емес, отандық «Қалаулым» секілді реалти-шоулар да біздің ұлттық менталитетімізді бүлдіруге үлкен үлес қосуда. Ата-ана, ағайын-туыстарының абырой-беделін ойламастан, өз аяқтарымен жігіт іздеп барып, дүйім жұрттың алдында жан сырын жайып салып, жылап-сықтап отырған бойжеткендерді экраннан көргенде, ұяттан жерге кіре жаздайтынымыз ащы да болса шындық.
Заря ЖҰМАНОВА, жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі