Бүгінгі «Жүректе қайрат болмаса» айдарында алдына үлкен мақсат қойып, жаңашылдығымен өзгеге өнеге бола білетін жастар жайлы таныстырмақпыз.
Биылғы жылдың мамыр айында Астанада шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау және сүйемелдеу мақсатында ұйымдастырылған
«Ulttyq ónim - 2018» IV республикалық отандық тауар өндірушілер көрмесі өтті.
«Ulttyq ónim - 2018» төртінші республикалық отандық тауар өндірушілер көрмесі республиканың түрлі аймақтарынан көрмеге алып келіп, елорда тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін таныстырған тағам, құрылыс, жиһаз және тоқыма өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, арнайы техника және жабдық дайындаушылар, сәнгерлік және полиграфия өнімдері саласындағы 350-ден астам кәсіпорын қатысқан болатын.
Көрме қатысушылары құрылыс материалдарының өндірісі, ағаш және металл өңдеу, тағам өнімдері, фармацевтикалық өнімдер, медициналық және спорт-сауықтыру қызметтері, полиграфия және жарнама, қоғамдық тамақтану салаларын таныстырды. Біз осы көрмеге қатысушылар арасында өз өнімдері жайлы таныстырып тұрған Ансаған Абзалұлы Сағынтаев әңгімеге тартқан едік.
«Наз-гүлім» шаруа қожалығы өз жұмысын 2002 жылдан бастады. Шаруа қожалығы мал өсіру және мал өнімдерін өңдеу бағытында жұмыс атқарады. Шаруа қожалығының құрылу себебі Атырау облысы бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың тапшылығы», - дейді Ансаған сөзін сабақтап.
Алғашында кішігірім үй қожалығынан бастаған «Наз-гүлім» шаруа қожалығының қазіргі таңда Атырау облысы Қызылқоға ауданында тұшпара шығаратын цехы, малды бордақылау және мал сою цехы жұмыс жасауда. Цех өнімін Қызылқоға ауданы Миялы селосы аумағында тұтынады. Яғни қазіргі таңда тұтынушылар тек аудан аймағымен шектеліп тұр.Атырау облысымен шектелу себебіміз шаруа қожалығымыз Атырау қаласынан 300 шақырым жерде орналасуы, жаз мезгілдерінде ет өнімін жеткізу және көлік мәселесі қиындықтар тудырады.
Қазіргі таңда кепілдікке қойылатын мүлік құжаттары дайындалып, 50 миллион теңгеге жоспарланған жобаға мемлекет тарапынан несие берілетін болса, Атырау қаласынан ет өңдеу цехын ашу жоспарымызда бар. Егер жоспар орындалып жатса, «Наз-гүлім» шаруа қожалығы толықтай Атырау облысын ет өнімімен қамтамасыз етіп, ет өнімдерін вакуумдеу әдісін пайдала отырып сату ойластырылып жатыр. Етті ежелгі сүрлеу әдісімен өңдеп, вакуумдеу әдісі арқылы еттің табиғи компоненттерін сақтай отырып, ұзақ мерзімде сақтау процессін ұлғайтуға болады.
Сонымен қатар 2015 жылы анамыздың бастамасымен ірімшік өңдеу бойынша патент қорғалды. Бұл патенттің ерекшелігі ірімшікті ұйыту әдісінде – жаңа туылған қозының бірнеше күн ішкен сүтінен қозы ұлтабарында пайда болатын «мәйекті» сүттен ірімшік жасауда ашытқы ретінде пайдаланамыз. Ата-бабамыздан келе жатқан ұйыту әдісін әлемге танытып, қолданысқа енгізу мақсатында анамыз Голландия еліне шақыртумен іс-сапарға барып келген болатын. Голландия мемлекеті бұл патентке өте үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл патент биыл 2018 жылы қайта мемлекеттік тіркеуден өтті. (Себебі патент әр 3 жыл сайын қайта мемлекеттік тіркеуден өтіп отыруы қажет. Патентті немересінің атына ауыстыру жұмыстары жасалып жатыр.)
«Наз-гүлім» шаруа қожалығының басшысы Абишева Марзия Мырзалықызының көрегендігі соншалық, атадан қалған дәстүрді жалғастырып қана қоймай, өскелен ұрпаққа табыстау болып табылады. Марзия Мырзалықызының немересі Ансаған Абзалұлы Сағынтаев өз болашағын осы шаруа қожалығымен байланыстырып отыр.
«Мен қазір 9-сынып оқушысымын. Қазір ірімшіктің құрамындағы кальцийдің адам ағзасына беретін пайдалылығы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрмін.Болашақта технолог мамандығын игергім келеді», -деді бізге берген сұхбатында Марзия апайдың немересі Ансаған Абзалұлы Сағынтаев.
Болашақта ата жолын жалғастырып, дәстүр сабақтастығымен Ансаған осы«Наз-гүлім» шаруа қожалығы өнімдерінің тек Қазақстанға ғана емес, әлемдік деңгейге де шығаруды мақсат етіп отыр.
Сұхбаттасқан Жаңагүл Тілепберген