Жаркент қаласы жеті өзен, жеті арасан, жеті көл мен жеті таудың арасында орналасқан. Оны кейде Құлжа қақпасын күзеткен Жаркент деп те атайды.
Сонымен, Жаркентке жолыңыз түссе, алдын-ала мына 7 тарихи дерекке назар аударыңыздар:
1. Жаркент қаласының жалпы көлемі 47,25 шаршы километр. Жаркент қаласы – Алматы облысындағы Панфилов ауданының орталығы, Қазақстан Республикасының оңтүстік шығысында Жоңғар Алатауының жазық бөлігінде орналасқан, қала арқылы республикалық маңызы бар автожол өтеді, осы жол қаланы облыс орталығы Талдықорған қаласымен, оңтүстік астана Алматы қаласымен және сыртқы әлеммен байланыстырады. Облыс орталығынан қашықтығы -290 шм, Алматыдан -345 шм және ең жақын теміржол станциясы Құндызды -20 шм, Алтынкөл- 30 шм. 2014 жылдың 1 қаңтарынан халық саны – 43119 адам.
2. Жаркент бұрын ұсақ қолөнершілер мен сауда-саттық қаласы болған.Көне шаһар тек 1928 жылдан бері аудан орталығына айналған.
1948 жылы 27 мамырда Жаркент қаласына Кеңес Одағының батыры генерал-майор И.В.Панфиловтың есімі берілген.1959 жылы Талдықорған облысы таратылғанда аудан Алматы облысының құрамына қайта енгізіліп,1967 жылы 23 қаңтарда қайта құрылып,осы облыс еншісіне беріліпті.1992 жылы 22 қарашада Панфилов ауданына тарихи Жаркент атауы қайтарылған.
3. Қаланың тарихы жайлы сөз қозғағанда алдымен Белжайлауда орын тепкен тарихи мекен - Орбұлақ даласы жайлы айтпай кетуге болмас. Деректерді сөйлетсек, сол шайқаста қазақ батырлары аз ғана қолмен 600-дей,Сыр жағасынан Жәңгір хан қалың әскерімен келгенше қалмақтың 6000 –нан аса әскерін қамап ұстап отырған. Бұл жерде аңызға толы қорымдар мен тас үйінділері өте көп.Ол кездегі осыдан 365 жылдай бұрынғы өткен сол шайқастағы қазақтардың соғыс жүргізу әдістерін,жауды орға құлату тактикасын 20 ғасырда бірінші,екінші дүниежүзілік соғыстарда қолданып,окоп қазған,яғни ор қазған.Осы Орбұлақ шайқасы Жаркент өңірінің батырлық кезеңінің куәсі.
4. Тарихи орындары жайлы еске алғанда алдымен Жаркент мешітін атап өткен жөн.1887 жылы салынған бұл мешіттің ерекшелігі- ағаштары бір шегесіз қиыстырылған.Бұл мешітті өзінің сәулеті жағынан ерекше өнер туындысы деуге болады. Оны саудагер Уәлібай Юлдашев деген кісі Қытайдан Юнь-Пинь деген сәулетшіні арнайы алдыртып,Кетпен тауларынан Тянь- Шань қарағайынан таңдап кесіп,150-200 шақырым жерден өгізбен,түйемен тасып,Уәлібай мешітін жасаған екен.1978 жылы бұл мешіт сәулет-көркемөнер музейі аталсын деген шешім шығарылыпты.
5. Жұрттың тәу ететін орны –Әулиеағаш та Жаркент жерінде. Жер шарында осындай бір сызықтың бойында орналасқан үш ағаш бар болса,соның бірі осы.Ағаштың жасы 7 ғасырдан асады,діңінің жуандығы жеті адам құшақтаса әрең толатындай көлемді.Түбінен 7 түп бала ағаш өсіп шыққан.Әулиеағаш жағымсыз энергиядан арылтады,бұл жерге көптеген адамдар келіп мінәжат жасайды,ағаштың түбінен тамырына жақын жерден шыққан су түрлі ауруларға шипасы бар дейді жергілікті тұрғындар.
6. Жаркент өңірінен шыққан атақты тұлғалар жайлы айтқанда қазақ көркем өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеев есімі ойға оралады.Бұлбұл көмей әнші Дәнеш Рақышевтың да осы тарихи жерді танытуда үлесі ерекше.Тағы бір айта кетерлігі қалада Желтоқсан көтерілісінің қос қаһарманы Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановаға 2008 жылы ескерткіш орнатылған.
7. Табиғаты тіл жетпейтін таңғажайып Жаркенттен Алматыға қарай жүргенде Алтынемел деген жер бар.Бұл атақты Шоқан Уәлихановтың Қапалдан Жаркент арқылы Қашқария сапарына барғанда айтылатын Алтынемел асуы.Ол жайлы ғалымның еңбегінде толық баяндалады.
Жер жаннаты аталған Жаркенттің қысқаша тарихы осындай.
Келесі аптада қазақ елінің тағы бір қаласына сапарлаймыз.
Қала жайлы деректерді таразылап ұсынған: Раушан Бекмырза