Айына екі рет «Дәмнен ауыз тиіңіз» айдарын назарларыңызға ұсынбақпыз. Біз сіздерге ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарымыз және қазір де әзірлеуге болатын ас мәзірлері, оларды дайындау әдістері мен емдік қасиеттері жайында кеңестер бермекпіз.
МƏЙЕК - ірімшік қайнататын сүтті тез, шымыр ұйыту үшін жас төлдердің ұлтабарынан алып ашытып жасалатын ұйытқы. Жас бұзаудың, қозының ұлтабарына, (ішкі жағына) байланған уыздың өңезі. Бауыздалған төлдердің ұлтабарын алып, қойдың бүйеніне салып ішіне уыз құйып ішіне 4-5 мейіз салады да іліп қояды. Біраз күннен кейін ол ашып кебеді. Дайын мəйекті -мəндір деп атайды. Біздің жақта қаракөл қойы болғандықтан уызына бір тойдырып қаракөл қошақандарды елтірісін алуға соятын. Сол кезде мəйегін ала салатын. Осы мəндірді жылы сүтке малып, біраз шайқап бетін жауып қойса, сүт ұйып қалады. Содан əрмен қарай жай отта ірімшік қайнатылады. Ірімшікті сүзіп алғасын соңындағы сары суын əрмен қайнатса помадка кəмпит сияқты қышқылтым тəттісі қалады. Сонымен шай ішсең керемет. Кім жеді?
Ірімшікті кептіріп алады. Майдасын сүзбеге қосып құрт жасайды. Оны "ежегей" деп атайды. Кепкен ежегей борпылдап тұрады. Кепкен ірімшікті еттартқыштан өткізіп оған сары май мен қант қосып қосып алады. Оны "қоспа" дейді. Ірімшікті бидай, тары талқанға қосып жент жасаған. Келіге қауын қақ, тары, ірімшікті салып əбден түйген кезде, барлығы араласып керемет тəтті тағам шыққан. Соны қыстай кертіп жеп шай ішкен. Бұлардың барлығы көшпелі қазақтың қысқа дайындаған азықтары. Осындай табиғи ас жеген қазақтың дені сау болған.
Мəйектің емдік қасиеті: асқазан, бүйректі қуаттандырады, іш өтуді тоқтатады, мұрыннан аққан қанды, жатырдан келетін орнықсыз кірлерді тоқтатады. Біреудің қаңсығын таңсық көрмей өзіміздің құнарлы витамин мен микроэлементке бай тағамдарымыздың қадірін білейік.
Ұлттық тағам жайлы кеңесті ұсынған : Дана Абджапбарова.