Мұқтаж жандардың қажетін өтейтін ізгі әрекеттер, қолдың жомарттығы, мейірімнің мерейлісі, жүректің жылылығы – қайырымдылық болса керек. Қайырлы іс үшін берілетін сауаптың өзі осы ораза айында еселене түседі дейді. Орайы келгенде көпшіліктің жадында жалт еткен үміт сыйлайтын, қалт етсең қалқан бола алатын, сүрінсең демеу білдіретін, сезіктенгенде сейілдіретін жандарды жұдырықтай жұмылдырған «Қайырымдылар клубы» жайлы әңгімелесу үшін оның авторы Гүлмира Абдрешова және үйлестіруші Динарамен сұхбаттастық.
- Гүлмира, өзіңіз жайлы, өзіңіз бастамашы болған еріктілер қозғалысының идеясының туындауы туралы әңгімеден бастайық?
- Жалғыз болсам да жалықпай, қыз болсам да қиындықтан қаймықпай бүгінгі таңда Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қостанай мен Ақтөбе арасын жіпсіз жалғап тұрған «Қайырымдылар клубы» жобасын 2015 жылы қолға алдым. Өзім отбасының үлкені едім, маңайыңдағыларға жәрдемдесу, ересектерге ізет көрсету, жауапкершілікті мойныңа алу сияқты қасиеттерді өзгенің өміріне бей-жай қарай алмайтын анамнан үйренсем керек, ол медицина қызметкері.
Бұрын да мұқтаждарға көмек қолын созып, еріктілер қатарында жүретінмін. Ал жеке клуб, жеке алаңды құру идеясы жалғыз басты әжейлермен кездескен соң туындады. Сөйтіп, Instagram желісіндегі парақша арқылы мұқтаж отбасылар, балалар, қарттар жайлы хабарландырулар жаза бастадым. Көмектесуге ниет білдіргендер күн сайын көбейе түсті. Жұмысты жүйелей бастадым. Маған көмектескісі келетіндер де табыла кетті. Сөйтіп бастары әлеуметтік желідегі парақша арқылы қосылған «Қайырымдылар клубы» қазір Қазақстанның ең ірі еріктілер қозғалысының біріне айналды.
- Жергілікті атқарушы органдар, әкімдіктер ат салысып, қайырымдылар клубының қызметіне көмектесе ме?
- Мемлекетке алақан жайып отырғанымыз жоқ, әкімдіктерді, жергілікті билік басындағыларды жиі мазаламауға тырысамыз. Ал алдарына бара қалғанымызда әкімдіктер көмектен бас тартып көрген жоқ. Олар да (әкім қаралар мен әкімдік қызметкерлері) беске біледі, клубтың идеясы: күпіңді шешіп, көзіңді ашып, жан-жағыңа қара – жүректен шыққан жылы сөздің өзі көпшілікке көл-көсір көмек. Өткізілетін жәрмеңкелерге орын сұраймыз арасында. Былтыр осындай жірмеңкеде 700 мың теңге жиналып, 150 оқушыны бастан-аяқ мектепке дайындадық.
- Осы уақытқа дейінгі жетістіктеріңіз қандай, өз қызметтеріңізге қандай есеп берер едіңіз?
Биыл 8 наурызда клубымыздың ашылғанына 3 болды. Еліміздің алты қаласында жұмыс жасап жатқан клубтың Астаналық тобына тоқталсақ: клубымыздың себепші болуымен 30 астам адам жұмысқа орналастырылды, 200 жуық мүгедек бала тәрбиелеп отырған, көп балалы отбасылар мен жалғыз басты зейнеткерлер тұрақты қамқорлыққа алынды. Еріктілері айына 2 рет жақын маңдағы ауылдарда тұратын аз қамтылған отбасыларға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен киім-кешек, ыдыс-аяқ апарып береді. 2017 жылы біздің еріктілер 24 елді-мекенді аралап, 4000 шақырымнан астам жол жүрді. Көпшілігі астанаға жақын орналасқан ауылдар, қатынасу өқиын ауылдарды да ұмытпаймыз, мәселен: Атбасар, Колутон, Талапкер, Максимовка, Софиевка, Петропавловск, Новоишимка, Қабанбай батыр, Жалтыр, Оразақ, Жантеке, Садырбай, Еркіншілік, Едіге, Қоянды, Приречный, Өрнек, Сабынды, Малотимофеевка, Жақсы, Арықты, Қошқарбаева, Қосшы, Малтабар, Бозтал, Өлеңті. Соңғы кездері біздің клубымызға «Автолюбители Казахстана» қозғалысы көмектесіп жүр. Оларға да рахмет.
Динара: келіп түскен әр өтініш – бұл жеке оқиға, оны тұла-бойыңнан өткізіп, жүрекпен сезініп шығасың. Астаналық клубта 200 тұрақты ерікті бар. Ал жалпы қалалар бойынша еріктілер саны 10 000 астам. Үш жылдың ішінде Астана қаласы бойынша 1200 отбасына жәрдем жасалды. Киім-кешек, азық-түлік, ең қажетті тұрмыстық заттар берілді, негізінен қиыншылыққа тап болған жандарды жабылып жұмысқа тұрғызып, мұқтаждықтан арылуға ықпалдасуды көздейміз. Малотимофеевкада өртеніп кеткен үйді қалпына келтіруге ат салыстық, Сороковая бекетінде тұратын мұқтаж отбасына баспана салынды. Қарағанды және Ақтөбе қалаларының әкімдерінің қатысуымен қайырымдылық астары берілді, Шымкенттің әкімінің қолдауымен 1050 адамға ауызашар жасалса, Астанамызда «Хазрет Сұлтан» мешітінде 250 адамға ауызашар берілді.
- Жүректерге жол тауып, қажетін ашу, еш қайтарымсыз қайырымды іс жасау жалпы жай шаруа емес, шаршамайсыздар ма?
- Ешбір дауыл сындыра алмайтын сенім мен ниет керек. Көпшілігі парақшамызды көріп, бәрі оңай, сұрағанымыз алдымызда дайын тұр деп ойлайтын шығар. Бірақ клубымыздың әрбір белсенді мүшесінің жымиған күлкісі нені жасыратынын біреу білсе, біреу білмес. Қайырымдылық істе емес, ол жүректе.
-Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Жалпы жоспар көп, ең жақын араға меңзелген меже – бұл еліміздің барлық қалаларында клуб филиалдарын ашу. Қайырлы іс жасау – бұл жарнама емес, ақылы қызмет емес, танымал болудың амалы емес, күнкөрістің айласы емес – бұл жүректің қалауы. Адамның екі қолы бар, біреуі – өзіңді жарылқау үшін, екіншісі – өзгеге көмектесу үшін.
- Еріктілер атқаратын қызметке көпшілік сенімсіздікпен қарайды. Кейде шын мәнінде мұқтаж адамдардың атын пайдаланып, алаяқтар түрлі құйтырқыға салып жатады. Қандай қиыншылықтар кездеседі?
Бізде еріктілер қызметі және қайырымдылық ақысыз, ашық түрде жүргізіледі. Негізінен қайырымдылық көмек халықтың әлеуметтік осал топтарына, аз қамтылған және күнкөріс деңгейі төмен отбасының балаларына, жалғыз басты аналар мен қарттарға, ауыр науқасқа шалдыққан және мүгедек балалы отбасыларға, қиын жағдайға тап болған тұлғаларға тегін көрсетіледі. Қаңғырып қалған ит-мысықтарға дейін көмекке мұқтаж. Клуб азық-түлік пен киім-кешек жеткізеді. Тікелей қаражат жинаумен айналыспаймыз, шотымыз да жоқ біздің. Әр ерікті бір немесе бірнеше отбасын, жекелеген тұлғаларды өз бақылауына алады. Интернеттегі парақшамыз арқылы жарты әлемге жар салып, көмек қажет деп жариялаудың алдында еріктілер тексереді: көрсетілген мекен-жайға барып, жай-күйді көзімен көреді. Содан кейін берілетін көмектің, азық-түлік пен киім-кешектің көлемі анықталады. Атқарылған қызмет, әр көмек тікелей және ашық түрде көрсетіледі. Жұмысымыздың осындай ашықтығы, жасырын тұстарының болмауы біздің еріктілер қатарын арттырған бірден бір критерий деп санаймын.
Қайырымдылық жәрмеңкелері мен акцияларын ұйымдастырып отырамыз, түскен тиын-тебенді бірден мақсатына орай жұмсаймыз. Клубтың киім-кешек пен азық-түлік жинайтын орындары бар, оған қолы ашық қайырымдылар қант пен шай, ұн мен жарма, кәмпит, киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар, жөргектер, көрпе-жастық пен төсек-орындар, тұрмыстық химия өнімдерін тапсырып жатады. Тіпті жиһаз да әкеліп тұрады. Көмек бізден тікелей тұтынушыға жеткізіледі. Алаяқтық қауіпін осылай азайтамыз.
Ашықтық пен адалдық, өзгенің өмірін өзгертуге тырнақтай болса да үлес қосуға құлшыныс көп кедергіні жеңеді.
Жарлының байығаны бір тойғаны дей ме... Қап-қап киім-кешек, тәтті-дәмділер, дәмі тіліңді үйіретін тамақ, ойыншықтар балаларға табысталған кезде көзіңнің жасы ытқып шығады. Мұқтаж, күн көріс деңгейі төмен отбасының, картопты мерекеде ғана жейтін, кейбір жеміс-жидектің иісін білмейтін бала-шаға тұрмақ, ересектердің жүздері нұрланып, жымиғанын көргенде... (көзі жасаурап). Сол кезде жүрегің шымыр ете қалады. Қос қолың барда қамқорлық жасауды, қайырымды қызмет көрсетуді тоқтатпаған жөн.
Динара (астаналық қайырымдылар клубының үйлестірушісі):
Қиыншылық күн сайын кездеседі. Жиі естиміз: бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған қарттарға көмектескенше, бала-шағаға жәрдемдеспейсіңдер ме?! Жан-жануарды қайтесіңдер?! Ит-мысыққа көмектескені несі?! Десек те, біз өз соқпағымызбен жүріп келеміз. Бәріне бірдей ұнай алмаспыз, бірақ, тобымыздағы әрбір адам өз мүмкіндігін қоғам үшін барынша тиімді пайдалануда: жоқ-жарым жандардың шашын қияды, мысықтарды емдейді, жалғыз басты қарттардың үйін жуып-шайып шығады, тұрмысы төмен отбасы балаларын киноға апарады, жіпке моншақ теріп, қажеттілікті ашады немесе қуаты кеткен қарияның күл-қоқысын шығарып, ауласын тазартады. Біз бұл үшін қошемет күтпейміз, әркім қолынан келген қайырлы ісін қылып жүр.
Сұхбаттасқан Жаннат Манасбайқызы