«Әр әулеттің өзіне тән бір ортақ қасиеттері, ұстанымдары бар. Ес білгелі есімде, біздің отбасымызда оқу, білім алу қашанда ең басты құндылық еді. Мүмкін содан шығар, араласатын ортам да, әріптестерім, достарым да, жаңалыққа құштар болатын» . Бұл елордасында журналист болып еңбек жолын бастаған, бүгінде білім қуып,жаңа өмір белестерін бағындыруға аттанған Жанар Мақсұтқызының жырақта жүріп жазған ой-толғамдары.
Ең алғаш рет Stipendium Hungaricum бағдарламасы туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-да жұмыс істейтін әріптесімнен естідім. Бағдарлама аясында қазақстандық студенттерге жыл сайын 200 грант бөлінеді. Түрлі мамандықтар бойынша Венгрияның көптеген ЖОО-на түсу мүмкіндігіңіз бар. Барлық шарттарымен танысып, мүмкіндігімді саралай келе, неге өзімді сынап көрмеске деген ой келді. Қысқасы, мен үшін бұл өмірімдегі жаңа белес боп көрінді. Өйткені кез-келген нәрсенің өз шарықтау шегі болатындай, соңғы жылдары ізденіс үстінде жүргенім жасырын емес. Үнемі бір нәрсенің жетпей тұратынын сезінетінмін. Оның үстіне, осы журналистика саласына баптап, бағыттап, ең алғаш медиа салаға аяғымды аттап басқанда, маған үміт артып, маман ретінде қалыптасуыма ықпал еткен Базаргүл Сейітжанқызы үнемі: «Қызым, сен шетелде білім алуың керек»,- дейтін. Осы сөз мен үшін тек бата, тілек қана емес, мені қамшылайтын бір тапсырма іспеттес боп тұратын. Міне, сол ұстазымның тілегі қабыл болды, бүгінде 1635 жылы негізі қаланған, әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі- Eotvos Lorand egyetem университетінде білім алудамын.
Осылайша, академиялық ортаға араға бірнеше жыл салып, оралып отырмын. Әрине, үйреншікті тұрмысыңнан бас тартып, туған-туысың, достарыңсыз жаңа елде, жаңадан өмір бастау эмоционалдық тұрғыдан әсер етпей қоймайды. Алғашқы аптада жаңа дүниетаным, өзге мәдениет, тіпті уақыттың ауысуы, жан жағымдағының бәрі менің көңіл-күйіме әсер етіп тұратын. Ондай кезде алға жетелейтін: ғылымға деген қызығушылық, тіл меңгеруге деген құлшыныс, жаңа нәрсені білмекке деген шын талпыныс еді. Әрине, қазақ-венгр қатынастары, тарихи туыстығымыз, тұрмыстық, этнографиялық жақындығымыз туралы бұрын да естіп, білгенім көп болатын. Түркі мәдениетін сақтаған, түркі жұртына тілдік, танымдық тұрғыдан ұқсастығы бар, Еуропа құрлығындағы жалғыз ел ретінде, мені Венгрия қатты қызықтыратын. Бойында көшпенділер рухы бар, ат баптап, құс салған, көкпар тартып, садақ ататын халыққа қалай қызықпассың? Осы грантқа тапсырар алдында ЖОО-на жіберетін мотивациялық хатымда мен дәл осы жайттарды, қығушылығымды алға тарттым. Расында да, сол ортақ тарихи тамырды түпнұсқадан оқып, әлемдік деңгейдегі кітапхана мұрағаттарынан танып, білу менің арманым болатын... Жақында ғана Венгриядағы ҚР Елшілігінің ұйымдастыруымен, Будапешттен екі жүз шақырым жердегі Карцаг қаласына барудың сәті түсті. Дьорфи Иштван атындағы этнографиялық музейде болып, венгр кундары, яғни қыпшақ ұрпағының көне өркениетімен таныстым. Кезінде қыпшақтар қоныстанған жер қазір Үлкен және Кіші Кумания деп аталады екен. Алғашында қыпшақтар тегін сақтап қалу үшін тек өз ішінен қыз алып, қыз беріскен. Алайда уақыт өте келе, жергілікті халықпен ассимиляцияға ұшырап, тілінен айырылған. Бірақ Венгрияда жер-су атауларының түркілік негізі қазірге дейін жиі кездеседі. Оның бәрін алдағы уақытта ғылыми материалдар негізінде зерттеуімізге мүмкіндік мол. Қазірдің өзінде Венгрияда 350 мыңнан астам қыпшақтардың ұрпағы тұрады екен. Жергілікті халықтың айтуынша, тіпті «Карцаг» қаласының аты кәдімгі дала түлкісі - қарсақтың атауымен байланысты. Атап өтерлігі, Венгрияда қыпшақтанушы ғалымдар жиі өте көп, ал Венгрия Парламентінде тегі қыпшақ депутаттар да бар.
Негізі Қазақстан мен Венгрия арасындағы қатынас егемендік алған тұсымызда басталды. Бұл – Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығының жаңа деңгейге шығуы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды нығайта түсті. Бүгінде мәдени-гуманитарлық бағыттағы шаралар жиі ұйымдастырылады. Будапештте Астана көшесі, Абай ескерткіші бар, Абай оқулары жиі өтеді. Будапешт –тұрғындар саны 2 млн-ға жуық, Дунай жағалауында орналасқан, Венгрияның ең үлкен қаласы. Шаһарды Буда және Пешт деп аталатын екі бөлігін 19 ғасырда саланған аспалы көпір байланыстырады. Тарихи-мәдени орындарға бай қала.
Жалпы,шетелдік оқу орнына түсуді көздейтін жастар ХБО АҚ-на жүгінгені дұрыс деп есептеймін. Өйткені бұл –ҚР БҒМ жанындағы ресми ұйым, тек «Болашақ» бағдарламасы аясында ғана ақпарат беріп қоймайды, сонымен қатар өзге де шетелдік тағылымдамалар, гранттар мен көптеген жобалардың координаторы екенін ескерген жөн. Сондай-ақ орталық бізге Венгриядағы ҚР Елшілігімен, Елші Нұрбах Рүстемов мырзамен кездесу ұйымдастырып, қазақ жастарының басын қосуға ат салысты.
Бүгінде тіл білетін, өзін жан жақты дамытумен айналысатын замандастарымызға мүмкіндік көп. Бірақ «мүмкіндік» дегенді біз тек шетелде оқумен, өзге мемлекетке барып өмір сүрумен байланыстырмауымыз керек. Өйткені Қазақстан өз азаматтарының тұрмысын жақсартуға, білім беру, әлеуметтік мәселелерді шешуге барынша жағдай жасауда. Әрине, көш жүре түзеледі. Ширек ғасыр өтісімен,қорытынды шығару ерте шығар, дегенмен әлемдік интеграциядан көш бастамасақ та, кеш қалып жатпағанымызды мойындау керек. Орталық және Шығыс Еуропадағы туристер саны бойынша көшбасшы ел саналатын Венгрия астанасы Будапешт пен елордамыз Астананы салыстыра келе, өзімнің бас қалам үшін кеудемді мақтаныш кернеді.Әлем қалаларындағы инфрақұрылым, инвестиция, қаланың қолжетімдігін арттыру үшін жасалатын инновациялық жобалар біздің елімізде де қолға алынуда. Қазақстан –ешкімнен кем емес, ал қазақ жастары тіл меңгеруге бейім, еңбекқор, бәсекеге қабілетті. Венгрияның мемлекеттік құрылымдарында жұмыс істейтін, бизнесте жүрген, төрт-бес тілде қатар сөйлейтін замандастарыммен танысқанда, маған осындай ойлар келді. Білімді қару еткен ұрпақ қана дамыған елдердің көшіне ілесуге өз үлесін қоса алады.
Жанар Нұрышева
Eotvos Lorand университеті, Гуманитарлық факультетінің магистранты.