Бұл шаһар жайлы айтқанда, «жер жәннаты- Жетісу» деген тіркес ойыңа оралады. Жан-жағы талмен қоршалған, жасыл желекті қала, қазір Алматы облысының орталығы –Талдықорған жайлы «Шаһарларға саяхат» айдарында кеңінен таныстырмақпыз.
1. Қала тарихынан мәліметтер. Айналасы талмен көмкерілген, Алматыдан 271 километр қашықтықта орналасқан Талдықорған қаласы туралы кездесетін мәліметтерде оның нақты қай жылы іргетасы қаланғаны жайлы бірізді зерттеуге сүйеніп айта алмайсыз.Археологтардың айтуынша, қала маңына жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйектері табылған.Ал ресми ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, бұл жерде 1869 жылы Гавриловка селосы бой көтерген. 1920 жылы қала атауы Талды-Қорған болып өзгертіліп, қала мәртебесін 1944 жылы ғана алған.
2. Қаланың даму кезеңдері. Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Гавриловка селосында 586 үй, 4600 тұрғын болған және 1 шіркеу, 1 мұсылмандар намаз оқитын үй, ауылдық басқарма, 6 ұстахана болыпты.1944ж. наурыз айында Талды-Қорған облысы құрылып, Талды-Қорған қаласы оның орталығы болды. Жаңа облыс орталығында 2 бастауыш, 2 жеті жылдық, 1 орта мектеп, 1 мәдениет үйі, 1 кинотеатр, 4 шағын сауда дүкені, 1 асхана, 1 аурухана, 50 орындық балабақша болған.
3. Жас ұрпақ жадында сақтайтын тұлғалар. Балпық би Дербісәліұлы, Ескелді би Жылгелдіұлы, Қарасай Алтынайұлы, Наурызбай Құтпанбетұлы, Сара Тастанбекқызы, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Тезек төре және Бөлтірік шешен, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ілияс Жансүгіров, актер Ыдырыс Ноғайбаев, елге танымал композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Құдыс Қожамияров, т.б. танымал тұлғалар дүниеге келген.
4. Шаһардағы білім мен мәдениет орындары. Білім, мәдениет, туризм орталығы және халықаралық, өңіраралық өндірістік-қызмет көрсету орталығы ретінде аса тартымды қала. Қалада 4 жоғарғы оқу орны, 12 орта кәсіби білім мекемелері, 25 жалпы білім беру мекемелері жұмыс жасайды. Сондай-ақ, қалада драма театры, филармония, мұражайлар, мәдениет және демалыс парктері, кітапханалар мен кинотеатрлар, стадиондар, спорт кешені, аквапарк және ипподром бар.
5. Қала сәулеті мен ескерткіштері.Шаһарда «Үш ата» ескерткіші скульптуралық композициясымен ерекшеленеді. Сонау XVII-XVIII ғасыр аралығында өмір сүрген, жоңғарларға қарсы күресте ерлік пен елдіктің ерен үлгісін танытқан Ескелді би, Балпық би және Қабылиса жыраудай тарихи тұлғалардың,тәуелсіздік көшесінде баһадүр батыр Қаракерей Қабанбайға қойылған ескерткіш те қалалықтардың асқақ рухын көтерсе, күй падишасы Нұрғиса мен жыр сүлейі Сүйінбай, ақын Сара ескерткіштері де келген меймандардың арнайы барып гүл шоқтарын қойып,өткенге тағзым жасайтын сүйікті орындары.
6. Қаланың көлік әлеуеті. Талдықорған қаласынан Астана қаласына дейін қашықтық 758 км, Алматы қаласына дейінгі 279 км. Орталық Азия, Ресей мемлекеттеріне шығуға мүмкіндік беретін әуежай, теміржол станциясы бар. Жалпы мемлекеттік және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары тораптарының жүйесі арқасында қала Қазақстанның басқа да қалаларымен, Орталық Азиямен, Ресеймен және Қытаймен байланысып жатыр.
7. Қаланың әлеуметтік инфрақұрылымы. Шаһар тұрғындары үшін С.Сейфуллин атындағы қалалық кітапхана, қалалық балалар кітапханасы, В.Маяковский атындағы кітапхана, М. Тынышпаев атындағы өлкетану музейі, І. Жансүгіровтің әдеби музейі, І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайы, 7 халықтық көркемөнерпаздар ұжымы қызмет көрсетеді.
Қала жайлы деректерді ашық ақпарат көздерінен жинақтаған: Раушан Бекмырзақызы.