«Шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін,қасиет дарыған, алып денелі батыр болған» , деп аңызда айтылған Үкаш атаның кесенесіне бүкіл түркі жұрты келіп мінәжат етуінің сыры неде, жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген Үкаш ата кесенесі қай облыста орналасқандығы жайлы толығырақ «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Түркістан қаласынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде Бабайқорған ауылдық округының солтүстігінде орналасқан. Үкаш сахаба біздің даламызға ислам дінін алғаш алып келген тарихи тұлға.
«Үкаш ата» туралы халық арасында аңыз-әфсаналар аз емес. Есімін Укаша ата деп те атайды. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) сақабасы, соңғы пайғамбар әулетінен шыққан, мұcылмандардың әскери қолбасшысы ретінде кеңінен тараған. Аңыз бойынша, Үкаш ата шапса қылыш өтпейтін, атса оқ өтпейтін, қасиет дарыған, алып денелі батыр болған. Қазақ шежіресінің бастауында тұратын Әнес сахабалармен бір қатарда тұрады. Үкаш атаның пайғамбарымыздың сахабасы болумен қатар шығу тегіне байланысты құнды мәлімет бар. Оның шығу тегі түркі екендігін көрсетеді. Кеңес үкіметі орнап, қазақ әліпбиі кириллицаға көшкенге дейін ел бұл кісіні Ғакаша дейтін болған.
Тарихшы Мұхтар Қожа Үкаш ата туралы мынандай деректер айтады: «Үкаш атаны жау жеңе алмаған, ешбір пенденің оғы өтпейді, қылышы кеспейді екен. Жаулары айла жасап, оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаш ата тек таң намазын оқыған кезде қорғансыз болады екен. Оны білген кәпірлер атаның таң намазын оқып отырған кезде келіп басын қылышпен шауыпты. Жансыз басты періштелер домалатып қырдың етегіне жеткізіпті. Сол жер қақ айырылып құдық болып, Үкаш ата басы оған түсіп жерасты өзен арқылы Мұхаммед пайғамбарға жетіпті. Сахабаның қаны тамған жердің бетіне саздан ұзындығы 21 м белгі соғылған.
Зияратқа барғандарға әулиенің шырақшылары Үкаш атаның басы домалап түскен құдықты, атаның түйесінің ізі қалған тасты көрсетеді. Зияратшылар осы құдыққа кезекпен шелек салып су алуға әрекет етеді. Су біреулерге беріледі, біреулерге қанша мәрте шелек салғанымен, бір тамшы су ілінбейтіні бар. Мұны шелек тастап отырған адамның күнәсіне балап түсіндіреді», – дейді. Қасиетті саналатын құдық суы жерасты арқылы Меккедегі Зәмзәм бұлағымен байланысады деген түсінік бар.
Әулиелік қасиет адамзаттың рухын тазартса, ақ бұлақтар адамзаттың шөлін қандырып, тәнін тазартады. Үкаш ата құдығының басында киіз үй тәріздес кішігірім құрылыс тұрғызылған. Құдықтың тереңдігі 22-25 метр.
Осы құдықтың басында барша мұсылман жамағаты Алладан тілек тілеп, күнәларынан арылуға зияратқа ағылып келіп жатады. Мұнда келген әрбір адам бірінші Үкаш атаның қабірі орналасқан кесенеге кіріп құран оқиды. Онан кейін барып тау басындағы құдыққа барып су алады. Кереметке толы құдық пен сахабаның қабірі жатқан кесене жайлы аңыз-әфсана бұрнағы уақытта жыр-дастандар арқылы кеңінен таралды.
Пайғамбар сахабасы Али р.ғ. Мұхаммед пайғамбардың алдында жүретін қорғаушысы болса, Үкаш ата оның арқа тұсында жүретін оққағары болған. Мұхаммед с.ғ.с. өмірден өтер сәтінде: «Кімде-кім Үкаштың жүзіне қараса, сол адамға тозақ оты харам болады» дегенді айтады.
Үкаштың басын қылыш кескен кезде 23 метрдей жерге қаны шашырайды. Мүбарак әулиенің қасиетті қаны аяқ асты болмасын деген ниетпен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп, қабірге айналдырылған. Қазіргі таңда бүкіл түркі жұрты мінәжат қылып, тәуәп жасайтын зиярат орнына айналған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен.