Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының шығармашылық ұжымы елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына бірегей гастрольдік бағдарлама ұсынбақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 тамыз күні «Астана Операның» Үлкен залында Максим Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» мюзиклі қойылса, 24 тамыз күні Имре Кальманның «Баядера» опереттасы сахналанбақ.
Қарағандылық театр репертуарындағы 2018 жылдың қазан айында тұсауы кесілген жаңа спектакльдерінің бірі – М.Дунаевскийдің «Алқызыл желкендер» қойылымы. Туындының негізгі идеясы – әр адамның жақыны үшін ғажап дүниелер жасай алатындығы туралы берік сенім мен асқақ арман.
Александр Гринның аттас хикаятының желісімен М.Бартенев пен А.Усачев либретто жазған. Қоюшы режиссері – «Золотая маска», «Жыл адамы», «Мельпомена», «Жыл әні» сыйлықтарының иегері Сусанна Цирюк (Санкт-Петербор, Ресей), музыкалық жетекшісі – Жанна Шестакова, бас хормейстері – «Құрмет» орденінің кавалері Татьяна Штыкова.
Елена Езерскаяның либреттосы желісімен И.Кальманның «Баядера» классикалық опереттасының қойылымы оқиғалар желісінің ерекше әрі жарқын ұсынылуымен өзгешеленеді. Венгр композиторының тамаша әуендері тыңдармандарды сырға толы шығыс әлеміне жетелейді, мұнда жүрек екпіні ақыл-естің әмірімен, қоршаған ортаның күнделікті тіршілігімен, сіңіп қалған дәстүрлермен шиеленіске түседі.
Спектакльдің музыкалық жетекшісі әрі дирижері – Валентин Богданов, режиссері – Людмила Налетова (Мәскеу, Ресей), бас хормейстері – Татьяна Штыкова.
Спектакльдер 18.00-де басталады.