Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қазақ тілінің заманауи талаптарға сай қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы қолданыс аясын жандандыру, елдік қасиеттер мен отбасылық құндылықтарды, ұлттық тәлім-тәрбие нәрін ана тілі арқылы отандастарымыздың санасына сіңіру мақсатында «Ана тілім – ардағым!» атты рухани-тағылымды кешін ұйымдастырды.
Кеш аясында мемлекеттік тілдің саяси-әлеуметтік өмір ағысындағы қазіргі бағыты мен келешектегі даму өрісі бағамдалып, отбасынан бастап құзырлы мемлекеттік мекемелерде қолданылуының түйткілді мәселелері екшеленді. Бүгінгі жаҺандану дәуіріндегі қазақи болмыс пен ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ана тілінің маңызы байыпталып, ел азаматтарының осынау келелі істердегі жауапкершілігі ой талқысына салынды.
Ұлттық ұйысу мен халықтар достығын нығайтудағы қазақ тілінің тұғыры туралы пікірлер ортаға салынды. Тіл мәдениеті, тіл тазалығы, тіл үйлесімінің түйінді тақырыптары, тәлімдік мәселелері сараланды. Қазақ тілінің қазіргі заманауи технологиялық үрдістер жүйесіндегі тұғыры бажайланды.
Рухани іс-шараның шымылдығын «Қорқыт» ансамблі «Көрғұлы», «Аманат» күйлерімен ашып берді. Әрімен қарай Қаллеки театрының жас актерлары Ғұмар Қараш, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлерінің қазақ тілі жайлы айтылған сөздерінің жиынтығы ретінде «Тіл-аманат» монологын сахналады. Айтыскер ақын Бек Шымат жиналған көпшілікке ана тіліміз жайлы арнауын айтты.
Қазақ тілінің қажеттілігі және оның алғышарттары жайлы Сұлтан Оразалин мен Дихан Қамзабек сынды белгілі филолог ғалымдардың пікірі жазылған бейнекөрініс көрсетілді. Талантты әнші Мөлдір Әуелбекова «Туған ел», «Халқым- ай» әндерін орындап көпшіліктің көңілінен шықты.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, кино және театр актеры Болат Ыбыраев кішкентай бүлдіршіндермен бірге «Ұрпақ тілі – ұлттың болашағы» сахналық қойылымын көрсетті. «Тілге қызмет» бейнекөрінісі арқылы «Руханият» орталығының ана тілінің мәртебесін арттыру бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары таныстырылды. Артынша осы «Руханият» орталығы Елорда көшелері туралы халықтың ақпараттық танымын арттыру мақсатында өткізіп жатқан «Менің көшем» жобасына белсене қатысып, сұрақтарға дұрыс жауап бере отырып, көше атауларының тарихи мәнін ашуға атсалысқан қала тұрғындарына, Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев алғыс хат пен сыйлықтар табыстады.
Шараның соңын әнші Ибрагим Ескендір «Қазақты көргім келеді», «Менің тілім» әндерімен аяқтады. Тағылымды шараның тізгінін ұстаған белгілі ақын Қалқаман Сарин салмақты сөздерімен халыққа мол ақпарат жеткізіп, жүргізушілік қызметін жоғары деңгейде атқарды.
Еркебұлан Ерболатұлы
"Руханият " орталығының идеологиялық жұмыстар бөлімінің басшысы.