Тараз – ерте ортағасырда осы өңірде құрылған бірнеше қағанаттың: Батыс Түркі, Қарахан, т.б. империяларының саяси астанасы болып, Ұлы Жібек жолы бойындағы өркениеті мен мәдениеті дамыған, сауда мен қолөнер, ғылым мен білімнің орталығына айналған қала. Ежелгі Тараз қаласы жайлы не білеміз? Өз атауын бірнеше рет өзгерткен қала жайлы мәліметтермен «Көне дүние күмбірі» айдарынан таныса аласыздар.
Ежелгі Тараз қаласы – б.д.д 100 жылдықта Талас өзені бойында бой көтерген, тарихтың даму барысында өзіндік ерекшелігі бар көне қалалардың бірі. Ортағасырлық Тараз қаласы Қазақстан тарихындағы ірі саяси, мәдени, сауда, әкімшілік орталығы болған.
Тараз – үлкен руханият орталығы, тарихы бай, жері құнарлы, табиғаты көркем қала. Халықаралық деңгейде 2000 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өткен айтулы қала бастауын ғасырлар қойнауынан алып (б.д.д. 100 ж.) осы күнге дейін ірі орталық ретінде өз тіршілігін жалғастыруда. Неше түрлі ортағасырлық ғалымдар, саяхатшылар көркіне көз тоймай сипаттап өткен қала ірі сауда, қолөнер, ғылым мен мәдениет орталығы болған.
Қала өзінің 2100 жылдық тарихында: Далоос, Далосэ, Тараз, Янги-Тараз, Әулие Ата, Мирзоян, Жамбыл, Тараз деп атауларын бірнеше мәрте өзгертті. Бұл қала жайлы жазылған ең алғашқы мәліметтер IV ғасырдың аяғына (568 жыл) жататын византиялық жазбаларда кездеседі. Орта ғасырдағы ірі қалалардың бірі Византия императоры ІІ Юстинианның Шығыс бөлігінің әскербасы Земарх бастаған елшілерді түркілер қағаны Дизабулдың ордасына аттандырды. Византия тарихшысы Менандрдың суреттеуі бойынша, Земарх сапар барысында Тараз қаласында және сол қалаға жақын бір жерде үлкен мемлекеттің әміршісі, Түрік қағанының ордасында қабылдауда болды. Кейіннен Тараз (Талас) туралы ортағасырлық географ, тарихшы, саяхатшылардың бәрі дерлік жазады. Бұған таң қалуға болмайды, өйткені қаланың орналасқан жері Ұлы Жібек жолындағы маңызды орындардың бірі еді. Сондықтан да авторлар Тараз жайлы жазған кезде ең алдымен оның сауда саласындағы маңызы туралы айтады. Тараз қаласы транзиттік ірі сауда орталығы болғандықтан, деректемелерде «мұсылмандардың түріктермен сауда жасайтын орны» және «көпестер қаласы» деп жазылады.
Одан кейін 630 жылы қалаға келген қытайлық монах Сюань Цзян: «Таразда әр түрлі елдердің көпестері тұрады», – деп суреттейді. Ал ІХ ғ. бірінші жартысында өмір сүрген ортағасырлық математик және географ Мұхаммед ибн Мұса әл-Хорезми «Китаб сурат ал-ард» атты шығармасында: «Тараз – бұл көпестер қаласы» деп жазған.
Араб саяхатшысы Абу-Қасым ибн Хаукаль «Тараз – мұсылман түріктердің сауда жасайтын орны, одан ары ешбір мұсылман бармайды, себебі оның шекарасынан кім өтсе, қарлұқтардың шатырына (қонысына) тап болады» деп жазады. Арабтың көрнекті географы Мұхаммед ибн Ахмед әл-Макдиси «Тараз – үлкен бекіністі қала, көптеген бақтары бар, тығыз қоныстанған, ор, төрт қақпасы бар және рабад орналасқан. Қаланың аймағында 200-ден астам қалалар мен қыстақ-кенттер орналасқан. Ал қала ішінде сауда жасап тұрған дүңгіршектер, іші қайнаған базар, оның бір жағында мешіті, медреселері, қолөнершілердің шеберханалары, абыр-сабыр, ары-бері жүрген адамдардан көзің талады», – деп сипаттайды. Махмұд Қашғари: «Диуани лұғат-ат-түрік» атты еңбегінде «Талас – Тараз атауымен белгілі қала. Олар екеу: оның бірі – Ұлығ Талас, яғни үлкен, екіншісі ислам шекарасында – Куми Талас» деп жазады.
Тараз ерте замандардан-ақ көптеген елдердің назарын өзіне аударып, озық мәдениетімен, үлкен сауда орталығы екендігімен қызықтырған. Тараз өлкесіне қатысты тарихи мәліметтер мен көне аңыздар өте көп. «Тараздың солтүстік батысындағы Бөріқазған және Тәңіріқазған үңгірлерін қазіргі ғылым адамдар қауымдастығының алғашқы тас дәуіріндегі мекені деп таныды», – деп жазады профессор Жанғара Дәдебаев.
Тараз сырттан келген адамдардың назарын бай тарихымен, көркем табиғатымен, қонақжай халқымен, әдеби-мәдени мұраларымен баурап, ұлт руханиятының ғажайып ғаламаттарымен де назар аудартқан айшықты да әсем қала болған. Тараз өңірі мен оның тамаша адамдарын бұдан мың жыл бұрын, онан кейінірек өмір сүрген небір шайыр ақындар өздерінің жырларына арқау еткен. Тараз сұлулары жайында парсы ақындары тамсанып қызықтаған, мадақтаған жыр жолдары бізге жеткен.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.