С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлектері Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты «Шахтерское» ЖШС-ке барып, шаруа қожалығымен танысып қайтты,-деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінен.
Жастар диплом алған соң ауыл шаруашылығы маманы ретінде ауылға барып қызмет етпек.
Кәсіпорын түлектерді шаруа қожалығына ауыл шаруашылығы саласына еңбек етуге шақырып отыр.
Шахтерское ауылында жұмыс істеуге ниет білдірген мамандар баспанамен қамтылып, алдағы 5 жыл бойы ауылдық жерде еңбек ететін болады.
Жастарды шаруа қожалығы басшылары өздері күтіп алды. Сонан соң бірден ауыл мақтанышына айналған жүзу бассейнін аралап көрді.
Қолданысқа берілгеніне бір жылға да жетпеген бұл нысан мамандардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік бермек.
Мұнан соң ЖШС директорының орынбасары Виталий Проков студенттерді «Шахтер» ауылындағы спорт кешенімен таныстырды.
- Осы жерде жаттыққан ойыншылар облыста алдынғы қатарда. Өзім Алматыдан арнайы келіп жұмыс істеп жатырмын. Жас мамандарға жағдай жасалған, - дейді спорт кешенінің бас жаттықтырушысы.
Айтпақшы, ауылда ашық мұз айдыны да бар. Виталий Проковтың айтуына қарағанда алдағы жылдары жабық хоккей корты да салынбақшы.
Виталий Георгиевич өзі жүріп студенттерді ауылмен толықтай таныстырып шықты.
Мектеп, балабақша, дәрігер бөлімшесі, әкімшілік барлығы жаңа ғимаратқа көшірілген.
Ауылда барлығы 1100-ден астам тұрғын бар. Елді мекен Астанадан 120 шақырым жер. Аудан орталығы Нұра кенті ауылдан не бары 25-30 шақырым жерде. Ал Қарағанды қаласы болса ауылдан 200 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ауылға келем деген жас маман жаңа салынған ыңғайлы баспанамен қамтылмақ. Сондай-ақ, жас мамандарға берілетін жалақы да көңіл қуантарлық. Ең төменгі жалақы – 120 мыңнан басталады,бір реттік 2 млн теңге көлемінде көтерме ақы да тағайындалған.
Әрине, ауыл басшылығы мен шаруашылық қожайындарының талабы да жоқ емес. Әуелі қызметке орналасып көмекақыға қол жеткізген маман осы ауылда кем дегенде 5 жыл тұруы керек. Және мамандығы бойынша шаруашылық ұсынған жұмысты атқаруы тиіс. 5 жылдан соң басқа жаққа қоныс аударуға хақы бар.Тек көшетін болса, берілген баспананы шаруашылыққа өткізіп кету міндетті.
Шаруашылық негізінен егіншілікпен айналысады. Соңғы 2-3 жылдан бері картоп егу қолға алынған.
Шаруашылыққа негізі экономистер, агрономдар, энергетиктер керек. Ал С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетін жылына мыңнан астам маман бітіріп шығады.
ҚазАТУ-дан шаруашылыққа келуге ниет білдірген 12 студент бар. Георгий Проков олармен жеке-жеке сөйлесіп, кімге қандай міндет жүктейтінін, шаруашылықтың жалпы жағдайын таныстырды. Өзіне қандай мамандар керек екенін айтты.
«Мен Астананың өзінде туып-өстім. Сіздерше айтқанда «асфальттің баласымын». Бірақ ауылдың тіршілігін көргім келеді. Ата-анам да бұл ойымды құптады. Мамандығым – энергетик. «Шахтерское» ЖШС-ке энергетик керек деген соң келгенмін. Басшымен сөйлестік. Алдағы уақытта нақты шешімін айтады», - дейді 4 курс студенті Ілияс Қабылдинов.
Жас мамандар ауылды аралап, тіршілігіне қанық болған «Шахтерское» ЖШС-не зор сеніммен қуана жұмысқа келетіндіктерін айтып отыр.