Қай заманда болсын қазақтың сахарадай кең даласында өзінің бар жиған-терген дәулетін жастығының астына басып қалмай, оның қомақты бөлігін еліне қайрымдылық жасауға, өз уақытының топ жарған нағыз таланттары мен өнердің шын тарландарын қолдауға жұмсауға, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге арнаған, сонысымен есімдері тарихта мәңгілік қалған азаматтары болған. Бүгінгі «Қайырлы іс» айдарында осындай Арқаға есімі белгілі меценат Бекзат Қомарұлының өңірде өзгелерге үлгі болатын игілікті істері жайлы сыр шертіледі.
Біз өзіміз сөз етіп отырғандай, жүрегіне жомарттық ұя салған, қолы ашық, санасы сергек бабаларымыз мәңгі жасайтын рухани байлықтың бағасы өзге дүниеден әлдеқайда басым екенін о бастан-ақ терең түсіне білгені айғақ. Бұл ретте көнеден күні бүгінге дейін жалғасын үзбеген, осы дәстүрді бұдан әрі дамытып, қазақ өнерінің жандана түсуіне атсалысып жүрген замандасымыз Бекзат Алтынбековті бүгінгі заманның нағыз Атымтай Жомарты деп атасақ еш қателеспейтін секілдіміз. Өйткені, Бекзат Қомарұлының ұлттық өнерге жанашырлықтың өңірлердегі өнегелі үлгісін танытуына, нағыз тарландар мен жас таланттарға демеушілік көрсетіп, шаршадым деп шашырамай, жалғызбын деп жүдемей де жадамай келе жатқанына биыл тура 15 жыл толып отыр екен. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Жезқазған қаласының тұрғыны бүгінде меценат атанып отырған абыройлы да абзал азамат бұған дейін де жүзден жүйрік шыққан өнер, мәдениет және білім мен ақпарат саласының үздіктеріне арналған арнайы марапаттары мен сыйлықтарын өздері тұратын аймақтарға барып, әрқайсына жеке-жеке тапсырып келген болса, биыл өнер майталмандарына арналған «Тұлға» сыйлығын тапсыру үшін номинанттардың барлығын Жезқазған қаласында бір дастарханға жинап, олардың басын осындағы «Халықтар Достығы мен мәдениет үйі» ғимаратында қосты. Қазақи дәстүріміздің қаймағын бұзбаған, жез аталатын ұлттық байлығымызды жерінің бетіне шығарып отырған қасиетті мекен, жазиралы Жезқазған қаласындағы меценат Бекзат Қомарұлы Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығын табыстау салтанаты, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуы мен ел газеті «Егемен Қазақстанның» шығуының 100 жылдық мерейтойларына арналған маңызды шараларды өткізуден басталды. Өзі ұйымдастырушы, өзі жетекші Бекзат Қомарұлы қазақтың бір туар ақыны С.Сейфуллин мен «Егемен Қазақстан» газетіне қатысты айтылған шараларға үлкен мән беріп, қоғам үшін маңызды атауларды алға тартып өткізуінің өзінен-ақ, оның бойынан үлкен біліктілік пен нағыз бекзаттықтың белгісі жатқанын аңғару қиын болмады. Болсаң, осындай бол дедік біз де. Батыр пішінді, әрі бек тектес ірі тұлғасынан адамгершілік пен ізгіліктің нұры сезіліп тұратын Бекзат Қомарұлы шараға шақырылған қонақтарды алып, Жезқазған қаласындағы №8-ші мектеп-гимназияға келді.
Жарыққа шыға бастағанына ғасыр толып отырған бүгінгі «Егемен Қазақстан» сонау 1919 жылдың 17 желтоқсанында сол кездегі қазақ астанасы Орынборда «Ұшқын» деген атпен оқырманға жол тартқан екен. Бүгінгі егемендігіміздің жарқын куәсіне айналған басылымға өткен ғасырдың қырқыншы жылдарына дейін Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов, Жанайдар Сәдуақасов сынды ұлт қайраткерлері жетекшілік еткен. «Тұлға» сыйлығын тапсыру салтанатына орайластыра өткізілген осынау кездесуде мектеп оқушылары газет тарихынан сыр шертетін түрлі сахналық қойылымдар көрсетті. Газеттің әр жылдарғы қилы тағдырынан көрініс беретін қойылымдарды мектептің әуесқой әртістері дайындады деген аты ғана болмаса, қараған адамның жанын тебірентіп, ғасырлардың тылсым түкпіріне жетелегендей күйге түсірген оқиғалардың нақышына келтіре орындалғанына ерекше мән беріп айтқымыз келеді. Іс-шара барысында елордамызда Егемен Қазақстан газетінің 100 жылдық тарихына орай символдық тәртіп ретінде 100 көшеттің отырғызылғаны туралы да айтылды. Бұл бастама еліміздің барлық өңірлерінде жалғасын тауып жатса құба құп болар еді.
Шын мәнінде меценат Бекзат Қомарұлы тағайындаған «Тұлға» сыйлығын табыстауға арналған шара «Қайырымдылық керуені» жыл жобасының Жезқазған жерінде жүзеге асқан күні болды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» демекші, Қарағанды облыстық мәслихат депутаты, меценат Бекзат Қомарұлы халық ішіндегі сәл де болса қамқорлыққа зәру жандарға қолдан келетін жәрдемді берудің өзгелерге үлгі боларлықтай озық үлгісін көрсете білді. Бұл, республикаға есімі белгілі арда азаматтың жасап отырған жалғыз акциясы емес екен. Ол бұған дейін де «Сарқыт», «Сыбаға», «Асар», «Шашу», «Қамқор», «Ерулік», «Тоқымқағар», «Жылу», «Көрімдік» сияқты халқымыздың салт-дәстүрлерін насихаттайтын және бүгінгі ұрпақтың жадында сақталып, рухани жаңғыруына жол ашатын бірқатар шаралардың өткізілуіне қолдау көрсетіпті. Ал қазан айында қазақтың асыл сөз маржандарының бастауы - бата беру дәстүріне арналған шаралардың жұртшылық назарына ұсынылуына жол бастап жүрген жайсаң жан екендігіне тағы көз жеткіздік. Бата беру күніне орай ұйымдастырылған шара барысында еліміздің демографиясына үлестерін қосып, 9 баланы өмірге әкеліп, қоғамға шаттық сыйлаған оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» жақсы тәрбиенің үлгісін көрсетіп жүрген, 26 жасында күміс алқа, 28 жасында алтын алқаға ие болған арқаның аяулы анасы Әсел мен абзал әке атанған Ерболат Ахметовтер отбасы арнайы шақырылыпты. Өмірге ұрпақ әкелумен қатар, оларды бағбандай баптап өсірумен айналысып келе жатқан, өздерінің саналы ғұмырыын және бары мен арын ұрпақ болашағына арнаған ардақты ата мен анаға жұртшылық алдында зор құрмет көрсетіліп, Бекзат Қомарұлы тарапынан ақшалай және қымбат бағалы заттай сыйлықтар табыс етілді. «Мейірімділікпен бірлікке!» ұранды игі іс-шараның беташар құттықтауында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының орынбасары, Ерболат Тілекқабылұлы мен «Орталық Қазақстан» басылымының директоры және бас редакторы Қамбар Жұмағалиұлы халық санының көбеюуіне өзіндік үлесін қосумен қатар, келешекте жақсы азаматтар тәрбиелеп шығару жолындағы есепсіз еңбектері үшін, қос ата-анаға зор алғыстарын жеткізді. Қайырымдылық- халқымыздың қанына сіңген ең ізгі қасиеттердің бірі десек, көпбалалы отбасыларға жанашыр қамқоршы болу, ондай отбасыларға аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол игі іс екендігін айтқан Бекзат Қомарұлы, өзінің де көп балалы отбасынан шыққандығын, сондықтан да «сұрамаса сезбейтін емес», реті келіп тұрса жанындағы жағдайды жақсартуды қажет ететін адамдарға көмек қолын соза беретінін толғана тұрып жеткізді. Бізге бұл сөз серттей естілмесе де, серттен кем еместей әсерге бөледі. Қазақ қашанда «Батаменен ел көгерер..» деген. Ендеше, меценат Бекзат Алтынбековтің қолдауымен Жезқазған қаласында өткен қайырымдылық пен қамқорлықтың, жомарттық пен жақсылықтың нұры төгілген тамаша шараның үзілмеуін Алладан тілеген елдің абыз ақсақалы, ардагер Мұзараф атай ақ батасын берді.
Меценат Бекзат Қомарұлы Алтынбеков тағайындаған «Тұлға» сыйлығын табыстау салтанатының шырқау шегі қала орталығындағы алып сарай «Халықтар Достығы мен мәдениет үйінде» жалғасты. Енді, күн күлкі, түн ұйқысын жоғалтып, ұлт болашағы үшін үлкен іске бел шеше кіріскен аптал азамат Бекзат Алтынбеков тағайындаған сыйлықтың нағыз иегерлері кім болғанына келейік.
Жақсылықты күткен жұртшылықтың сілтідей тына қалған сәтін оңтайлы пайдаланған жүргізуші жұп сыйлық таратуды алдымен қазақ халқының саяси-әлеуметтік, мәдени және рухани байлығын кемелдендіру жолында мәңгі өшпестей із қалдырған, халқымыздың аяулы ұлы, ұлт ұстазы, алаш көсемі «Әлихан Бөкейханов» атындағы екінші атаулы сыйлықты «Сарыарқа» газетінің директоры-бас редакторы, публицист Дархан Қабылдашұлы «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, көркем сөз шебері ақын әрі журналист Хамит Есмахан мырзаға қалың жұртшылықтың үздіксіз қол соққан нөсерлі қол шапалағы құрметімен қоса табыс етті.
Бекзат Қомарұлының ұстаздықтың кие саналған заманынан бергі келе жатқан барлық қайырымдылықты түгендеуге арналған айтулы
«Қ. Шыңғысов атындағы» оқу ісінің үздігі, «А.Асанов»,құрметті теміржолшы атанған «Қ.Бекмағамбетов», сонымен қатар «Шабал Бейсенбекова» атындағы сыйлықтары бар екен.
«Білім – өмір шырағы» десек, білім болашағына өмірін арнаған «Шабал Бейсенбекова» атындағы сыйлықты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қ.Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Шабал Бейсенбекқызының өзі қазақ қызына тән қасиеттерді бойына сіңіре өскендігін білдіре отырып, сахна төріне салмақты қадаммен сенімді шыққаны қалың жұртшылықты риза еткенін ерекше атап өткіміз келеді. «Білім – бақыт шырағы», «Өнер өшпес мұра» номинациялары бойынша Қазақстан өнері мен мәдениетінің таңдаулы деген таланттарына салтанатты жағдайда арнаулы «Тұлға» сыйлығы табыс етілді.
Таңдалған таланттарды тану мен олардың алдағы жетістіктерін ынталандыру, сондай-ақ дарабоздарды рухани қошеметтеуге арналған салтанатты шара өз деңгейінде өтті. Осы тұста, өз тарапымыздан қосқымыз келетіні, өнер саласын өркендетуге бағытталған мұндай шаралардың бүкілхалықтық сипат алғанын ерекше қалар едік. Бұл, арқаның арда азаматы Бекзат Қомарұлының ғана мойнына алған міндеті болмаса екен. Тарландарды тануға, олардың жолын ашуға арналған игілікті шаралар мемлекет тарапынан да қолдауға ие болса екен дейміз. Қалай дегенде де, өнер мен мәдениеттің шын жанашыры болып жүрген Бекзат Алтынбековтің өнегелі ісінің өміршең болғанын қаладық.
Арнайы «Qazir» үшін журналист Берден Қабылов.