Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген сопылық исламды насихаттаған әулие Ысмайыл ата жайлы және оған арналып салынған Түркістан облысында орналасқан сәулет кешені туралы «Көне дүние күмбірі» айдарында .
Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Тұрбат ауылында ортағасырлық ірі архитектуралық кешенді ескерткіштер сақталған. Соның бірі әрі ең ірісі – «Ысмайыл ата» архитектуралық сәулет кешені. Бұл кешен Ысмайыл ата кесенесі, Жебірейіл ата кесенесі, Қошқар ата кесенесі секілді бірнеше кесенелерден және ортағасырлық мешіттен, сопы дәруіштердің шілдеханасынан, қақпадан тұрады. Архитектуралық кешеннің басты өзегі – Ысмайыл ата кесенесі.
Кесене Х-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымының көрнекті өкілі, шейх – Ысмайыл атаға арнап салынған. Кесененің алғашқы салынған мерзімі ХІ ғасырға жатады. ХІV-ХV ғасырлардағы Тимуридтер династиясының заманында кесене қайта тұрғызылып, архитектуралық кешенге айналған. Ысмайыл ата Х-ХІ ғасырларда өмір сүрген сопылық исламды насихаттаған әулие кісі болған екен. Ол әулие кісі туралы жергілікті тұрғындар арасында аңыз-әңгімелер көп.
Мешіт шағын ауланы қоршай шеңберлене бытырай орналасқан бірнеше мазардан тұрады. Бұл құрылыстардың айналасын қазіргі кезде зираттар басқан, мешіттің алдында гүлзар жеміс ағаштары мен жүзім өсірілген бақ бар. Кешен аумағы бір кезде қоршаулы болған. Бүгінде бұл қоршаудан архитектуралық ескерткіш болып табылатын қақпалар ғана қалған.
Архитектуралық кешенге 2003 жылы реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, біршама жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған дейінгі құрылыстың күйі өте мүшкіл болған еді. Мешіттің солтүстік-шығыс бұрышы құлап түсіп, мазарлардың кейбіреуі мүлде қирап, олардың қабырғалары ғана сақталған еді. Алғаш салынғанда 9 күмбезі болған мешіт Кеңес үкіметі жылдары жабылғаннан кейін төбесі жарамсыз болып қалғандықтан, қайта тұрғызуға мүмкін болмады да, бір күмбездік болып жасалынды. Мешіт көлемі – 572 шаршы метр. Қазір 800 орындық мешітте бес уақыт намаз өтелуде. Ысмайыл ата сәулет кешенінің жанында оның ұлы Ысқақ ата кесенесі бар. Ысқақ ата Х-ХІ ғасырларда ғұмыр кешкен исламдық сопылық ағымның көрнекті өкілі болған. Кесененің алғашқы салынған мерзімі ХІІІ ғасырға жатады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, осы архитектуралық кешендегі белгісіз кесененің біреуі ХV ғасырда өмір сүрген, өзбек жазба әдебиетінің негізін салушы Науаидың ұстазы, сопылық ағымның ақыны – Мәулана Шейхзада Атаиге арнап салынған екен. Архитектуралық кешен 1976 жылы мемлекеттің қамқорлығына алынып, тарихи-мәдени ескерткіштер тізіліміне енгізілген. Көнеден жеткен деректер бойынша Ысмайыл атаның басына орнатылған кесенені Әмір Темір салдырған деседі. Оның қасында Жәбірейілдің кесенесі бар. Ысмайыл ата Ахмет Ясауидің немере інісі болып келеді.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.