Еліміз егемендігін алғалы 30 жылға жуық уақытта түрлі мемлекеттік қолдаулардың арқасында, жеке кәсібін арттырған қожалық иелері аз емес. Бұндай бастамалар, «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында көптеп қолға алынды. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқыраудан кейін, ауыл тұрғындарының әлеуетін көтеруге бұндай бастамалар серпін бергені рас. Осы мүмкіндікті өз кезегінде сәтті бастап, өз аймақ жұртшылығының ғана емес, еліміздің көп бөлігін өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған қожалықтардың бірі- «Қалиханұлы» ШҚ. Бүгінде «Айша» сауда белгісімен сүт өндіретін қожалық басшысы Кәликов Марат Қалиқанұлы. Ол - «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
- Марат Қалиқанұлы, кәсібіңізді қай жылы бастап едіңіз?
Біз негізі әу баста жеке кәсіп ретінде өз отбасымызбен ғана 3-4 адам жұмысымызды бастаған едік. Ол 2005 жылы болатын. Ол кездері 70 бас сиырдың сүтінен аз ғана сүт өнімдерін жасап, көшелерді, базарларды аралап сататынбыз. Кішігірім бөшкелермен ғана таситынбыз. Кейіннен «шүкір», мемлекеттік қолдаулардың арқасында, бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз.
- «Қалиқанұлы» ШҚ- ғы қазіргі таңда қанша адамды жұмыспен қамтып отыр?
- Бүгінгі таңда 157 адам шаруа қожалығында жұмыс істеуде. Бәрі өз ауылымыздың адамдары. Қызметкерлеріміздің табысы болғандықтан, жағдайлары да жаман емес деп ойлаймын. Қазірдің өзінде сол жұмысшылар сүт беретін ірі қаралардың жем-шөбін, қыстық тұрағын дайындаумен айналысуда. Бүгінде шаруамыздың дөңгеленіп жүріп отырғаны, сол кісілердің арқасы. Әйтпесе, «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас шықпас» демекші бір өзім немесе отбасыммен ғана дәл қазіргідей дәрежеге жетпес пе едім?!
- Жоғарыда кәсіпті бастаған кезде 70 баспен бастаған едік дедіңіз, бүгінде қожалықта қанша ірі қарадан сүт өнімдерін алып отырсыздар?
- Иә, бастапқы кезде 60-70 сиыр болған еді. Бүгінде 600 бас сиыр малы бар. Бұл Ресейден әкелінген асыл тұқымды малдың басы ғана. Одан бөлек 100 ге тарта осындай ірі қара малы бар. Олармен қатар өнімі емге шипа болар жылқы малын да алып отырмыз.
- Сол 600-700 ге тарта сиыр сүтінен қанша түрлі сүт өнімдерін жасап, таратасыздар?
- Қазір қожалықтан 17 түрлі сүт өнімі өндіріліп шығарылады. Барлығы да табиғи таза өнімдер.
- Ол қандай түрлері... Мысалы, сүт, қаймақ, май, ірімшіктен басқа?
- Сүт өнімдерінің ішінде ең көп сұранысқа ие ол -ертеден апа, әжелеріміз жасайтын қызыл ірімшік, осы ірімшік пен таза сүттің қосындысынан жасалатын «қоспа» бар. Оны да халық жақсы алады. Сосын сүзбе бөлек сатылады. Одан құрттың түрлері жасалады. Қатық, майлылығы әртүрлі сары май түрлері, торта. Одан бөлек қазіргі снежок, ряженка сияқты дәмді өнімдерімізді шығарамыз. Оны да сол ерекше дәміне қарап бағалап, сұратып жатады.
Бүгінде сүт өнімдеріңізді көбіне қай аймақтарға таратып отырсыздар?
- Көбіне сол шығыс өңіріне , Өскемен, Семей аумағында сатылуда. Сосын жылына екі-үш рет мемлекет бастамасымен үлкен қалаларда ортақ көрмелер ұйымдастырылып отырады. Сол кездері де өз өнімдерімізбен сол жердің тұрғындарын арзан бағада табиғи өнімдерімізбен қамтып, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрміз.
- Демек, тапсырыс жағы да көп болып отыр ғой?
- Ия, тапсырыс жоғары. Біз негізінде мемлекетттік сатып алумен жұмыс істейміз. Сол арқылы мемлекеттік мекемелерді, (оның ішінде; ауруханалар, мектептер мен балабақшалар бар) қамтимыз.
- Алда осы кәсібіңізді одан әрі дамыту бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
- Үлкен мақсатты көздейтін жоспарымыз бар. Ол- енді сиыр сүтімен қатар, бие сүтінің өнімдерін де табиғи қалпын сақтай отырып, үлкен нарыкқа шығару. Табиғи, таза сүт өнімдері-денсаулыққа пайдалы.
- Керемет... пайдалы іс. Енді Марат мырза, қожалық атауы да «Қалиқанұлы» ШҚ ерекше екен....
- Ия, қожалық атауы «Қалиқанұлы». Оның себебі менің әкемнің аты-Қалиқан. Алғаш осы істі бастаған кезде әкем ақ батасын берген болатын. Бүгінде шаруамның дөңгеленіп, алға басуы-сол әкемнің берген ақ батасынан болар..... Содан соң тынбай жасаған еңбектің арқасы, сосын әрине жан-жағымдағы бауырларым, келіндерім, ауылымның адамдары сияқты жаныма жақын жандардың көмегі мен қолдауы. Балаларымның да көмегі зор. Бірі қаржы мәселесін, кіріс-шығысын есептейтін финансисті бітірсе, енді бір ұлымды ет- сүт өнімін жасауды меңгерген технолог мамандығына оқыттым. Мамандардың бәрі өзімізден (күле отырып). Осындай қолдаушыларым барда қожалық жұмысы да дамиды деген сенімім бар.
- Мемлекеттік қолдауларға қатысты пікіріңіз? Кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді деп айтар едіңіз?
- Жұмыс істеймін деген адамға мемлекеттік қолдаулар арқылы өте үлкен көмек берілуде. Оны кеңінен сезініп отырған қожалық иелерінің бірі -бізбіз. Тағы да айтамын, жұмыс істеймін деген ауыл азаматтарына қолдаулар көп. 6 пайызбен несие берілді. Ол да шаруасын дамыту жолындағы қожалық үшін үлкен қолдау. Сосын қосымша төленетін субсидиясы бар. Жалпы ризашылығымыз үлкен. Сондай қолдаулардың арқасында біз де халықты төмен бағамен таза сүт өнімімен қамтып, кәсіпорынымызды жаңғыртып, дамудың сапалы жаңа деңгейіне жетуге ұмтылудамыз.
Салтанат Сәдібекқызы.