13 қараша күні «Астана Операда» тыңдаушылар назарына ұлттық музыка жауһары – Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы ұсынылмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сұлу Жібектің басты партиясында театрдың Үлкен залы сахнасында алғаш рет Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұржамал Үсенбаева өнер көрсетеді. Нұржамал Үсенбаева – қазақстандық опера сахнасындағы Жібек партиясының танымал орындаушыларының бірі. 1984 жылы консерваторияның студенті бола тұра, әртіс Абай атындағы МАОБТ-ға осы рөлге таңдалған еді. Сол сәттен бері бұл бейне опера дивасының репертуарында айтулы орынға ие. Атақты қазақстандық әншінің өнер көрсетуі әлемнің үздік залдарында орасан зор жетістікпен өтуде.
13 қараша күні вокалистпен бірге Үлкен зал сахнасына «Астана Операның» көрнекті солистері: Төлеген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Меир Байнеш, Бекежан – Талғат Ғалеев, Шеге – Бейімбет Таңарықов, Базарбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Қамқа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Қарлығаш – Мәдина Исламова, Батсайы – Салтанат Мұратбекова, Дүрия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ шығады.
Спектакльдің премьерасы «Астана Операда» режиссер Михаил Панджавидзе мен қоюшы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің ұлттық классиканы жаңаша ұсынуында 2017 жылғы ақпанда өтті. Театр суретшілері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың эпикалық ауқымды декорациялары мен көздің жауын алатын костюмдері, театр солистерінің бейнелерді тамаша сомдауы, симфониялық оркестр музыканттарының шеберлікпен орындаулары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі хор әртістерінің керемет дауыстары қойылымды театр репертуарындағы ең танымал спектальдердің біріне айналдырды. Спектакль сағат 19.00-де басталады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.