Орталық Азияның антикалық дәуірдегі өркениетін қайта жаңғыртқан экпедиция нені зерттеді,ол қалашықтар қай ғасырға жатады және еліміздің қай бөлігінде орналасқан деген сауалдарға жауапты біздің әр дүйсенбі сайын оқырманға ұсынатын «Көне дүние күмбірі» айдарынан толық біле аласыздар.
Сыр өңірінде орын тепкен Шірік-Рабат қала жұрты Қазақстандағы ежелгі сақ қоғамынан сақталған аса көрнекті, тарихи құндылығы зор ескерткіш болып табылады. Қаланың географиялық орналасу ерекшелігіне қарай стратегиялық маңызы зор болған. Ол оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Жібек жолы бойында орналасқан.
Арал теңізінің оңтүстік аймағына ертедегі Әмудария мен Сырдарияның орта және төменгі ағыстары кіреді. Әмудария мен Сырдария жағалай ортағасырлық жүздеген көне қалалары болған. Қос дарияның суы бұл аймақта ежелден отырықшы мекендер өсіп шығуының алғышарты болатын. Қос өзен арасындағы алқаптарды мекендейтін халықтар қолдан суғару арқылы егін еккен, қалалар мен бекіністер пайда болған. Қала ежелгі сақ дәуірінен бері шекаралық қызмет атқарған. Сол кезде Парсы және Хорезмдегі мемлекеттермен байланыс суы мол Жаңадария арқылы жүргендіктен Шірік-Рабат шекаралық бекініс болған.
Қала ХVІІІ-ХІХ ғасырларда патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты кезінде Хиуа хандығы мен қазақтардың шекарасындағы тірек бекеті болғаны белгілі.
Шірік-Рабат қаласында зерттеу жұмыстарын жүргізгенде 1946 жылы Сергей Павлович Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы ежелгі неолит дәуірінен беріде жер қойнауына көмілген археологиялық ескерткіштерді тапты. С.П.Толстовтың Орта Азия халықтарының көне тарихы мен этнологиясын терең зерттеуде сіңірген еңбегі ерекше болса, Қарақұм мен Қызылқұм шөлінде қалған ежелгі ескерткіштерді іздеп тапқан экспедиция құрамында ғалымның шәкірті, «Казахи низовьев Амударьи» атты монографиялық кітаптың авторы У.Х. Шалекенов сияқты қазақ этнографы болған.
Экспедиция Жаңадария бойындағы Топырақ қала, Шірік-Рабат, Түгіскен, Көне Үргеніш сияқты жерлерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Сөйтіп, Орталық Азияның антикалық дәуірдегі өркениетін қайта жаңғыртты. С.П.Толстов Шірік-Рабат қаласын ХІІ ғасырдағы «Инша» құжаттар жинағында көрсетілген Хорезм-Женд жолының бойында, Жендтен 20 фарсах (120 км) жерде орын тепкен Сагдере мекенімен байланыстырады.
Шірік-Рабат сөзінің этимологиясына назар аударар болсақ, бірінші «Рабат» сөзіне түсініктеме берген жөн. Шірік-Рабат қаласындағы қамалдың батыс және оңтүстік батыс жағы ел қалың қоныстанған тұрғын жайлар орны болған. Бұған сол жерде шашылып жатқан керамикалық ыдыстар сынығы мен әр түрлі бұйымдардың қалдықтары, от жағылған орындардың күлдері дәлел.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.