Көпті алаңдатқан көп балалы аналардың жағдайы өтіп бара жатқан аптада өткен жылда атқарған жұмыстарына есеп берген әкімдердің баяндамаларында кезек күттірмейтін мәселе ретінде баса көңіл бөлінді. Сонымен әкімдер бұған дейін шешімі күрделі болып келген істің түйінін қалай тарқатпақ?
Алдымен,Астанадан бастайық. Елорда әкімі 20 ақпан күнгі қала тұрғындарымен есептік кездесуінде бұл мәселеге қатысты ойын былай жеткізді:
«Біз көп балалы аналарға пәтерлерді жалға береміз. Жалға беріп қана қоймай, оны бірте-бірте сатып алуына мүмкіндік жасаймыз. Яғни, енді ай сайынғы маңдай терімен тапқан қаржыны пәтер иесінің қалтасына салмай, оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құятын болады", - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов. Ол өз сөзінде қазіргі таңда қала маңындағы қиратылып жатқан ескі үйлердің орнына заман талабына сай көп қабатты,барлық әлеуметтік инфрақұрылымы қамтылған тұрғын үйлер салынып жатқандығын,көп балалы аналар тек пәтермен ғана қамтылып қоймай, осындай жақсы жағдайлармен де қамтамасыз етілетіндігін айтты.
Өткен жылы ғана республикалық маңызы бар еліміздегі тұрғын саны миллионнан асқан қалалардың қатарына үшінші болып қосылған Шымкент қаласында бүгінде 31 мыңнан аса көп балалы ана тұрады екен.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың мәлімдеуінше, Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана" және "1-ші және 2-ші дәрежелі орденмен наградталған көпбалалы аналар" 1 наурыздан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді.Сонымен бірге тамыз айынан бастап табысы күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасыларға жылына бір рет берілетін әлеуметтік көмек деңгейі 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін көбейеді және Шымкентте көп балалы аналар үшін әкімшілік қызметтердің барлық түрі көрсетілетін орталық ашылады.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындармен есептік кездесу барысында балалары балабақшаға баратын көп балалы, тұрмысы нашар отбасыларының тамаққа төлейтін ақысы 70%-ға арзандатылатынын, мектепке баратын балаларды тегін тамақтандыруға тағы да қосымша 700 млн теңге бөлінетіндігіне тоқталды.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыста 6 мыңнан аса көп балалы ана 1,2 млрд. теңге көлемiнде ай сайын мемлекеттiк көмек алып келеді. Көп балалы отбасыдан шыққан 3 613 оқушы тегiн тамақпен қамтылған. 1,5 мың бала киiм-кешек және мектеп оқу құралдарымен жабдықталған. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1300 колледж студентi мемлекеттiк төлемдер алады.
- Енді әлеуметтiк қолдау аясында «Алтын алқа», «Күмiс алқа» иегерлерi, «Батыр-ана» атағын алған аналарға бiржолғы әлеуметтiк көмек екi есе өседi. 4-5 баласы бар аналарға бiр жолғы әлеуметтiк көмек енгiзiледi, дедi Құмар Ақсақалов.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов биылғы жылдың 1 маусымынан бастап, облыста көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүретіндігін,көп балалы отбасыдан шыққан 1-сыныптан 4-сыныпқа дейінгі балаларға тегін тамақ беріліп, балабақшаларда 50 пайыз жеңілдік жасалатындығын жеткізді. Көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешу жолдарын облыс әкімі былайша тарқатып айтып берді:
- Біріншіден, кезекте тұрған көп балалы отбасыларды несиелендіру үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінеді. Жылдық мөлшерлемесі 2% 15 млн теңгеге дейін несие қарастырылған. Бастапқы жарна - 10%. Сонымен қатар, кірістерге қойылатын талаптар белгіленеді: отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жарымнан аспауы тиіс, ол дегеніміз - 44 547 теңге. Екіншіден, облыстық бюджетте осы жылы бастапқы жарнаны субсидиялау үшін тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылар да осы қолдауды пайдалана алады. Егер пәтер құны 10 млн теңге болса, тұрғын үй сертификаты 1 млн теңгені болатын бастапқы жарнаны толығымен жабады. Алдын ала есеп бойынша, ай сайынғы төлем орташа есептегенде 41 мың теңге.
Ақпан айы аяқтала бастағанда аналар көңілін алаңдатпауға тырысқан өңір әкімдері осылай деп есеп беріп жатты. Бүгінде өзекті болып тұрған мәселенің шешімі айтылғанмен, қалай жүзеге асырылатындығы алдағы уақыттың еншісінде...
Материалда пайдаланылған мәліметтер әкімдердің есебі жарияланған ашық ақпарат көздерінен алынды.
Бибінұр Жансейіт.