«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлескен жобамызда бүгін «Көне дүние күмбірі» айдарынан Шілікті кешені жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
Шілікті ерте сақтар заманындағы таңдаулы ескерткіштері бірегей табиғи кешеннің ортасында орналасқан. Шілікті алқабы – Зайсан ауданындағы 80 шақырымға созылған жазық, айналасында Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр-Сайқан, Жүрек таулары көз тартады. Бұл шынымен Патша алқабы, мұнда 200-ден астам қатар-қатар үлкен қорғандар орналасқан. Табиғаттың үйлесімді әсерімен және адамның ғасырлар бойы қызметінің салдарынан пайда болған тарихи-мәдени ландшафт аймақтың басты құндылығы болып табылады. 1960 жылы археолог С.С. Черников №5 қорғанды қазып ашты, мұнда 524 алтын зат табылды. «Ұшып келе жатқан бұғы» түріндегі қапсырмалар, бүркіттер, балықтар, қабан бейнелерінің мүлтіксіздігі және мәнерлілігі таң қалдырады. Шіліктіден табылған бұғылар кескіні өте көркемдігімен, эстетикалық керім сипатымен көз тартады. Қазір олар тұспалдық логотип ретінде айшықталады.
Шілікті мұрасын ары қарай ашуды қазақстандық археолог Әбдеш Тәшкенұлы Төлеубаев жалғастырады. 2003 жылы көлемді және орналасу ерекшелігімен белгілі №1 қорғанды қазып ашқан кезде көптеген заттар табылды. Биіктігі сегіз метр үйме астынан балқарағай бөренелерінен салынған қабір табылды. Қорғанның тоналғаны анықталған кезде, оның бұзылғаны расталды. Табылған адамның бас сүйегі бойынша антропологтар патша тұлғасының сыртқы келбетін бұрынғы қалпына келтірді. 4333 алтын бұйым табылды: барыс, бүркіт, бұғы, бөлтірік, арқар түрінде жасалған қапсырмалар. Ежелгі көшпенділер өнерінің төлтума жауһары – екі бұғыдан жасалған геральдикалық композициясы бар қапсырма.
2016 жылы бұл ескерткіш «Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған бағдарламасы» атты облыс әкімдігінің жобасына енгізілген. Қазба жұмыстары №16 қорғанда жалғастырылды. Қорғанда тоналған балқарағай мазары табылған. Оның әр түрлі бөліктерінде табақ алтыннан жасалған 2000-нан астам әшекейлер табылған: бұғы, бүркіт-грифон, қабылан, балық, қабан түріндегі қапсырмалар, геометриялық пішінде киімге тігілген жапсырмалар. Аңдық стильде жасалған әшекейлер көп кездескен. Ең маңыздысы – қабір үстіндегі жерлеу құрылыс сәулетін, құрылыс технологиясын жүйелеп тексеруге мүмкіндік болған. Шіліктінің алтын әшекейлері сақтар өнерінде ең алғашқы болып табылады. Олар адамның көзі тірісінде тағуға арналған заттар болатын. Сақтар басқарушысы маңызды мерекелер кезінде алтын қапсырмалармен безендірілген киім киген. Бұл мерекелік костюмді ғалымдар бұрынғы қалпына келтірген. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл еуразиялық кеңістіктегі бірегей «Алтын адам» болып табылады. Материалдар ерте сақтар заманындағы біздің дәуірге дейін VІІІ-VІІ ғасырларда белгіленген. Шілікті қорымындағы қазбалар соңғы жылдардың ең көрнекті жаңалықтардың қатарына кіріп, біздің дәуірге дейінгі І мыңжылдықтың ортасында біздің өңірде болған мәдени-тарихи процестердің бұрынғы қалпына келуіне әсер еткен.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.