ЮНЕСКО-ның «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптарын» адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп тануы - көптен күткен жеңіс! Qazir тілшісі отандық делегацияның құрамында болған осы істің бастамашысы «Ұлытау» қорық-мұражайының директоры Бақтияр Қожахметовпен сұхбаттасқан болатын.
Qazir: Бақтияр Сапарбекұлы, өткен 2018 жыл сіздер үшін жемісті болғанға ұқсайды. Себебі осыдан біраз бұрын Маврикийде қазақ елін қуантқан ақжолтай хабардың куәгері болып қайттыңыз. Ал, жақында ғана жоғарыда аталған жоралғылардың адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілгендігін қуаттайтын ресми құжат яғни ЮНЕСКО сертификатын алдыңыздар. Құтты болсын! Енді осы жаңалықтың мән-жайын өз аузыңыздан естісек.
Бақтияр Сапарбекұлы: Рахмет! Тарқатып айтар болсам, мен Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің 13-ші сессиясына қатысып қайтқан болатынмын. Негізі өткен жылдың жаз айында біздің ел бірінші рет ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра комитетіне сайланды. Осының арқасында отандық мамандар алдағы төрт жылда Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет жұмысына қатысуға мүмкіндік алды.
Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау Конвенциясы 2003 жылы қабылданған. Бүгінге дейін оны әлемнің 178 елі ратификациялапты. Қазақстан оны 2011 жылы ратификациялады. Онда айтылған міндеттерді орындау Материалдықемес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Комитетке жүктелген. Комитетке 24 ел мүше. Конвенцияның басты аспабы Материалдық емес мұраның Репрезентативтік тізімі. Бүгінгі күні бұл тізімге біздің ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы сарапшыларының қажырлы еңбектерінің арқасында 8 қазақстандық өтініш яғни мұрамыз қабылданды. Олар: күй, қазақ күресі, асық ату, киіз үй тігу, құс салу, Наурызды тойлау дәстүрлері, жұқа нан пісіру өнері. Жақында өздеріңіз білетіндей, тағы екеуімен толықты. Олар: Қорқыт Ата мұрасы және біздің «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары».
Ал, енді осы іске ат салысқан жаңағы сарапшылардың бірі Елена Хорош біздің «Ұлытау» қорық-мұражайында ғылыми қызметте болған еді. Елена «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» номинациясының авторы. Яғни осы жоралғыларды адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасына қосу жолында аянбай тер төкті. Одан бұрынырақ Дүниежүзілік мұра тізіміне Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Тамғалы петроглифтерін қосуға белсенді ат салысқан ол күзде ауыр науқастан мезгілсіз дүние салды. Сондықтан, Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитеттің 13-ші сессиясы біздің Елена Хорошты бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Осы тұста айта кетейін, негізі ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау туралы конвенциясында мәдени мұра деп қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдардың ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып отырған әдет-ғұрыптары, түсініктері мен пайымдары, білім мен дағдысы танылады. Ал, енді репрезентивтік тізім осы мәдени мұраларға жұрттың назарын аудару, қорғау және сақтау үшін жасалады.
Qazir: Енді тізімге енген жоралғыларға толығырақ тоқталсаңыз
Бақтияр Сапарбекұлы: «Қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары» үш элементтен тұрады. Олар: «бие байлау», «айғыр қосу», және «қымыз мұрындық». Бұл жоралғылар толыққанды тұтас Қазақстанда тек Терісаққан ауылында сақталған. Терісаққан ауылы Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданының шалғайда жатқан ауылдарының бірі.
Қазақ жылқышыларының біз әңгіме етіп отырған көктемгі жоралғылары жылқышылар үшін жаңа циклдың басталуы мен ескі циклдың аяқталуын білдіреді. Яғни бұл жоралғылар табиғат туралы дәстүрлі білім, адамзат пен жылқы арасындағы қарым-қатынастың мыңжылдықтар бойы жиналған тәжірибесіне негізделген көшпенді өмір салтын ұстанған ата-бабамыздан мұра болып қалған. Ол әдіс-тәсілдер қазіргі өмірге барынша ұтымды бейімделген. Мәселен, бүгінгі күні де бұл жоралғыларға дайындық жыл бойы жүргізіледі. Үлкендердің батасымен жылқы сауу мамырдың алғашқы күндері басталады. Жоралғылар шамамен үш апта созылады яғни әр үйде кезекпен-кезек алғашқы қымыздан дәм татқызу салтанаты аяқталғанша жүреді. Терісаққан ауылындағы 23 жылқышының отбасы осы элементті сақтаушылар дедік. Элемент тәжірибесінде қарттар «басты кеңесшілер» болып саналады. Үлкен және орта жастағы еркектердің міндеті табынға айғыр таңдау және дайындау. Ал, әйелдері жағы биені саууға, қымызды әзірлеуге және мерекелік дастарханға жауапты. Ал, балалары мен немерелері үлкендерге көмектесіп, жоралғыларды әзірлеу барысында көргендерін саналарына тоқиды. Жоралғылар атадан балаға мирас ретінде беріліп отырады. Яғни кейінгі буынға тек осылай өтеді. Ал, бұл өз кезегінде жоралғылар тұрақтылығын сақтап отыр деген сөз. Көшпенді дәуірде өмір сүрген ата-бабадан мұраға қалған жоралғыларда көне наным-сенімдер бар. Жиырмасыншы ғасырдағы көшпелі өмірден отырықшылыққа мәжбүрлі түрде өткеніне қарамастан біздің халық оны сақтап қала алған. Қазақ үшін бұл ата кәсіп. Көз ашқаннан білді, жақсы көрді әрі жылдың ең маңызды оқиғасы деп күтетін. Терісаққандықтар да әлі күнге солай. Біз бүның бәрін қағазға түсірдік. Бұнымен қоса, осы жұмыс барысында байқағанымыз, Терісаққандықтар бұл жоралғылардың жойылып кетуіне қауіп барын мойындаған емес.Ұлытау ауданының солтүстігіндегі далалы аймақтарда дәстүрлі жылқышылық мықты дамыған. Тіпті табысты бизнес көзі болып саналады. Сондықтан, қазіргі күні элементтің өмір сүру қабілетіне кепілдік бере алатындай мықты экономикалық базасы бар деп санауға болады. Дегенмен, қоғамдастық элементтерді құжаттандыру және инвентаризациялауға қатысты және оны мемлекеттің қорғауына алу мақсатында Ұлттық тізімге енгізудің бастамашысы болды. Сонымен қатар, қауымдастық «Ұлытау» қорық-мұражайы ұсынған элементті насихаттауға және мәдени мұра деп тануға бағытталған жобаны қабыл алып, бес жыл бойы жыл сайын яғни 2012 және 2016 жылдардың аралығында «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізіп, дәстүрлі көктемгі мерекелік жоралғыларды көруге келген көптеген қонақтарды қарсы алып отырды. Қарап отырсаңыз, бұл қазақтың қонақжайлығын айғақтайды. Себебі өзіңізге мәлім, осы күндері қымыз сатпайды, бөліседі және есік кез-келген қонаққа ашық тұрады. Осылардың бәріне қарамастан, бес жылдық тәжірибе барысында біз элементке деген қауіптің бар екенін байқадық.
Qazir: Ол қандай қауіп сонда?
Бақтияр Сапарбекұлы:Ол жаңағы конвенцияның тілімен сөйлегенде «келушілер қысымы». Оны мамандармен талқыладық. Содан соң ұсынылған қорғау шараларын қабылдап,оны орындау бойынша міндеттемелер бөлініп берілді.
Qazir: Сонда қандай қорғау шараларын қолға алу керек болдыңыздар?
Бақтияр Сапабекұлы: Тәуелсіздік алған тұста еліміздің біршама өңірлерінде мемлекеттік мекемелер және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын қала және ауылдық жерлерде қымыздың жалпыхалықтық мерекесін ұйымдастыру арқылы осы элементті қайта жаңғыртуға талпыныс жасады. Терісаққан ауылында табылған элементті насихаттауға да қажеті көңіл бөлінді. Осының арқасында біз «Терісаққан көктемі» этнофестивалін ұйымдастырдық, сонымен қатар, жергілікті қауымдастық және сырттан шақырылған мамандардың көмегімен элементті инвентаризациялау және құжаттандыру, номинацияға досье дайындауды жүргіздік. Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитет номинацияны дайындау ісін қолдап, бағыт-бағдар беріп отырды. Ұлытау ауданының әкімдігі фестивальді ұйымдастыруға қаржылық қолдау көрсетті.
Ал, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ұлытау» қорық-мұражайы Терісаққанға келушілердің санын алдын-ала тізім құру арқылы реттейтін делдалдың рөлін атқарады. Сонымен қатар, элементке қауіпті төмендету мақсатында туристерге альтернативті маршруттар мен Ұлытаудағы көрікті жерлерді таныстырады. Келушілердің элементтерге әсерін қағазға түсіріп, мониторинг жасайды. Бұдан бөлек, біз Терісаққанда жаппай фестиваль өткізуді тоқтаттық. Бұған келгісі келетіндер жылқышылар отбасымен алдын-ала келісіп келетін болды. Фестиваль Ұлытауда өткізіледі деп шештік. Бұл туристерге де қолайлы. Себебі Жезқазғанға жақынырақ. Өнеркәсіптік қаланың теміржол вокзалы әрі әуежайы бар. Ал, енді осы шаралардың тиімділігін білу үшін фестивальге келушілерге мониторинг жүргізілетін болады. Жаңағы мен айтқан «келушілер қысымына» қарамастан, «Терісаққан көктемі» фестивалінің бергені мол. Ұлттық құндылықтар ұлықталды. Сонымен қатар, бес жылда жылқышылар саны да көбейді. Бұнымен қоса, жұрт «қымызмұрындықты» бұрыннан білетін. Ал, «бие байлау» мен «айғыр қосу» жайлы ақпараттар аз еді. Енді міне олар көлеңкеден шығарылды. Тағы бір тоқтала кететін мәселе, сақталған элемент өзінің өміршеңдігін дәлелдесе де, өндірістің өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің қысқаруы және жылқы шаруашылығының азаюы мүмкін екендігі де ескерілді. Бұл да қауіптің бір түрі. Осыған орай осындай аумақтардың дамуы жоспарын да ұдайы бақылауда ұстау туралы шешім қабылданды.
Qazir: Ендігі жоспар қандай?
Бақтияр Сапабекұлы: «Ұлытау» қорық-мұражайы бұл жоралғыларды жақын болашақта көшпенді мәдениетке қатысы бар бауырлас елдерге кеңінен таратуды жоспарлап отыр. Осылайша ұдайы жүргізіліп отырған жұмыстар еліміздің әлемдік қауымдастыққа бірегей мәдениетімен танылуына септігін тигізеді және осының арқасында Ұлытауға келетін туристер саны артады деген үміттеміз.
Сұхбаттасқан : Зейнет Мұсабаева.