Болжамды бағалау бойынша өткен жылдың қорытындыларына сәйкес қаланың аймақтық жалпы ішкі өнім көлемі 6 трлн теңге болды. Оның 55% шағын және орта бизнес есебінен қалыптасады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2018 жылы 544 млрд-тан теңгеге өнім шығарып, қызмет көрсетті. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда аталмыш көрсеткіш 9,6% өсіп отыр. Өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 12,6%, жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 2018 жылы 9% артты. Бөлшек тауар айналымының көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 6% ұлғайып отыр. Есептік кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 854 млрд теңгеден асты. Бұл ретте бюджеттен тыс инвестициялардың артқаны байқалады. Олардың үлесі шамамен 88% жетті. Мемлекеттік бюджет салық түсімдерінің есебінен 981,9 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 13,9% артық. Құрылыс секторында да оң серпін байқалады.
2016 жылы тұрғын үй құрылысы саласында баспананың 2 млн 256 мың шаршы метрі салынса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2 млн 359 мың шаршы метрге жетті. Ал 2018 жылы аталмыш көрсеткіш 2 млн 362 мың шаршы метрге жеткен. Бұл республикалық көлемнің 21% . «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы тұрғын үй құрылысына 14,2 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік инвестиция жұмсалды. Осылайша, 2018 жылы жалпы ауданы 35,61 мың шаршы метр болатын 635 пәтерлік 4 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Жалпы ауданы 168,97 мың шаршы метр 3086 пәтерлік 14 тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда.