Апта аралатып, әр сенбі сайын оқырман асыға күтетін «Қайырлы іс» айдарының бүгінгі кейіпкерімен де танысатын сәт келді. «Өмірде кез келген дүние белгі арқылы беріледі. Тек соны уақытында ұғып, жүзеге асыру керек»,- дейді ол Qazir тілшісіне берген сұхбатында.
Бұл жолы аттың басын денсаулық сақтау басқармасы жанындағы мемлекеттік психоәлеуметтік оңалту орталығына бұрдық. Жай емес, жақсы көңіл-күймен, осы орталықта көптен бері тігін мен тоқыма ісін үйрету арқылы түрлі диагноз қойылып оңалып жүргендерге жөн сілтеп, еңбек терапиясын жүргізетін Рахима Мұқышеваны арнайы іздеп, айттығымызды ала бардық. Көсіліп отырып әңгімелестік.
Кіріп барғаннан көздің жауын алатын түрлі-түсті, реңі қанық, киім-кешектер, бұйымдар, көрпешелер есіктен төрге дейін тізіліп, төгіліп, төселіп тұрғанын көрген адам бұның барлығының қолдан тоқылғанына сене қоймас. Амандасып болар-болмастан анасын бір, мынасын бір киіп көріп, ұстап көріп, цехты бірнеше айналып шықтым. Несін айтасыз, «авоська» деп аталатын тор-сөмке болушы еді бұрын, содан бастап сәндік журналдардағы суреттен кем түспейтін кеш көйлектеріне дейін бар-ау.
- Рахима, мынау кәдімгі «купальник» емес пе? Мұны кім тоқыды?
- Жаз жеткен жоқ па жадырап, маусымның келуіне байланысты сұраныс қазір шляпілер мен осындай киімдерге түсіп жатыр. Мұны осы орталыққа келушілер тоқиды. Оларды науқас демеймін, үйретсең бәрінің қолынан іс келеді. Шизофрения, психауытқу, эпилепсия т.с.с.диагноздары бар, бірақ оңалып кетуге бейім. Бізді қалай ұстау керектігінен бастап үйретіп, дайын бұйым, келісті киім шыққанша өзім бақылаймын.
Ал өзіңіз қайдан үйреніп жүрсіз?
- Өзім Қорғалжынның қызымын ғой, атам кезінде отар-отар қой баққан, әжем жүн сабап, киіз есіп, текемет сыратын. Ұршық иіруді үйретті, апам ұстаған ұршық өзімде әлі күнге дейін сақтаулы. Кейде оны шыр көбелек айналдырып, апамды есіме алып қоямын. Соның бәрін көріп өскендіктен бе, маған қолөнер, оның ішінде тоқыма жақын болды. Анам тұрмыстың қамымен жұмыста болатын, баламын ғой, тоқсаныншы жылдарда, жұрт өзі бір сыпыра киімге жарымай жүргенде шешемнің су жаңа жейделерін қиып құрақ құрап, тоқымасын тарқатып мектептегі еңбек сабағына алып барғам, сол кездегі сөгістің таяққа бергісіз болғанын айтсаңшы. Сонда да бетім қайтпады. Бұны бір «белгі» деп ұқтым.
- Бұл бір қызық болған екен, содан...
- Содан қыздардың барлығы кесте тігіп отырғанда мен бізімді ұстап, апайымды айналдыратын едім, тоқыма үйретіңіз деп. Раиса Оразбайқызы байқасам, бетімнен қақпапты, бастапқысын сол кісі үйретіп, қолымды жаттықтырды, есімде, айдарыма жел бітіріп отыратын әйтеуір (бір күлісіп алдық). Кейін бала күнгі қызығушылық кәсіпке айналды.
- Рахима, аздап қисынын келтіре алмай отырмын. Сіздің сүйікті ісіңіздің, кәсіпкерлік пен оңалту орталығының бір-біріне қатысы қандай?
- Басында енді, балалар кішкентай болғанда үйде отырып айналысатын едім. Бірен-саран тапсырыстарға үлгірмесем зейнеткер таныстарға орындатып, табысын өзара бөлісетінбіз. Кейіннен тоқыма үйренгісі келетіндерге «келіңдер» деп хабарландыру бердім де, кеңсе жалдап арнайы сабақтар жүргізе бастадым. Кәсіпкер ретінде алғашқы тәжірибем ғой енді, аяқ алысым да үнемі дұрыс бола бермеді, бірақ өзім бес аспаптай меңгерген, сүйікті ісім. Тапқанымның барлығын керек-жарақтарға, жабдықтарға жұмсап, шеберхананы жасақтай бердім. Шешем де енді бастаған ісімнің шикілігін айтып, шытынай берді. Күйеу ол, күнде сөйлейтін болды. Тіпті одан жолыма тиын-тебен сұрауға бата алмайтын болдым. Тоқыма үйрету студиямды жаба саламын деп сан рет оқталдым. Таныстарыма мән-жайды айтып, жабылғалы жатқанымды жария етіп тастадым. Замандасым, Эмин Әскеров «ойбайға басты, сен әлеуметке көмектесіп жүрген адамсың, жаппа кәсібіңді»-деп. Әсем Саттарова еңбек сағаттарына шақырып, «оңалту орталығының жұмысына аралас» деді. Мен келісе кетпедім, саналы түрде дайындығым да салғырттау болды. Құлшынысым азайып, көңіл құлазыған кез болды.
Аяқ астынан әкем науқастанды. Инсульттың өмірі анау-мынау ауруға басын имеген әкемді жағаламасы бар ма?! Жастың келіп қалғаны да болар, қайдам, адам басына салғанға көне береді ғой, ал басталды сабылыс, жұмыс қалды жайына (күрсініп қояды). Аурухана, үйдегі бала-шаға, олардың ас-суын дайындап, мектебіне барып-келуіне де бір адамның сақшы болуы керек. Тоқыма машиналарын, жіп-шудың бәрін жәшіктерге салып, жиыла бастадым.
Түс ауа әкеме кіріп-шықтым (ұзаааақ үзілістен кейін, көзінің жасын бір сығып алып): сенесің бе, сол барғанымда жақындарының жүзін танымай жатқан әкем қолымнан ұстап алып, «әу, қызым, сенің жұмысың қалай» - дейді маған. Басқа ешкіммен шаруасы жоқ. Сол сәтте жүрегім шымыр ете түсті. Мені үйдегілердің атарға оқтары болмай, табыс таппайсың деп алакөздеп жүргенде жалғыз әкем еді, мәшеңкелерімді құшақтап, кеңседен-кеңсеге көшуге көмектескен. Есінде ештеңе қалмаса да сол қалыпты. Мұны бір «белгі» деп жорыдым. Белді бекем буып, әкеме ұқсас, жуық халдегі жандарға жылт еткен жүрек жылуын берсем де жандарына барайын деп бекіндім. Ақыры міне, өзің көріп отырсың, еңбек терапиясының инстукторы болғаныма жақында жыл толады.
- Әлеуметтік кәсіпкерлік қалай басталды сонда?
- Әу бастан өзімнің әлеуметтік кәсіпкер екенімді ұқпапын ғой. Кәсіпкерліктің бұл саласы елімізде енді дамып келе жатыр ғой. Мысалы, өткенде Байтас республикалық хабар арнасының «ана мен бала» бағдарламасынан бірақ шықты, мына сөмкелерді тоқып,сатып, жартысын қажетті материалға жұмсады да, жарымын өз қажетіне жаратты. Оның көру қабілеті мүлде төмен. Бірақ көпшілік сияқты масыл болып отырған жоқ.
Байқасаң мүгедектер, мүмкіндіктері мен қабілеті шектеулілердің барлығы демейін, басым көпшілігі мінер мойын болса түскісі келмейді ғой. Атын атап, түсін түстемейін, бірақ маған, осы орталыққа келетіндердің де көпшілігі диагноздарына байланысты түрлі мүгедектер санатына жатады. Оларға мемлекет міндетті, маңайындағы орта міндетті, мен міндеттімін, сен міндеттісің, жарты әлем жайылып жастық болса екен деп тұрады. Байтас, Асқар сияқтылар кемде-кем. Асқар да ата-анасымен мың айтысып, мың тартысып болды келмес бұрын. Мінекей, қазір өз бетінше ілмек бізбен себет, сөмке тоқып отыр. Асқарға айналасындағылардың бәрі күліп, кекетіп-мұқатып, енді оңалту орталығының маңынан жүрмейтіндей қылып қойыпты өткенде. Ұзағынан түсіндіруге тура келді, бірақ ақыл тоқтатты ғой Асқар, өзі бір шешімге келді. Қазір күнде келеді. Күлетін несі бар, адамның қолынан түк келмесе-сол күлкі.
- Саған жұрт неге күлді, Асқар? Өзің жайлы айтып берші.
Асқар: жасым 19-ға келді. Менің тұрмыстық жағдайым тамаша, тапшылық көрмей өстім. Белгілі себеп осындай оңалту орталығында болып тұруымды талап етеді. Ата-анамсыз өмір сүруім керек қой. Олар болмаса қайтпекпін? Міне, сондықтан іс үйреніп, табыс табуға кірістім. Әкемнің цехында біраз жұмыс жасағанмын. Мінезіміз жараса бермейді, кетіп қалдым. Тоқыма үйреніп жатырмын дегенде жекіп сала берді. Рахима апайым айтқандай, тоқыма ісінің негізі ер-азаматтардың кәсібі екенін айттым. Қазір өзіме ұнайды.
Рахима: Иә. Тоқыма әу баста еркектердің жұмысы болған ғой. Балық аулап, тор құру үшін жібек жіптен ау тоқыған. Әйелдер мұның маңына жоламаған.
- Не себепті терапиялық емшара үшін тоқыма таңдап алынған? Еңбек терапиясы деген не өзі, жалпы?
- Біздің сабақтар барысындағы іс-қимыл механизмдерінің барлығы адамның жүйке жүйесінің жұмысын жақсартады. Адам ағзасындағы барлық жүйелер бір-бірімен тұрақты иерархиялық байланыста ғой. Қимыл-қозғалыс пен психикалық функция үдегенде вегетативті жүйке жүйесінде болатын өзгерістер адамның тіпті көңіл-күйі мен тыныс алуын да бір қалыпқа келтіреді – бұл медициналық тұрғыдан. Ал өзге сөзбен айтар болсақ, «еңбек еткен өнбек» деген емес пе, атам қазақ, ең алдымен науқастардың құндылықтарын қалыптастыруға, қоршаған ортамен қарым-қатынастарын жақсартуға жәрдем. Еңбек терапиясы деген бұл оңалту ғылымының тұтас бөлігі емес пе?! Көпшілік ойлайтын шығар, кейде маған тіпті айтып жатады, әлеуметтік желілер арқылы жекеме жазып жатады «мүгедектердің, кем-кетік, жарымжандардың еңбегін пайдаланып жатырсың» деп. Алайда оңалту орталығы - бұл менің табыс көзім емес. Еңбек терапиясы мен үшін сүйікті ісіммен үздіксіз айналыса отырып игілікке қызмет етуге берілген мүмкіндік, ал науқастар үшін – оңалып кетудің ең қолжетімді амалы.
- Табыс қайдан сонда?
- Оңалту орталығына келушілерден өзгелер де бар ғой.
- Мысалы, кімдер келе береді тоқыма үйренуге, қазір бәрі дап-дайын, тіптен сұрамай-ақ алдыңда тұратын заман емес пе?
- Жоқ, келісе қоймаймын. Еркегі қазаншы, әйелі базаршы болып тұрған уақыт емес пе, келетіндер арасында қызмет бабы орынды, отбасы оңды, табысты, не киемін, не ішемін демейтін келіншектер көп. Олар мен ұйымдастыратын шеберлік сағаттары арқылы жоғалтып алған нәзіктіктерін іздейді, өмірі ине сабақтап көрмеген ғой. Кейбірі жалғыздықтан жабығып келеді, кейбіреуі депрессиядан қашып келеді. Ал наурызда болған отырысымызға жасы қырықтарға келіп қалған азамат, ірі құрылыс компаниясының басшысы келді. Шарф тоқу үйренемін демесі бар ма. Өзім де аң-таңмын. Бөкебайдың бәленбайын сатып алуға шамасы бар ғой деп ойлап қоямын ішімнен. Ал ол «дайын дүниеден жалықтым. Бәрі ұқсас. Ерекше ештеңе жоқ» деген шағыммен келді. Бізде түгел процесс бақыланады: өзің жіптің иірімін, түсін таңдайсың, тоқу әдісін, шалынатын өрімдерді, өлшемін, бәрін-бәрін өзің таңдайсың. Міне, нені іздеп келеді адамдар. Оларға берілетін сабақтар әрине, ақылы.
- Түсінікті, түсінікті. Осы уақытқа дейінгі жұмыстарыңыздың нәтижелерімен, жетістіктеріңізбен бөлісе кетсек...
- Басты жетістігім – бұл менің ұлдарымның да тоқыманы меңгергені. Мен сүйікті ісімді бала тәрбиесімен де сабақтастыра білдім. Тоқыма барынша табандылыққа, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа баулиды. Бұл нағыз еңбек. Тоқыманың сәл күрделі амалдарының миға қандай шабуыл екенін, логиканы қалай дамытатынын білсеңіз ғой. Осы уақытқа дейін тоқыма мектебімнен жүзден астам оқушы өтті. Бұл да бір көрсеткіш мен үшін. Мамыр айында «Ұлттық өнім» көрмесіне, «Ночь музеев», «Лучший продукт Казахстана», «Kazakhstan Fashion Week», «Ұлы дала жәрмеңкесі» сияқты шараларға қатыстық. Қайырымдылық шарасы қайда ұйымдастырылса, дорбамды құшақтап мен сонда жүремін.
- Неге?
- Шебердің қолы ортақ.
- Алдағы уақытқа нендей жоспар құрып отырсыз?
Арманым, бұл жүн түріндегі шикізатты өңдеп, жіп қылып иіріп, түстеп-бояп, тоқып болған соң дайын өнім шығаратын және оны тұтынушыларға жеткізетін кәсіпорын жұмысын дөңгелетіп жіберу. Жоспар осы.
- Рахима, әңгімеңізге көп рахмет. Түйгенім сіз ата-анаға үлгілі қызсыз, отбасында құрметті анасыз, аяулы жарсыз, сыйлы әріптессіз, білікті кәсіпкерсіз, құлын көңіл құрбысыз, он саусағынан өнер тамған шеберсіз, еңбек терапиясының инструкторысыз, психологсыз, дизайнерсіз, тоқымашы және тігіншісіз, тағы..?
- Ой, көзге мақтап жібердің-ау деймін (жымиып). Ең бастысы мен «маскасыз» адаммын.
Ал менің дәстүрлі сұрағым, ең басты үш құндылық?
1. Игілікке қызмет ет.
2. Жүзің ашық болсын.
3. Арманыңа адал бол.
Сұхбаттасқан Жаннат Манасбайқызы