Түйе сүтiнiң құрамында кальций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты ағзаға пайдалы микроэлементтер жетiп-артылады, ол – демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына бiрден-бiр шипа. Бүгінгі «Дәмнен ауыз тиіңіз» айдарында түйе өнімдерінің емдік қасиеті жайлы білетін боласыздар.
Түйе туралы қазақ: "қара жердің қайығы", шөл даланың кемесі" деп атайды. Түйенің пірі - "Ойсылқара" Түйенің жүні - киім, сүті - сусын, еті - ас. Қазақстанда түйенің екі түрі бар. Жалғыз өркешті - "нар" Ұрғашысы - "мая" немесе "аруана", еркегі - "үлек" Қос өркешті немесе айыр өркешті түйе. Ұрғашысы - "інген", еркегін - "бура" дейді. Қазақтың тілінің қандай бай екеніне осындайда таң қалмасқа болмас. Бір түйенің өзінің қаншама атауы бар. Алланың 99- есімі белгілі. 100-ші есімін түйе ғана біледі дейді. Сондықтан түйені əулие деп танимыз. Ел жүгін көтерген адамдық қасиеті жоғары аптал азаматты – нар жігіт деп түйеге теңейміз. Түйе етінің құнарлығына келсек, кең байтақ далада басқа малдар жей бермейтін жантақ, көкпек, қияқ, жусан, изен сияқты шөптерді қорыта отырып сапалы ет өнімін береді. Түйе етінің дәмі сиыр етіне ұқсас, алайда іш майы болмайтындықтан, түйе еті анағұрлым жеңіл. Химиялық құрамы су-73-76%, белок 17-20%, май 2-6%. Етінде су мөлшері көп болғандықтан ағзаға тез сіңімді.
3- жастан 7-8 жасқа дейiнгi түйенiң етiнен сiңiмдi, одан жұмсақ ет жоқ. Қыста өркешiне май байлағанда, яғни «екi өркешi баладай» болғанда, әсiресе қараша мен наурыз айлары аралығында дәмi тiл үйiредi. Тағы бір қасиеті - еті сасымайды, денені қуаттандырады, сортаңдау дəмді, жағымды. Қазіргі уақытта бұрмалап «түйенiң етiн жеген әйел бойына бiткен баласын тоғыз ай емес, он екi ай көтередi» дейтiн «данышпандар» пайда болды. Бұл айтылған долбар сөздердiң ешқайсысында ғылыми дәлелдеме жоқ. Олай болса бұрынғы түйе етін жеген əйелдер қазіргі кездегі Батыс Қазақстанның əйелдері 12 ай көтеріп отырған жоқ қой. Біз кішкентай кезде түйе етін көп жейтінбіз. Бізбен бірге жеген жеңгелеріміздің ешқайсысы 12-ай босана алмай жүргенін естімедім. Оған кім не дейді? Түйенің өркеш майы. Қасиеті-тəтті дəмді, қанды жүргізеді, ісікті қайтарады. Басты ем болатын аурулары: тері жарылғаннан, ішкі ағзаның əлсіреуінен, жел ауруға жəне жарақаттарға жағуға. Қарттардың əлсіреп арықтап, тəбеті азайғанда, 150 гр. түйенің ерітілген өркешіне сүт араластырып тосап қайнатып күніне 100 мл.ішкізеді. Ағза қуаттанып оңалады екен.
Түйе сүтiнiң құрамында кальций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты ағзаға пайдалы микроэлементтер жетiп-артылады, ол – демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына бiрден-бiр шипа. Қазақ арасында ұлттық сусын ретінде ықылым заманнан үзбей пайдаланылып келе жатқан шұбаттың емдік қасиетін қазір әлем мойындап отыр. Шұбатты көптеген ауруларды, атап айтқанда рак, Альцгеймер дерті, сары ауру, өкпе ауруларына шалдыққандарды емдеуге пайдалануға болатындығы, қан айналу жүйесіндегі қан тамырларының жұмсақтығы мен беріктігін қамтамасыз ететіні, ағзада жүретін зат алмасу процестерін жақсартып, жалпы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі шұбат – шипалы ем, нәрлі сусын. Халық оның қоректік, емдік қасиеттерін алуан түрлі ауруға ем ретінде де пайдаланып келген, сусын адам ағзасында жеңіл қорытылады. Қарын сөлінің қорытқыш қасиетін күшейтіп, ішектің қызметін жақсартады. Біреудің қаңсығын таңсық көрмей өзіміздің құнарлы витамин мен микроэлементке бай тағамдарымыздың қадірін білейік.
Дана Абджапбарова