Қойлық қалашығы еліміздің қай өңірінде орналасқан , қасиетті нысандар құрамына енген қалашықтың тарихымыздағы орны жайлы «Көне дүние күмбірі» айдарында.
Қойлық ХІ ғасыр мен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі аралықтағы жазбалардан қарлұқ жабғуларының астанасы ретінде Қаялық атауымен белгілі. Кейін Шағатайлықтардың аса ірі саяси-мәдени экономикалық орталығы болды. Қойлық ауылының шығыс жағында, Жоңғар (Жетісу) Алатауының етегінде жатыр. Сан ғасырлар бойы саяхатшылар мен елшілер және сауда керуендері жүрген Жібек Жолы, қазіргі Алматы-Өскемен трассасы Қойлық ауылын тура ортасынан екіге жарып өтеді. Ортағасырлық қалашыққа таяу тұста Арабсай шатқалы бар (шатқалдың аты ислам дінінің алғашқы таралу кезінде пайда болғанға ұқсайды).
Қойлық қалашығының аумағы ұзындығы 750 де 1200 метрлік қисық төртбұрышты қамал қабырғаларымен қоршалған. Қазірге дейін жақсы сақталған шығыс қабырғасының биіктігі 4 метрге дейін жетеді. Қалған тұстарда жалпы ізі ғана аңғарылады. Кейбір құрылыстар, мәселен, Будда ғибадатханасы қала қабырғасының сыртында, бірнеше жүз метр жерде жатыр. Бұл бір жағынан, егіндік жерлер мен діни орталықтар шикі кірпішпен қоршалған қала орталығынан жыраққа, оңашаға салынғанын айғақтайды.
Солтүстік-шығыс Жетісу өңіріндегі ортағасырлық қалалардың қоғамдық өмірінде сарай, мешіт, базарлар әкімшілік орталықтардың міндетін атқарған. Қойлықтың монета сарайында құйылған күміс, мыс тиындар бұл кезеңде ХІІІ ғасыр айналасында қалалар ірі саяси, сауда және діни орталыққа айналғанын көрсетеді. Ертемұсылман кезеңінде мұсылман жұртшылығының рухани өмірі билеушілерге арналған әсем кесенелер жанындағы сопылық ханакаларға шоғырланды. Ханакаға атақты әулие, тақуа, сопылар жерленген.
ХІІІ ғасырдың ортасынан қалған күмбезді мешіт пен одан арғы кезеңдегі кесенелер мен ханакаларға жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бұл пікір расталды. Қалашықтағы будда және манихей ғибадатханалары да зерттелген. Зерттеушілер бұл қалашық осы өңірде жаппай қала пайда бола бастаған Viii ғасырдың соңы iX ғасырдың бас кезінде дүниеге келген деп есептейді. Ортағасырлық археология мамандары мен ислам мәдениетін, Жібек Жолының солтүстік-шығыс бөлігіндегі алуан түрлі діни сенімдерді зерттеушілер үшін Қойлық қалашығының маңызы зор.
Геосаяси тұрғыда ерекшеліктері мол бұл өңір қытай мәдениеті мен мүддесін Батыс Түркістандағы ислам мәдениетінен бөліп жатқан буферлік аймаққа айналды. Бұл кезеңде Шығыс Түркістанға ислам мәдениеті енді ғана ене бастаған болатын. Бұл өңірдегі билік ислам дінін қабылдаған Қарахандар әулетіне тиесілі болғанымен, билікке шын мәнінде Шығыстан несториан діні мен будда мәдениетін әкеліп, ислам дініне төзімділік пен құрмет тұрғысынан қараған қидандар (қарақытайлар) иелік етті. Қойлық қаласының қазақ тарихындағы орны ерекше. Бабалар салған дара жолдың ізі қалған қала орны – келешек ұрпақ үшін көрнекті жәдігер және рухани құндылықтар орны.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
Фото: ашық ақпарат көзінен