7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осы мерекеге орай, біз Qazir оқырмандарын тәуелсіздік алғанымызға 28 жылға аяқ басқан кезеңде еліміздегі ең жоғары Мемлекеттік марапатқа ие болған «Халық Қаһармандары» жайлы мәліметтермен таныстырғанды жөн көрдік.
1993 жылы белгіленген бұл атақ Қазақстан Республикасына сіңірген аса көрнекті қызметі үшін оның бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы азаматтық және жауынгерлік ерліктері үшін беріледі. Бұл атаққа ие болған адамдарға айырықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және « Отан» ордені қоса тапсырылады. Қазірге дейін бұл мәртебелі атаққа ие болғандар саны 29. Әрине алғашқы жылдары оған Отан үшін от кешкендер, қазақ елінің қарулы күштерін қалыптастыру жолында еңбек еткен әскери адамдар ғана емес, ғылым,өнер, медицина саласындағы да айырықша қолтаңбасы бар адамдар ие болғаны белгілі. Өкінішке қарай, халық жүрегінде қашаннан да қаһарман саналған «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген батыр Бауыржан Момышұлына бұл атақ ресми берілгендігі жайлы деректі кездестірмедік. Елдің батыр ұлына деген құрметінен артық ештеңе жоқ. Сонымен біз білетін және есімдерін көпшілік біле бермейтін қаһармандар кімдер?
Отан үшін от кешкен қаһармандар
Отан үшін от кешкен батырларымыз атақты партизан Қасым Қайсенов 1995 жылдың 24 сәуірінде «Халық қаһарманы» атағына ие болса, 1998 жылы бұл атақ тағы сондай халқымыздың батыр перзенті Бақтыораз Бейсекбаевқа , 1999 жылы екінші дүниежүзілік соғыста алғашқы болып Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаевқа берілді. Қазақтың майдангер қыздары арасынан мәртебелі атаққа ие болған 2004 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ұшқыш қазақ қызы Хиуаз Доспанова.
Соғыс кезінде жан аямай Отан қорғаған батырлардың қатарында болып, ерекше ерлік көрсетсе де Кеңес Одағының Батыры атағын иелене алмаған бірнеше батыр майдангерлер де мәртебелі марапатқа кейін ие болды. Олардың қатарында соғыс біткеніне 50 жыл өткенде 1995 жылы Алматыға шақырып, ҚР Тұңғыш Президенті Назарбаев Алексей Кулаковқа «Халық қаһарманы» атағын тапсырды. Атақты №316-гвардиялық Панфиловшылар дивизиясының құрамында Мəскеуді қорғаған, Белоруссияны, Балтық жағалауы елдерін, Шығыс Пруссияны, Польшаны, Чехословакияны, Венгрияны азат етуге қатысқан, елге оралып, қарапайым мұғалім болып қызмет еткен Мурдин Таипов та «Халық қаһарманы» атағын 1995 жылы алды.
Александар Капорин де Кулаков пен Таипов сияқты соғыс басталғанда Қызыл Армия қатарына алынады. Донецк өзенінен өткенде ерекше ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Украинаны, Румынияны, Польшаны азат етуге қатысқан.Соғыстан кейін туған жерінде абыройлы еңбек еткен майдангер «Халық қаһарманы» атағын 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында алды. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, І дəрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің иегері , І топтағы мүгедек Мәулен Қалмырзаевқа да «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ол елге оралғасын да қажымай-талмай еңбек еткен, Шу өзеніне көпір салынуына мұрындық болған ардагер болатын. Осы мәртебелі атақты алғаннан кейін бір айдан соң өмірден өткен.
Еліміздің қорғаныс саласындағы қаһармандары
« Халық Қаһарманы» атағы ең алғаш 1994 жылдың 23 мамырында армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке қазақ елінің қарулы күштерінің қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін берілген. Ал, тағы осы саланы түгендей кетсек, армия генералы Мұхтар Алтынбаев «Халық қаһарманы» атағы 2006 жылдың 6 мамырында алды. Әскери қайраткер, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевқа ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін 2008 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілген.
Еліміздің ғарыш саласындағы қаһармандары
Мәртебелі атаққа ие болған 4 ғарышкер бар. Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, сынақшы-ұшқыш, генерал-майор Тоқтар Әубәкіровке 1995 жылы «Халық қаһарманы» төсбелгісі тағылды. Ғарышкер, генерал-майор Талғат Мұсабаев аталмыш атаққа 1995 жылы ие болды. Ғарышқа жеті рет ұшқан Ресей азаматы Юрий Маленченко 1994 жылы Талғат Мұсабаевпен бірге алғаш рет «Союз ТМ-19» кемесінің командирі ретінде ұшып, 125 тəулік 22 сағат 53 минут, 36 секунд өмірін ғарышта өткізген.Осыған байланысты ол 1995 жылы Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағын алды. Ал, қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетовке бұл атақ 2015 жылы табысталды.
Бейбіт заман қаһармандары
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің құрбаны болған Қайрат Рысқұлбеков 1992 жылы ақталып, оған «Халық қаһарманы» атағы 1996 жылдың 9 желтоқсанында берілді.
Бейбіт заманда батыр атанған Азамат Жұмаділов – Алматы облысының Қаратау ауданы, Үштөбе қаласы, Абылайхан көшесінің тұрғын үйінде шыққан өрт кезінде 3 баланы және балалардың анасын ажал аузынан аман алып қалған ерлігі үшін бұл атаққа 2007 жылы ие болды.
2011 жылы Тараз қаласында лаңкестерді құрықтау барысында көпшілікке қарай лақтырылған гранатаны кеудесімен жауып, қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың ерлігі ел жадында. 20 жыл бойы құқық қорғау саласында қызмет еткен, бейбіт кезеңде ерлік көрсетіп, көз жұмған ержүрек азаматқа сол жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.
2016 жылы Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Fokker-100» әуе кемесінің командирі Дмитрий Родин мен Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Қайрат Үмбетовке «Халық қаһарманы» атағы табысталды.
Ғылым,медицина, өнер саласындағы қаһармандар
Еліміздің ғылым көшін өрге сүйреген «Халық қаһарманы» атанған қос ғалымның есімін де атап өтейік. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, металлург ғалым Ахат Күленовке Қазақстанның «Халық қаһарманы» атағы 1994 жылы берілсе, қазақтан шыққан тұңғыш энергетик ғалым Шапық Шөкин 1996 жылы алды.
1995 жылы медицина ғылымының дамуына үлес қосқан академик Мұхтар Әлиев Халық Қаһарманы жоғары атағымен лайықты бағасын алса, «Халық қаһарманы» атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші ол – Роза Бағланова. Халықтың сүйікті әншісіне бұл атақ 1996 жылы табысталды.
1998 жылы қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев пен Қазақстанның халық әртісі, режиссер, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәмбетовке аталмыш атақ қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін берілді.
Өзге ұлт өкілдерін де бөліп- жармай ортақ отанымызға арнаған адал еңбегі үшін еліміздегі ең жоғары марапатқа лайық деп санағандықтан, 1994жылы , Қарағанды ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу совхозының директоры Александар Христенко,ұлты украин, Қазақстанға еңбегі сіңген құрылысшысы, Аким Атмачиди ,ұлты грек 1995 жылы «Халық қаһарманы» атағымен марапатталған.
Сөзіміздің басында тәуелсіздіктің 28 жылдығына аяқ басқан сәтте 29 «Халық қаһарманы» бар екенін тілге тиек еткенбіз.
Сонымен биылғы жылы 20 наурызда Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Материалдағы пайдаланылған мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынды.