Startup Bolashak: «Менің Арманым» реалити-шоу форматындағы стартап-жобалар байқауының 4 маусымы басталып, аймақтық іріктеу кезеңі екінші рет Жезқазған-Ұлытау аймағында, оның ішінде Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде өтті.
Жоба Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылады. 16-29 жас аралығында жас кәсіпкерлердің қоғамдық маңызы бар бизнес-идеялары инвесторлар тарапынан қолдау тауып, қаржыландырылады.
Өмір сапасын жақсарту, озық білім мен технологияларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріне көшіруге бағытталған ауқымды жоба 5 кезең негізінде жүзеге асады. Іріктеу кезеңнен өткен қатысушылар ширек финалда, жартылай финалда, одан соң финалда бақ сынап, конкурстық комиссия мүшелеріне өз бизнес-жобасын ұсынуға мүмкіндік алады.
Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде аталған Республикалық байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі өтті. Аймақ бойынша жалпы саны 226 өтінім түсіп, олардың ішінен 73 қатысушының жобасытәлімгерлер сессиясында қаралды. Ұсынылған 42 жоба іріктеу кезеңінің финалында тыңдалып, талқыланды. Комиссия мүшелері бизнес-идеялардың жаңалығы мен бірегейлігіне, әлеуметтік маңызы мен мақсатты аудиториясына баса назар аударды. Нәтижесінде іріктеуден өткен 22 жоба Нұр-Сұлтан қаласында болатын ширек финалға жолдама алды.
Жас кәсіпкерлер ұсынған іріктеу кезеңінің үздік жобалары ретінде Жезқазған университетінің студенті Әжібай Мәдинаның «Мінсіз әйел» келіндер мектебі жобасын, Жезқазған университетінің студенттері Жиенқұлова Ақерке мен Жидеғалиев Қуаттың «Күн көзінен қуат алатын құты» жобасын, Жезқазған «Білім-инновация» лицейінің оқушылары Қажмұханбет Бағлан мен Махатов Ыдырыстың «Jasa.kz» жобасын және Жезқазған индустриалды-гуманитарлық колледжі студенттері Абдыуахит Назерке мен Таңатар Динараның «Қарттарға көмек» жобасын атап өтуге болады. Іріктеуден өткен қатысушылардың бизнес-жобаларына жетекшілік ететін тәлімгерлердің қатарында белгілі кәсіпкер Табулганова Гүлжан Мәлікқызы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Жезқазған қаласы бойынша филиалының бас маманы Қасымова Шолпан Ыдырысқызы, «LIKE Центр Жезказган» ЖШС директоры Сәрсембаев Бауыржан Абдрашидұлы, кәсіпкер Шин Светлана Георгиевна, «Жарқын ақыл» білім және даму орталығының директоры Сүлейменов Ақансері Жанболатұлы сынды тәжірибелі мамандар болды.
Тәлімгерлер тарапынан қолдау тауып, үздік деп танылған жобалардың бірі – Жезқазған университетінің 1-курс студенті Әжібай Мәдинаның «Мінсіз әйел» атты келіндер мектебі бизнес-жобасы болды. Бұл жобаның басты мақсаты тұрмыс құрмаған бойжеткендерді келіндік өмірге дайындау болып табылады. Шаңырақтың түтінін түтететін әйел-ананың бойынан табылуға тиісті қасиеттердің барлығы ескеріле отырып, жобаның жоспары жүйелі құрылған. Мәдина өз бизнес-жобасын жүзеге асыру барысында аспаздық курсы, тігін курсы, безендіру курсы, сұлулық курсы және т.б. бойынша арнайы білімі бар мамандармен бірлесе отырып жұмыс атқаруды жоспарлауда. Ең негізгісі – халқымыздың салт-дәстүрін де назардан тыс қалдырмаған екен. Әжібай Мәдина жобасында қамтылған курстардың саны мен ауқымы да кәсіптің өркендеуіне байланысты кеңейе беретіндігін айтып өтті. Бизнес-идеяның тууына өзінің осы дағдыларды жетік меңгергендігі себеп болғанын айтады. Жобаның өз кезегінде еліміздегі ажырасу санын азайтып, отбасы тұрақтылығы мен беріктігіне қызмет ететіндігіне сенімді.
Қоғамға пайдалы деп танылған жобалардың бірі ретінде Жезқазған университетінің студенті Жиенқұлова Ақеркенің «Күн көзінен қуат алатын құты» атты бизнес-жобасын атауға болады. Бұл жоба, негізінен, ана мен баланың денсаулығына пайдалы етіп жасалған. Құты күн көзінен қуат алатын арнайы батареялар көмегімен суды дер кезінде жылытуға мүмкіндік береді.Яғни, құтының сапарда, қонақта т.б. үйден тыс жерлерде қолдану тиімділігіне баса назар аударылады.Өзімен алып жүруге ыңғайлы болуынан бастап құты материалының адам денсаулығына кері әсерін тигізбеуі де ескерілген. Күн көзінен қуат алатын батареяның күшіне де мән берілгендігінен жобаның жүйелі еңбек пен көп ізденістің нәтижесінде туғаны аңғарылады. Ақерке суды кез келген жерде, кез келген уақытта жылытуға жағдай жасайтын құтының тек аналарға ғана емес, спортшыларға да, жалпы қоғамға пайдалы қызмет ететіндігін атап өтті.
Шеңбері жыл сайын кеңейіп жатқан Startup Bolashak: «Менің Арманым» конкурсы жастардың өз армандарын орындауына мол мүмкіндіктер туғызады. Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатындағы бұл ауқымды жоба жастарымыздың креативті, жаңашыл әрі ізденімпаз екендігіне көз жеткізді. Жезқазған-Ұлытау аймағынан ұсынылып отырған түрлі бизнес-идеялар байқаудың алдағы кезеңдерінде де үздік деп танылып, еліміздің қоғамдық-әлеуметтік өмірін жақсартуға қызмет ететіндігіне сенеміз.
Нұрай ЖҰМАТАЙ, Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының маманы .