Елордада қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен «Көркемсөз оқу шеберлері» қалалық байқауы өтті. Байқау 2019 жылы туғанына 125 жыл толған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Дөнентаевпен биыл 80 жылдығы атап өтілген Ф. Оңғарсынованың шығармашылығын насихаттау, жас буынның көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды. «Жастар жылында» өткен бұл байқауға 17 мен 29 жас аралығындағы әртүрлі саланың мамандары, университет пен колледж студенттері, мектеп оқушылары қатысты.
Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын іріктеу кезеңі өтіп, онда 70-ке жуық азамат бақ сынаған. Қазылар олардың өнеріне сын көзбен қарап, тек 13-ін ғана финалға өткізген. Осыдан кейін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссерлері бір апта бойы жастарға кәсіби кеңес беріп, сахна сырын үйретті.
Финалда қатысушылар прозалық, поэзиялық туындыларды мәнерлеп оқып, сахна мәдениетін қаншалықты меңгергендігін, шығарманы жан-дүниесімен түсінгенін көрсете білді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов, «Ақпарат саласының үздігі, белгілі журналист Базаркүл Сейітжанқызы және Жазушылар одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ақын Алмас Темірбай қазылық етіп, қатысушылардың өнерін бағалады.
Қатысушылар Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», «Күлпаш», «Қырмызы», «Түйебай» шығармаларын, С.Сейфуллиннің «Айша», «Тар жол, тайғақ кешу», «Арнау», «Жұбату» атты туындысын, І.Жансүгіров, С.Дөнентаев, Ф.Оңғарсынованың поэзиясын жатқа айтты.
Көрермендер арасында сұрақ-жауап ойыны өтіп, дұрыс әрі шапшаң жауап бергендер театрға тегін кіретін қос билетке ие болды. Белгілі эстрада әншілері Маржан Арапбаева, Асқар Әшім және «Өрлеу» тобы өнер көрсетті.
Жарыс бар жерде, жеңімпаз бар. «Көркемсөз оқу шеберлері» қалалық байқауында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Айжан Алхабек І орын иеленді. Жүлделі ІІ орынды аталған оқу орнының тағы бір студенті Айым Қаршыға алса, ІІІ орынды Еркебұлан Байқасов пен Ідіріс Дәмелі бөлісті.
І орын иеленген Айжан Алхабек енді бақ пен бап қатар шабатын республикалық байқауда елорда намысын қорғайды.
Жанболат Шәкім
журналист .