Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы ардагерлер және мүгедектермен жұмыс бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаеваның мәліметінше, Жеңістің 74 жылдығын мерекелеу аясында астанада ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген жандарға жалпы сомасы 402 888,9 млн теңге әлеуметтік көмек қарастырылған, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайты.
Оның айтуынша, елордалық 71 соғыс ардагеріне 519 мың теңгеден берілсе, соғысқа қатысушылары мен мүгедектеріне берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген 332 адам 22 725 теңге (9 АЕК) алады, ал соғысқа қатысушыларға берілетін жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген өзге санаттағы 3 519 адам 11 363 теңгеден (4,5 АЕК) төленбек.
Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдар үшін коммуналдық қызметтерді төлеуге ақшалай өтемақы қарастырылған. Өтемақы 1 609 адамға беріледі. Оның жалпы сомасы 127 054 мың теңге.
Соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген 2 700 адамды дәрімен қамтамасыз етуге жалпы сомасы 33 500 мың теңге қарастырылған.
Сонымен қатар майдангерлер мен оларға теңестірілген адамдар қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жол жүруге және тегін тіс протездеуге құқылы.
Фото: astana.gov.kz