Біздің бүгінгі мақаламыздың кішкентай кейіпкері бауырлас әзірбайжан ұлтының ұланы Астана қаласының тұрғыны Теймур Субахоноглы Ахмедов атты бүлдіршін болмақ. Оның жасы небәрі төртте ғана. Дегенмен, тіршілік делінетін ұзақ жолдың тарам да тармақты соқпағына енді-енді қадам басуға талпынып келе жатқан жас өреннің бүгінгі күнге дейінгі өткізген аз ғана ғұмырының өзі көп қатарластарына қарағанда тіптен бөлекшелеу болыпты. Міне, осы бөлекшенің сырын жеткізу үшін де біз оны бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері етіп таңдадық.
Жасыратыны жоқ, көп балалы, көп болғанда да жеті-сегіз баланы өмірге әкеліп, сол қара домалақтарын еш нәрседен кем қылмай, бағып-қағып отырған нағыз көп балалы отбасылар саны елімізде аз емес. Ал, оқырмандарымыз үшін «бағып-қағып» дегендегі сөзіміздің мағынасын аша түсер болсам, қаз балапандарындай тіркесе де тізіле өсіп келе жатқан перзенттерінің «көйлегін көк, тамағын тоқ» етумен қатар, оларды дүниеге әкелген ата-ананың тағы бір басты міндеті ұрпағының бойына салт-дәстүрімізді, тарих-танымымызды, ең бастысы білім мен тәрбиені кішкене күнінен саналарына тереңдете сіңіру екендігін айтқым келген.
Ал, біздің Теймурдың отбасында бала саны көп болғанымен, олардың бойларына жоғарыда аталғандай ұлы құндылықтарды сіңіре өсіру жағы кемшін қалып қойған сияқты. Өйткені, төрт жасқа жаңа ғана толып, тілі енді шыға бастаған балдырғанның екі-үш тілде еркін сыбап-сипауын қалай түсінуге болар еді. Тіпті, ол алдындағы аға-апаларына да күн бермей тиіскенде алдына жан салмаған. Көктен түскендей оқыс оқиға болмағанда, кім білсін жағдай осылайша жалғаса берер ме еді..?
Оқыс оқиға деп отырғаным, осы жазда қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрып жатқан Ахмедовтардың пәтерінен өрт шықты. Соның салдарынан санаулы минуттар арасында үй ішіндегі дүниенің барлығы да қолдануға жарамсыз болып қалды. Жанғаны күлге айналды, қалғандары өңін жоғалтты... Киім-кешектен иыққа ілері қалмаған бір отбасы бар болғаны жарты сағатта жалаңаштанды да қалды.Тілсіз жау дүние атаулыдан түк қалдырмай бәрін жалмап кетті. Мұнан өткен қайғы болар ма? Отбасы мүшелері бәрі аман, көңілге медет сол ғана... Үй иесі Субахон табысты емес, ал жұбайы Джафара Махбуба болса үй шаруасындағы әйел. Ендігі жерде не істерлерін білмей дал болып қалған Ахмедовтерге жанашырлық танытқан көршілері «Шаңырақ» Республикалық қоғамдық бірлестігіне қарай жол сілтей отырып, бір жақсылық болса солардан десіпті.
«Жайсыз жағдайға қанық болған «Шаңырақ» бірлестігіндегілер шұғыл әрекет ете отырып, алдымен отбасы мүшелерін киім-кешек және өзге де қажетті медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз еттік» - дейді бірлестіктің үйлестірушісі Жансая Кенжебаева. Жағдай сәл реттеліп ес жия бастағанда бірлестіктің бағытын түсінген Джафара Махбуба ұлы Теймурды осындағы «Қобланды» орталығына қабылдаңыздар деп қиылады. Теймур орталыққа осылайша тап болған.
«Ол келген сәттен бастап өзінің қиқар мінезін көрсетіп бақты. Айтқанға көне қоймайтын Теймурдың сыбауға келгенде соншалықты мәтіби екендігіне бәріміздің де көзіміз жетті. Ал, бағдарламаға сәйкес дәріс алуға келгенде тіптен құлықсыз еді» - деп еске алады, қиқар баланың қисық мінезіне соншалықты таң қалған орталықтың үйлестірушісі Жансая Кенжебаева, - алайда, кешенді түрде жүргізілген келісті жұмыстар көп кешікпей-ақ, Теймурдің мінезін өзгерте бастады.Ол былапыт сөздер айтуды бірте-бірте кеміте жүріп, бір айдай мерзім ішінде өзінің жаман мінезін қалай жоғалтып алғанын білмей де қалды» - дейді орталық үйлестірушісі.
Келе-келе шайпау сөз айтпақ түгілі, құлаққа түрпідей тиетін былапыт ести қалса өзі қысылатын жағдайға да жеттік, деседі тәрбиешілер. Тентек ұлының көз алдында өзгеріп, бұрынғыдай бұзықтық жасаудың орнына оның бойынан тақпақ жаттау, бейнелеу өнеріне деген құлшыныстарды байқаған Теймурдың анасы Джафара Махбуба «Қобланды» орталығына арнайы келіп ризашылығын білдірді. «Қобланды» орталығына кездейсоқ тап болған бұзық Теймур бүгінде жақсы бала атанып жүр.
Берден Қабыл