«Көне дүние күмбірі» айдарында еліміз бойынша қасиетті нысандар тізіміне енген орта ғасырда өмір сүрген Шақпақ ата қорымы жайлы мәліметтерді ұсынамыз.
Шақпақ ата қорымы және жерасты мешіті (IХ-Х ғғ.) – мешіттердің аса көркем үлгісі болып табылады. Мешіт Түпқараған ауданы, Таушық елді мекенінен 40 км солтүстік-батыс бағытта Сарытас-Қошақ шығанағына таяу Оңғазы тауының етегінде орналасқан.
Шақпақ атаның өмір сүрген уақыты белгісіз, зерттеушілердің айтуы бойынша, шамамен орта ғасыр болуы керек. Ел аузында сақталған мәліметтерге қарағанда, Шақпақ ата мұсылманшылықты терең меңгерген, шәкірт тәрбиелеп, бала оқытқан, діндарлығымен қатар қалмақтармен соғыста атағы шыққан батыр болыпты. Жартас ішіндегі жасанды үңгір түрінде жасалған мешіттің ішкі бөлмелері орталық зал арқылы шарбақ тәрізді орналасып, солтүстік, оңтүстік, батыс, шығысқа қарай бағышталған.
Белгілі зерттеуші А. Медоев бұл көрнекті құрылысты: «Ғимарат ежелгі шығыстың сәулет өнерінің үлгісімен күмбезделіп жасалған. Мешіттің іші мен есіктерінің мәнер өрнектері ерекше көркемделген, оларды өшпейтін бояулармен безендірген», – деп сипаттаған.
Серікбол Қондыбайдың мифологиялық зерттеуінде Шақпақ ата – өлгендерді желеп-жебеуші, жыландардың әміршісі. Тарихи тұлға ретінде шын аты – Шахмардан, ол – Шопан атаның немересі. Шақпақ ата деген атқа ие болған себебі – жаумен шайқаста қаруынан оттың ұшқындары шыққан. Аңыз деректер бойынша, от керек болғанда Шақпақ ата бір тырнағын екінші тырнағына тигізсе болғаны, ұшқындар жан-жаққа шашырайды екен. Оны халық тастан от шығарып, жауын отпен күйдіріп жіберетін құдіреті үшін құрметтеген.
Келесі бір аңызда, Ата бірде-бір ауылдың жанынан өтіп бара жатып, күйеуінің әйелін ұрып-соғып жатқанының куәсі болған. Жанжалға себеп, отбасында баланың болмауы екен. Шақпақ ата жылдам бейшара әйелге араша түсіпті. Мүмкін алғысын білдіргісі келді ме, әлде бұдан былай күйеуінен көрген қорлыққа төзбеуді мақсат тұтты ма, әлгі әйел Шақпақ атаның артынан еріпті. Содан олар тоқтаған сол құлазыған қу далада жер астынан бұлақтар жарып шығып, шелектеп нөсер жауын жауып, тіршілік жаңарып, жақсарып, құлпырып кетіпті. Содан кейін-ақ бұл жерге жан- жақтан адамдар өз қиыншылықтарынан арылтатын бір көмек іздеп көптеп келе бастаған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.