Біздің елімізде адамдардың еңбекке қабілеттілік белсенділігі кезеңінің ұзақтығы орта есеппен 30 жылды ( 20-25-50-55 жас аралығын) құрайды. 40 жастан соң көпшіліктің денсаулығында айтарлықтай проблемалар пайда бола бастайды. Ал, 50 жастан кейін бұл проблемалар еңбек қызметіне және толыққанды өмірге түбегейлі кедергі келтіреді. Осы ретте біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдерінен артта қалып отырмыз. Бұл елдерде көбінесе адамдардың еңбек және шығармашылық белсенділік кезеңі әлдеқайда ұзағырақ болып, еңбек өтілінің ұзақтығы 45-50 жыл (25-тен 70-жасқа дейін және одан жоғары), кейде көпшілігі 75-80 жасқа дейін, тіпті арасында құрметті қарт жасына келгендердің арасында жұмыс істеу қабілетін жоғары деңгейде сақтаған адамдар да кездеседі.
Қазіргі таңда болып жатқан мына індетпен күрес, халықтың денсаулығының мүшкіл халде екенін байқатып отыр.
Қазақстанда жұмыс істейтін 9 млн. халықтың 7 млн - ға жуығы жалдамалы жұмыскерлер. Сондықтан, бүгінгі таңда жұмыс берушілердің жұмысшылардың салауатты өмір салтын ұстануына көңіл бөлуі ерекше маңызды.
Осы тұста әлеуметтік қоғамның бір бөлігі ретінде кәсіподақтар елордамызда үшжақты комиссия отырысында жан-жақты талқылап, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және нығайту, жұмыс орнында қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында, 2020-2022 жылдарға арналған "Салауатты жұмыс орындары" бағдарламасын бекіттік.
Бағдарламада жұмыс күні режиміне өндірістік гимнастиканы, дене шынықтыру-үзілістерін енгізуді, сонымен қатар, еліміздің кәсіпорындары мен мекемелерінде дене шынықтыру ұжымдарын құру қарастырылған.
Дене белсенділігі мен бұқаралық-сауықтыру спорты, қоғам өмірінің барлық салаларында экономикалық шығындарды азайтуға ықпал ететіні баршаға мәлім, зиянды әдеттерден арылтуға септігін тигізіп, сондай-ақ халықтың өмір сүру ұзақтығын және еңбекке қабілетті жасын ұлғайтуға оң әсер етеді.
Қазіргі таңда бүкіл әлемді дүрліктірген қауіпті вирус кезінде де адам организімінің мықты, иммунитеті берік болуы үшін де спортпен айналысудың маңызы зор. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, адамның басты байлығы - денсаулық екенін ұмытпайық ағайын.
Аталған шараға шамадан тыс шығындар кетеді деген пікірлерге қарамастан, бұл бағдарлама, әлеуметтік жағынан да және экономикалық жағынан да тиімді болады деп айтуға болады.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, жүрек-қантамыр ауруымен және диабетпен ауыратын адамдардың еңбекке уақытша қабілетсіздігінен Қазақстан экономикасына шығындары жыл сайын 23,6 млрд.теңгеге түседі.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе экономикалық шығынды талдауына сәйкес, инфекциялық емес аурулардың Қазақстан экономикасына келтірілген бір жылғы шығын 2,3 трлн. теңгені құрап отыр. Бұл 2017 жылғы елдің жалпы ішкі өнімінің 4,5 пайызына тең. Дене шынықтыру мен спортқа салынатын инвестициялар бастапқы инвестициялардың бірнеше есе артуымен адам ресурстарына салынатын капиталды салымның мультипликативті әсерін беретіндігі ғылыми түрде дәлелденген.
Экономикалық моделдеу нәтижелеріне сәйкес, халықтың физикалық белсенділік деңгейін арттыруға бағытталған шаралар 15 жыл ішінде еңбек өнімділігін арттыру түрінде 775 млрд.теңге мөлшерінде инвестициялардың жоғары қайтарымдылығын қамтамасыз етеді (көрсетілген кезеңде әрбір салынған 1 теңгеге сәйкесінше 34 теңге).
Осы орайда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының қоғамдық денсаулық сақтау және қоршаған орта департаментінің директоры Мария Нейраның: "Бизнестің әл-ауқаты жұмысшылардың денсаулығына байланысты” деген сөзі орынды айтылған.
Сарапшылардың деректері бойынша, спортпен айналыспайтын адамдарға қарағанда, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардың еңбек өнімділігі 10-15% - ға жоғары.
ДДҰ сарапшылары еңбекшілер үшін дене белсенділігіне жұмсалған ұтымды уақыт аптасына 6 сағаттан кем болмауы тиіс деп анықтады.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, өндірістік гимнастиканың еңбек процесіне енгізілуі, жарақаттанудың орташа есеппен 17%-ға төмендеуіне ықпал етеді, ұжымда сырқаттанушылықты 40-50%-ға, еңбекке жарамсыздық кезеңін 20% -ға қысқартады, созылмалы аурулардың анықталуын 10-15%-ға арттырады және еңбекке жарамсыздықтың орташа мерзімін 30 пайызға азайтады. Осы тұрғыдан келгенде еліміздің ертеңі үшін «Салауатты жұмыс орындары» бағдарламасының маңызы зор.
Төлеген Күнәділов,
Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығы төрағасының міндетін атқарушы.