«Көне дүние күмбірі» айдарында оқырмандардың көңілінен шыққан тарихи-танымдық материалдарды дайындаған, Жезқазған теледидарында басталған еңбек жолымда әріптесім әрі туған ағамдай ақылшы болған, жазушы-публицист Тоғанбай қажы Құлманов сәуір айының алғашқы аптасында өмірден озды. Жанымызды күйзелткен қайғыға көңіл сенбегенмен, өмір керуені тоқтамай алға зырлап барады. «Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте, біреу кеш бір құлайды...» деген ән шумақтарын еске салған Заря Әмірқызы жазған естелік біз үшеуміздің сыйластығымызға сызат түсірмеген өткен күндерімізден сыр шертіп, көңіл тербейді...
«Іздеу саламыз!..»
Біз үшеу едік...Бір-бірімізден жас айырмашылығымыз болса да, «Бес жас - белден құрдас, он жас - ол да құрдас» деп, бір-бірімізбен әзіліміз жарасатын. Бір үйде бірге туған ағалы-қарындастардан бетер едік. Біздің тату-тәтті сыйластығымызға жұрттың бәрі қызығатын. Үшеуміз деп тұрғаным - Тоғанбай Құлманов, Базаргүл Үмбетова, сосын – мен. Үш тележурналист.Үшеуміз Жезқазған облыстық телекомпаниясында қаншама жыл бірге еңбек еттік. Үшеуміз ошақтың үш бұты сияқты, телеарнаның қасиетті қара қазанын бірге қайнаттық. Талай-талай тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, қаншама адамдармен араластық. Үшеуміз тың тақырып іздеп, қызық телебағдарламалар дайындап, өзіміз «пісіріп», өзіміз «түсіріп» жүрген сол бір сағыныш сағымына айналған күндер қазір тек ыстық естелік болып, көңіліміздің төрінде сақтаулы.
Айдың-Күннің аманында, бір-бірімізді «іздеп» жүретінбіз.Үшеуміздің біреуіміз бір жаққа кетсек болды, қалған екеуміз сол кеткен адамның фотосуретін қағазға жапсырып, астына күлдіргі бірдеңе жазып, стол үстіндегі қалың әйнектің астына қоятынбыз. Біздің сол қылығымызды әріптестеріміздің бәрі білетін. Өмірдің түрлі қиындықтарынан еңсесі түсіп, жағдайы болмай жүрген жұмыстастардың бәрі де кей-кейде кабинетімізге келіп, біздің бір-біріміз жайлы жазған әзіл-оспағымызды оқып, рахаттана күліп, бойларына бір таза энергия, күш-қуат алғандай болып, сергіп-серпіліп қалатын.
Әлі есімде бірде Тоғанбай әріптесіміз біраз уақыт іссапармен жол жүріп кетті. Біз Базаркүл екеуміз дереу оның фотосуретін жапсырып, жазу машинкасымен бастырып, мынадай хабарландыру жазып тастадық:
«БӘРІҢЕ, БӘРІҢЕ, БӘРІҢЕ!
Үстінен қысы-жазы костюм-шалбары түспейтін, анасынан туғанда мойнына галстук тағып шыққан, көзінде «оправасы» қымбат көзілдірігі бар, қасы марқұм Брежневтікі сияқты қалың, түрі жылы, сөзі байыпты, өзі «қауіпті» Тоғанбай Құлманов деген тележурналист жоғалды.
Ерекше белгісі: қыз-келіншектерге әзіл айтып, күлкіден шегін түйіп тастайды. Соның кесірінен кей жігіттер әйелдерін сабауы ықтимал.
Сақ болыңыздар! Ол жүрген жерде міндетті түрде жер сілкінеді. Оны қолынан жетектеп жұмысқа әкелген немесе мекен-жайын тауып берген адамға Т.Құлмановтың бір айлығын және жылдық қаламақысын сыйақыға береміз!» деп, хабарландыру жазып, келген-кеткенді күлкіге қарық қылғанымыз бар.
Мен қалай Магаданға «бардым»?
1994 жылы мен кенже баламды босанып, үйде отырғам. Хабарға қатысуға келген жұрт: «Сіздермен бірге эфирге шығып, хабар жүргізетін көзілдірікті келіншек қайда?» - деп мені сұрай береді екен.
Содан Тохаң мен Базкен бір күні менің ақшыл тон киіп, көппен бірге қыста түскен бір фотомды қиып алып, ақ қағаздың шекесіне жапсырып, «Магаданнан сәлем!» деп мен болып хат жазыпты. «...Жасы 90-дағы Мудров деген шалмен бірге, әйгілі ақын ағамыздың жерленген жерін іздеп жүрмін. Жезқазғанда қазір шыжыған шілде шығар, мында күн суық. Қалың тон кисем де тоңып жүрмін, елге қашан қайтарымыз белгісіз. Бәріңді сағындым... » деген сарындағы хатты менің жазу столымның үстіне, қалың әйнектің астына салып қойыпты. Сол жылы республикалық газет-журналдар 1937 жылы саяси тұтқын ретінде Магаданда болған, қазір Қарағанды қаласында тұратын, Мудров деген орыс шал Сәкен Сейфуллинді көріпті. Екеуі айдауда бірге болыпты. Тіпті оның жерленген жерінде біледі екен деп жарыса жазып жатқан. Рас-өтірігін кім білсін...
Редакцияға келіп, мені сұрағандарға жауап беріп жатпай, Тохаң мен Базкен сол «хатты» көрсете қояды екен. Артынан көшеде кездескендер менен: «Магаданнан қашан келдіңіз? Экспедиция әлі Сәкеннің сүйегін іздестіріп жатыр ма?» деп сұрайтын. Басында түсінбей жүрдім. Мені «Магаданға жіберген» әлгі екеуі екенін кейін білдім ғой.
Анекдоттың «жалғасы»
Қандай қарбалас қызу жұмыста жүрсек те, үшеуміздің әзіл-күлкі, қалжыңымыз таусылмайтын. Кей-кейде үшеуміз бірігіп, ерінбей-жалықпай, ұзыннан шұбақ қабырға газетін шығаратынбыз. Түрлі-түсті журналдардан сәмбі талдай солқылдаған сұңғақ бойлы модель қыздардың суреттерін қиып алып, солардың денесіне жұмыстас толық денелі, етжеңді қыз-келіншектердің фотосуреттерін тауып алып, бастарын қиып алып, желімдеп, суреттің астына түрлі құттықтау, тілектерімізді жазып, немесе күлдіргі репортаждар жазып қоятынбыз. Жұмыстастардың бәрі біздің кабинетімізге шұбырып келіп, үшеуміздің шығарған қабырға газетімізді оқып, күлкіге кенелетін...
Жаңбыр жаумай су болып, шекесі тырысып жүрген кейбір апайлар бізге: «Осы сендер неге жетісіп күлесіңдер де жүресіңдер? Айлық алмағалы бәлен ай болды. Премия, гонорар дегенді мүлде ұмыттық. Сендердің ғана қағанақтарың қарқ, сағанақтарың сарқ!»-деп ұрсатын. Шынымен де ол бір КСРО тарап, қоғам өлара өтпелі кезде тұрған өте қиын кезең еді. Дүкендер жылан жалағандай. Арақты да, тамақты да, кір сабын мен кір жуатын ұнтақты да қырғын кезекке тұрып, талонмен аламыз.
Бірақ, қазақтар өз алдына жеке отау боп шығып, тәуелсіз дербес ел болғанымызға қуанып жүргесін бе, қандай жоқшылық көрсек те, езуімізден күлкі кетпейтін. Әсіресе, Тохаңның ойнап айтса да ойлап айтатын, жып-жылы, ешкімнің жанына тимей айтатын, астарлы әзілдері керемет болатын.
Бірде ойыннан өрт шыға жаздады. Әзіл әңгіме демекші, бізбен бірге жұмыс істейтін бір келіншек Тохаңның бейкүнә әзілінен зардап шеккені есіме түсіп отыр. Қазір күлкілі...Түнде дәл ұйықтар кезде күндіз Тохаңнан естіген әзіл әңгіме күлегеш келіншектің есіне түсіп, мырс етіп күліп жібереді. Себепсіз күлкінің сырын білгісі келген күйеуі:
- Жаным, не болды, неге күлдің? -десе, келіншектің ойында түк жоқ:
- Ой...Тоғанбай... есіме түсіп кетті,-депті.
- Менің қойнымда жатып басқа еркек неге есіңе түседі?-деп қатты ашуланған күйеуі, жайбарақат күліп жатқан келіншектің көзінің отын жарқ еткізеді.
- Есің дұрыс па? Әй-шәй жоқ, неге ұрасың мені? Мен саған оның айтқан анекдотын айтқалы жатсам,-дейді тосын соққыдан есеңгіреп қалған келіншек есін жиғасын.
- Не анекдот ол?- дейді күйеуі біраздан кейін, ашуы басылып. Көгерген көзіне мұз басып отырып, келіншек күндізгі әңгімені айтып береді:
- «Екі әйел көшеде кездесіп қалады, отбасының амандық-саулығын сұрасады. Қоштасарда біреуі: «Осы сенің күйеуіңнің аяғы мұздамай ма? Біздің Қожахметтің аяғы өмірі қара мұз боп жүреді»-дейді. Екіншісі: «Ой, мен соған тіпті мән бермеппін...»-дейді де, жөніне кетеді. Түнде көрпенің ішіне кіріп келе жатқан күйеуіне: «Түу,сенің де аяғың тастай, тура Қожахметтің аяғы сияқты екен!»-деп айтамын деп,байғұс әйел күйеуінен таяқ жепті»... - Оны естіген соң күлегеш келіншектің күйеуі үйді басына көтеріп, таң атқанша күліпті.
Ертеңіне шыжып тұрған шілде емес, қақаған қыста жұмысқа қара көзілдірік киіп келген күлегеш келіншектің майын тамыза айтқан сол әңгімесіне күллі ұжым болып күліп едік...
Сол күндерді сағынамын
Тоқыраудың тоңы жібіп, коммунистік партияның Горбачев деген жас көсемі (бұрынғы кәріліктен кәужіреген бас хатшылармен салыстырғанда, жастау еді ғой) күн сайын газет-журналдан да, телеарналардан да «Қоғамды қайта құру керек! Бұлай өмір сүруге болмайды. Тоқыраудың тоңын бұзайық!» деп күн сайын ұрандатып жатқан кез еді. Үшеуміз ақылдасып, кеңесіп, жасап жүрген жұмысымызға жаңалық енгізуге, яғни теле хабарлар жасау жүйесін түбегейлі өзгерткіміз келді.
Жалындаған жаспыз. Бірыңғай КПСС съездерінің шешімін насихаттайтын, тек қана коммунистік идеологияға құрылған телехабарлар өзге түгіл өзімізге де ұнамайтын. Таптауырын тақырып, бір сарынды қоңырқай тірлік, саяси науқаншылдықтан әбден жалығып кеткенбіз. Бойдағы бұла күшті қайда жұмсарды білмейміз.Тасқындаған күш-жігерімізді ұжымдағыларды күлдіретін қабырға газетін шығаруға құртпай, күллі облыс халқының рухын көтеретін, ұлттық мақсат, мүддемізді қозғайтын, елді имандылыққа шақыратын, ұмытыла бастаған салт-дәстүрімізді жандандырып, тарихымыздың ақтаңдақ тұсын толтырып, халық емі мен қол өнерімізді тірілтетін бір хабар жасауға көңіліміз кетті.
Үшеуміз әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ойымызды қағазға түсіріп, ақыры, бас редактор Марат Сандықбаевқа бардық. Ол жігіт тіпті бізден әрмен жанып түсті. Келісіп пішкен тон келте болмайтыны рас екен... Біздің тың ұсынысымызға телеарна төрағасы, яғни ең үлкен бастығымыз Сәбит Жүнісбекұлы да қызықты. Бірақ ашықтан ашық рұқсат етуге жүрегі дауаламады. Сосын: «Сендер ол хабарды телестудияның ішінде емес, басқа жерде түсіріп, дайын күйінде эфирге ұсыныңдар. Егер жоғары жақтағылар (обком партиядағылар) біліп, шу көтерсе, бас редакторға сөгіс беремін, сен үшеуіңнің айлықтарыңды кесемін»-деп, әсіре сақтық ойлап, бізге бірден ескертті. Онысына да көндік...
Ол кезде қазіргідей ықшам, қолға ұстап жүретін жеңіл камералар жоқ. Анда-санда, онда да тек мерекелік шерулерде ғана репортаж түсіру үшін орталық алаңға алып шығатын ПТВС-ты (жылжымалы теле-видео станция)жаңа хабарымызды түсіруге пайдаланатын болдық. ПТВС тұратын гараждың ішіндегі от жағылмайтын, іші мұздай бір бос бөлменің ішін тазаладық. Үйден шағын кілем, дөңгелек үстел, оюлы кесе сияқты ұлттық бұйымдар әкеліп, «павильонымызды» өзімізше безендірдік. Үстімізге шапан, қамзол, қос етек көйлек сияқты ұлттық киімдер киіп, басымызға тақия, орамал, үкілі топы киіп шыға бастадық.
«Жұмадан жұмаға дейін» деп аталатын, сан алуан тақырыпты қамтитын, бірнеше шағын беттерден тұратын тележурналымыз тек жұма сайын шыға бастады. Біз жарты жылдай сол хабарға қаламақы алмай, тегін дайындап жүрдік. Халық бірден қызыға қарап, асыға күтетін, қазіргі тілмен айтқанда, ең рейтингі жоғары хабарға айналып шыға келген соң барып, кәдімгі заңды хабарлар қатарына ілігіп,еңбегімізге сай қаламақы төлене бастады.
Таптаурын болған бұрынғы телехабарлардан мүлде бөлек сол бір тележурналымыздың тартымды болуына Жезқазған жұртшылығы, әсіресе зиялы қауым өкілдері жұмыла ат салысты. Жергілікті жоғары оқу орнында кафедра меңгерушісі боп істеген, өте ізденімпаз, білімпаз, жан-жақты жан Ғұзыхан Ақпанбек ағамыз қаламақы алмаса да, көреремендерге төте жазу үйретіп, тағлымды, танымдық әңгімелер айтып, біздің ұжымның бір мүшесіндей болып кетті.
Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі төрағасы Асқар Ермекбаев ағамыз «Қымызханасын» мерекелік хабарымызды түсіруге тегін беретін. Тіпті үшеуміздің үстімізге киетін ұлттық киімдеріміздің тігілуіне де сол кісі ықпал етті.
Республикада бірінші рет жергілікті мешіттің имамы жұма сайын уағыз айтып, имандылықты ашық түрде эфирден насихаттай бастады. (Қазір ол кісі елордамыздағы «Рыскелді» мешітінің бас имамы). Аз уақытта халықтың ықыласына бөленген «Жұмадан жұмаға дейін» телехабарының әсерімен, құбылаға бетін түзеп, сәждеге бас қойған Тоғанбай әріптесіміз кейін Меккеге барып, қажы боп оралды. (Енді жұрт бұрынғыша Тоғанбай деп атын айтпай, «Тоғанбай қажы, қажы-еке» деп құрметпен сөйлесетін. Біз де онымен әзілдесуді қойып, өле-өлгенше қажы-екелеп сыйлаумен өттік.)
Жезқазған облысы тарап, облыстық телеарнамыз жабылып, кішкентай ғана қалалық телестудия боп қалған кезде, мен отбасыммен Алматыға қоныс аудардым. Тағдырдың жазуы шығар, алдымен Базкен – Астанаға елден бұрын көшіп барып, Елордамыздың байырғы тұрғыны атанды. Журналистер арасында өткізілген сан түрлі бәйгеде бас жүлделерді жеңіп алып, Жезқазған жерінде алған жақсы тәжірибесін жарқырата көрсетті. «Астана» радиосының бас редакторы болып, ақылды басшы ретінде талай-талай жас журналистерді тәрбиелеп, талантты жастардың бағын ашты. Араға жылдар салып, Тохаң да күллі әулетімен көш басын Сарыарқа төсіндегі жаңа астанаға бұрды. Туған жер тарихын зерттеп, тамаша тарихи - тағлымдық кітаптар жазды.
Соңғы рет үшеуміз бұдан үш жылдай бұрын Базкеннің «Журналист жолы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсіміне қатысып, оның туған жері Теректіде, Әнуар бауырымыз әкім болып жүрген Ұлытау өңірінде, талай жыл маңдай теріміз төгілген Жезқазған қаласында ел-жұртпен жүздестік. Талай қызық естеліктер айтып, кезінде біздің телехабарларымызды тапжылмай қараған көрермендердің ыстық ықыласына бөлендік.
Енді сол күндер де естелікке айналып шыға келді... Тоғанбай қажымыз енді бұл өмірде жоқ. Келместің кемесіне мініп, ата-бабаларының артынан аттанып кеткеніне екі айдан астам уақыт өтіпті. Жоқ дегенге көңіл сенер емес... Біз үшеу едік. Енді екеуміз Қажы ағамыздың артынан құран, дұға бағыштап, жәннаттан орын бере гөр деп Алладан сұраудамыз. Одан басқа, қолдан келер ештеңе де жоқ.
Заря ӘМІРҚЫЗЫ, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.