ХХІ ғасыр жастарының кейбірінің сөзі мен іс-әрекеті сәйкеспей жатады. Соған орай қазіргі жастардың екі түрлі әлемін салыстыра ой толғағым келеді. Қазіргі заман – ғылым мен инновациялық технологияның қарыштап дамып өте жоғары деңгейге жеткен шағы. Қазір еліміздегі бар мүмкіндікті қолданып, білімге құштар болып жүрген жастар аз емес. Білімге құмар болған сайын адамның ой-өрісі кеңейіп, қоғамда оған қарап бой түзейді. Жаңа ғасырдың мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана біліп жатқан жастар көпке үлгі бола алады. Ондай жастар жоғары оқу орнын тек Қазақстанда ғана оқып шектелмей, одан әрі өз білімдерін жетілдіріп шетелге оқуға түсіп жатады және де түрлі ғылыми жоба қорғап, белсенділік танытып елімізге үлес қосады. Білімдерін одан әрі бизнес арқылы дамытып жатқан жастар қаншама! Бұндай талантты жастарды мақтан тұтамыз.
Танымал журналист Бейсен Құранбек «егер жастар білімге, ғылымға аш болса, биік табысқа жетеді» деген болатын.
Әрқашан ізденіс үстінде жүретін жан күнде жаңа бастама, жаңа қадам бастаудан қорықпайды, шаршамайды және бар білімдерімен бөлісу үшін ғаламтор желісіндегі оқырмандарына әр түрлі тақырыптағы ақылы түрде тренингтер, марафондар өткізіп жатады. Білім беріп қана қоймай, өзінің еңбегінің ақысын алады. Қазіргі дамыған технологияның арқасында қашықтықтан болсын, үйде отырып болсын кез келген жан өзінің қалаған білімін меңгере алады. Қай жағынан болсын білім алудан жалықпайтын жастардың барына қуанамын. Абай атамыз:
«Керек іс бозбалаға - талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық», - деп жастарды жақсы мінез, жақсы қылыққа үйір болуға шақырады. Жалған мақтанға әуес болмауды ескертеді.
Бүгінде тапқаны тамағына жетпейтін кейбір жастар ең соңғы модельдегі қымбат смартфонды кредитке алып, «бай адамның» кейпіне еніп, алшаңдай басатын кеселге тап болды.
Қазіргі таңда замандастарым ғаламтор желісіне уақыт бөлгенімен оның тиімді тұстарын пайдаланбай, керісінше қажетсіз дүние үшін алтын уақыттарын босқа өткізіп жатады.«Қазіргі кезде жастардың өмірлік ұстанымдары тұрақсыз. Кей жастарда «жеңіл табысқа» ұмтылу жиі байқалады «Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастардың қолында». Адамның қандай жан екенін біліміне, сауаттылығына қарап байқауға болады. Білімді болсаң, сенен зиялылықтың, даналықтың лебі есіп тұрады. Сыртқы сұлулық маңызды емес, жан сарайың сұлу болсын. Ойдың тазалығы, жанның тазалығы, ардың тазалығы – адамның абыройын асқақтатып, беделін өсіретін асыл қасиеттер. Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп. Яғни ол –жаңа технологияларға деген қолжетімділік. Өз өмірлерін техникамен байланыс¬тырған жастардың әдебиетке деген құлшыныстары төмендегенін байқауға болады. Қазір дамыған заман болғанымен бұл ойлау қабілетімізді төмендетіп дайын нәрсеге құмар қылғаны сондай – сол үшін де жастар іздену, ойлану дегеннен алшақтап барады. Мұхтар Шаханов айтқандай, «компьютер басты жартыадамдар»көбейіп барады. Әрбір жанда бір істі қолға алмас бұрын ниет пен шабыт болса кез келген істің қайыры болады. Тым болмаса бір жанды шабыттандыру мақсатында Бек Жылқыбаевтың мына өлең жолдарын ұсынғым келеді:
Шекараларды талқандай
Жарып бір шық та жабықтан
Жаным-ау, қорқып жасқанбай
Боса-дағы сен шабыттан!
Қиналып келіп кезінде
Сабырға салып бар ұтқан
Өмірде мына өзің де
Сондай жандардан шабыттан!
Жоғалтпай уақыт жылдарды
Шабыттан Күннен, Айдан да
Жалықсаң жинап мұңдарды
Шабыттан!
Қайта айнал да.
Әрбір атқан күн –жаңа мүмкіндік! Сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану – әр адамның қалауында. Егер әр үйренген біліміңді керегіңе жарата білсең, еңбектің зая кетпегені.
Тәуелсіздік жылдары жастарға көптеген мүмкіндіктерге жол ашылуда. Мысалы, 2019 жыл жастар жылы болса, 2020 жыл волонтерлар жылы болып жарияланды. Бұл – жастарға артылған үлкен сенім! Волонтерлік – бұл жай ғана тегін жұмыс емес, бұл азаматтардың жауапкершілігінің көрсеткіші және әлемді жақсы жаққа өзгертуге дайындық.Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді мүшесі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін әсте естен шығармағанымыз абзал.
Толқынбекова Дильназ.