«Анам Зүбайраның ақыл-кеңес ретінде айтқан сөздері өмірімде темірқазықтай адастырмайтын бағыт берді. Өзі оқи алмаса да, балаларының бойына білімге деген құштарлықты сіңірді. Әулетте мектепті алғаш алтын медальмен бітірген мен болсам, одан кейін 10 «Алтын белгі» иегері бар, еліміздің болашағын айқындайтын да білімді ұрпақ деп ойлаймын» ,- дейді бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Бақытжамал Жәкенқызы.
Qazir: Кіл жүйріктерді баптап, білім бәйгесіне қосқан Жезқазған қаласындағы қасиетті қара шаңырақ №8 қазақ орта мектебін алтын медальмен бітірген, алтын даусымен облысқа танымал өнерпаз қыз болашақ мамандығын жүрек қалауымен таңдаған болар?
- Шынымды айтсам, олай емес. Мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеу керек дейді ғой. Маған мамандық таңдауда анамның, жар таңдауда болашақ атамның ықпалы болды. Енді тарқатып айтуға тырысайын. Атымды әжем қойған екен, «бақытты әрі сұлу қыз болсын деп ырымдадық» деген әрі Жамал Омарованың өнерімен ел аузында жүрген кезі еді ғой. Мектепте барлық пәндерді сүйіп оқыдым, қай пәннен болсын сабақ берген мұғалімдерімнің бәрі де бөліп-жарып айтуға келмейтін нағыз ұстаз атауына лайық жандар болатын. Алғашқы ұстазым Ғайни апайдан бастап, қазақ әдебиетінен Түймекеш Таңқыбаева, математикадан Дәметкен Артықбаева, физикадан Жолдас Жүсіпов, сынып жетекшім Битән Өмірбаева, мектеп басшысы Нәписа Шенеуова сияқты білікті ұстаздар бойымызға сіңірген біліммен өмір бәйгесінде де алдыңғы қатардан көріндік. Мұны айтып отырған себебім, достарым, біздің мектепті үздік бітірген түлектер Саят Игісінов, Мүталап Әбсаттаров, Әлихан Байменов мектебіміздің мақтаныштары болып қана қоймай, өз салалары бойынша бәсекеге қабілетті, тәуелсіз елімізді дамытуға өз үлестерін қоса білген айтулы азаматтар. Ал мамандық таңдау жайына оралатын болсам, 1973 жылы Жезқазған қаласы облыс орталығы мәртебесін иеленгенде 7-сыныпта оқитын едім. Шағын шаһарда облыстық деңгейдегі мәдени ошақтар ашыла бастағанда, солардың қатарында «Ұлытау» ұлттық ансамблі құрылды. Әлі есімде, мектептен байқауға қатысасың деп жіберді. Оған дейін мектепте көркемсөз оқып, қалалық байқауларға қатысып, жүлдегер болып жүргесін ештеңені сұрамастан барғанмын ғой. Сол кездегі облыстық партия комитетінің хатшысы Жылқыбай Аралбаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылған іріктеу байқауында белгілі композитор Ескендір Хасанғалиев пен ақын Бәкір Тәжібаевтың алдында Зоя Космедемьянская туралы поэманы нақышына келтіре оқып, ансамбль құрамына көркемсөз оқу шебері ретінде қабылдандым. Ол кездері Жұбан Молдағалиевтің «Мен- қазақпын» поэмасын, Кәкімбек Салықовтың «Дала», «Гәкку» поэмаларын, «Ұлытау өлеңдерін бойымда ерекше бір сезім пайда болып, рухтанып оқитынмын. 1973 жылғы ансамбльдің алғашқы концертінен бастап,1980 жылдардың аралығында «Ұлытау» ансамблінің көркемдік жетекшісі Серік Елеусізовтың басқаруымен, облыстық партия комитетінің хатшысы Ж.Аралбаевтың қолдауымен Кеңес одағында өткен фестивальдерге қатысып, шетелдерге Шығыс пен Батыс Германия, Исландия елдеріне дейін барып, концерт бердік. Киелі «Ұлытаудың» өңірінің атын иеленген ансамбль қаншама жезқазғандық жастардың өнерге деген жолын ашты. Талай бәйгелерде топ жарған «Шашу» би ансамблі арқылы өнерсүйер қауымға танымал Тәуіржан Рахатов та кезінде «Ұлытаудың» құрамында болып, шыңдалды. Қыдырәлі Болманов та ән айтып, концерттерге қатысып жүрді, кейін сол алғашқы «Ұлытаудың» даңқын халықаралық деңгейде «Ұлытау» тобын құрып, әлемге танытты. Мен мектеп бітіретін жылы «Гүлдер» ансамблі талантты жастарды іздеп әрі концерт беріп, облыстарды аралап жүр екен. Көркемдік жетекшісі Тасқын Оқапов. Менің анам кезінде қалалық партия комитеті бюросының мүшесі болған, бала кезінде байдың ұрпағы деп қудалау көріп, оқи алмаса да қанында тектілік бар, жаңашылдыққа құмар жан еді. Тасқын Оқапов біздің үйге келіп, анама : «қызыңыз өнерлі екен, мектепті бітіргесін Алматыға жіберіңіз, өзіндей талантты жастармен бірге «Гүлдердің» құрамында болады, барлық жағдайын жасаймыз» деді. Анам бәріне келісіп, « оқуын бітірсін, барлық сабақтан қабілетті , сосын барады» деп шығарып салды. Сол кезде менің өнерімді байқағысы келген болар, концерттерде мені «Гүлдердің» бағдарламасына қосып, екі жерде өлең оқыдым. Сахнаға шығарда маған бірінші рет макияжды Роза Рымбаева жасап берді. Сол сәтті әлі күнге есіме алып жүремін. Анамның, әулетімнің үмітін ақтап, мектепті алтын медальмен бітірдім. Мектеп бітіру кешіне анам қатысты, одан кейін менің болашағым туралы әңгіме қозғалғанда « Алладан қыз сұрағанда халық үшін емес,өзім үшін деп сұрағанмын, өнер жолына алысқа жібере алмаймын, көз алдымда жүретін осындағы екі оқу орнының біріне барасың» , деп кесіп айтты. Анамның айтқанын тыңдап, ҚарПТИ филиалының «Құрылыс экономикасы мен ұйымдастыру» мамандығын таңдадым. Экономикаға конкурс өте күшті болды. Бір орынға 12 адамнан келді, барлығы 25 қана қабылдайды. Сөйтіп, білімімнің арқасында оқуға түстім. Сондай қатаң іріктеуден кейін дайындалған мамандар да бәсекеге қабілетті болған шығар деп ойлаймын.
Qazir: Өзіңіз жоғары білім алған институтта оқытушы болып қалдыңыз, отбасын құрдыңыз, ғылым жолын қудыңыз , өмір жолында кездескен кедергілерді қалай жеңдіңіз?
- Біздің институт ол кезде ҚарПТИ-дің филиалы болды ғой, облыс ашылған кезде сабақ беруге КСРО түкпір-түкпірінен келді, үй беріп, жағдайларын жасағанмен де кейін кетіп қалғандары болды. Бізге жергілікті маман ретінде жауапкершілік зор еді, сол жылы біздің факультетті бітірген 5 қызға институтта қалуға ұсыныс жасалды. Өзіммен бірге №8 мектепті бітірген Саят пен Мүталап (1-2 жыл ертерек), Әлихан, институтта бірге оқыған Әжібек бәрі де институтта оқытушы(ассистент) болып, әр кафедрада бірге еңбек жолымызды бастадық, кейін бәріміз Мәскеудің институттарында аспирантурада оқыдық, ғылым, өмір жолында сыйластығымызға сызат түспей, адал достар болып қалдық. Институтта оқып жүргенде тұрмысқа шықтым, мені болашақ жарымның әкесі сыртымнан көріп, баласына айтқан екен, Нығмет ол кісінің айтқанын тыңдап, маған үйленді (ол кезде әрине оны маған айтқан жоқ) кейін анамдай болып кеткен енем Бибасиядан естідім. Атам Әжібек Аманжоловты жезқазғандықтар жақсы біледі, сол кездің өзінде табыстың көзін ашқан кәсіпкер болды, отбасындағы бұлжымайтын заңдылықтар немесе тәрбиенің негізі деуге де келеді, шаңырақтағы 5 ұлдың келіндерін алғашқысы 3 жыл өздерімен бірге тұрып, кейін 3 жыл келесі түскен келінге отбасылық құндылықтарды сіңіреді, осылайша әрқайсымыз 6 жылдай бірге бір үйдің балаларындай етене, ешбіріміз бөлінбей, балаларымызға бірге қарап, тату-тәтті тұрдық. Атамыздың келіндеріне қояр талабы фамилияларын өзгертіп, осы отбасына сіңісу керек дегені маған қиындау соқты. Анама кішкентайымда оқып-тоқып үлкен биіктерге шықсам өз атамның атымен шығам деген уәдем бар еді, неке куәлігіне өз тегімді қалпында жаздырып келгенімде , алдымнан шыққан атам бірден куәлікті қолына алып, маған таңғалып қарағанын сезе қойдым да « маған Нығмет әулетке еңбегіңді сіңірмей, біздің фамилияны алмайсың деп айтты» дегенімде жүзі жадырап, Нығметтің айтқаны жөн екен деп, 50 сом ақшаны куәліктің ішіне салып, бақытты болыңдар,- деп батасын берді. Бибасия анама ылғи «осындай ұл туғаныңыз үшін сізге ризамын» деп айтып жүремін. Барлық бастамаларымды қолдап, аспирантураны оқыған кезде балаларымызға қарап, соңымнан келіп, Мәскеуде түрлі жұмыстар істеп, қабақ шытпай, отбасымыздың бүтіндігін, менің келешегімді ойлаған жолдасыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Оның бәрі менің жанымды түсінгендігінен, отбасынан алған тәрбиенің мықтылығы мен ата-аналарымыздың, бауырларымның қолдауының арқасында деп санаймын.
Qazir: Институттағы оқытушы болған, кейін кафедра құрып, оны басқарған, білімді шәкірттер тәрбиелеген жемісті жылдарға кеңірек тоқталсаңыз...
- Иә, мен институтта қалғанда ассистент болып бастадым. Сол кезде АТ(автомобиль транспорты) кафедрасын басқарған Ғибадулла Қабышұлы Жәкенов әрі парторг еді, сол кісінің қолдауымен Әлихан Байменов, Саят Игісінов, Мүталап Әбсаттаров, Әжібек Сейілов, Әбдікәрім Зейнуллин, Еркін Бурбаев Мәскеуге аспирантураға оқуға кеткен. Маған Ғибадулла Қабышұлы студенттік кәсіподақ комитетін басқаруға ұсыныс жасады, ол кәдімгідей сайлаудан өтіп, жұмыстан босатылып, студенттердің жағдайын жасаумен айналысасың, қиын кез болатын, студенттердің жатақханасына барып, бәрін қараймын, жоғын түгендеймін, бос уақыттарында түрлі байқау-жарыстарға қатысуларына дейін ұйымдастырамын, бір жылдай сол жұмысты атқардым.Таңнан кешке дейін солай жүремін, Ғибадулла Қабышұлы өзі жұмысын тынбай атқарғасын, бізден де солай талап етеді, ақылын айтады, «сен олардың анасындайсың» дейді маған, 24 тен енді асқан кезім ғой...
Иә, келешегіңе сенсең ғана, кедергілерді жеңесің. Мен аспирантураға барып оқимын деп шешім қабылдағанда, екі қызым әлі біреуі бесте, екіншісі үште ғана болатын. Институтта екі баласымен ешқайда бара алмайтын шығар деп ойлаған екен. Алысқа бармай-ақ, аспирантураны Алматыдан оқиын деген ойым орындалмады. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына барып, алдын ала келісіп қойғанмен, сол жылы әйгілі желтоқсан оқиғасынан кейін кафедра меңгерушісі, профессор М.Г. Мильграм деген кісі еді, мені мүлде танымайтын сыңай танытқасын, аспирантураның бастығы маған : « Сен Жезқазғанның бір ауылына барып, туу туралы куәлігіңді, паспортыңды өзгертіп, ұлты татар деп жаздырып әкелмесең, мұнда ешкім қабылдамайды» деп ақыл айтты. Ата-анамның жастайымнан намысты бәрінен жоғары қойып өсірген тәрбиесі бар, «Мен-қазақпын» деп Жұбан ағамыздың поэмасын оқып жүрген мен үшін одан асқан қорлық бар ма, бірден олай ұлтымды өзгерткенше, оқымай-ақ қояйын , деп едім, «онда Ленинградқа бар, сол жақта біздің қыз-жігіттер оқып жатыр, оларды Жамбыл атамыз үшін жақсы көреді,басқа мүмкіндік жоқ» деді. Мен Мәскеуде аспирантурада жүрген Еркін Бурбаевқа хабарласып, жағдайымды айттым. Көптеген мәселелерді шешіп, кедергілерден өтуге тура келді.Стажировкадан өту кезінде Әбдікәрім Зейнуллин туған ағамдай қамқорлық жасап, жатақхана алуға көмектесті. Сол жерде қыздардан жалғыз мен болғасын барлық жігіттер қолдарынан келгенше қамқорлық танытты. Стажировканы бітіріп, енді аспирантураға түсемін деп тұрғанда жоспарлы орнымды басқа біреу алып қойды. Білімге деген құштарлығым мен жастық шақтағы қайтпас қайсарлығыммен көптеген кедергілерді жеңіп шықтым. Тіпті сол кезде КСРО Білім министрінің орынбасарына да қаймықпай кіріп, жағдайымды айтқаным, Мәскеу мен Алматы арасына бір рұқсат үшін барып - қайтқаным, ақыр соңында КСРО түсті металлургия министрлігінің квотасын алу үшін «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры Т.М. Урумовтың бір хаты арқылы ойлаған мақсатыма қол жеткізіп, аспирантураға түсіп, экономика ғылымдарының кандидаты болып елге оралғаным жастайымнан намысымды қайрап, алға ұмтылдырып өсірген әкем Жәкен Омарұлының, анам Зүбайра Ермағанбетқызының берген тәрбиесінің арқасы болар. Ректорымыз Ғибадулла Қабышұлының тапсырмасымен өзім атсалысып құрған «Өндірістегі бизнес және менеджмент» кафедрасының меңгерушісі болып, 1995-1999 жылдар аралығында экономика саласындағы мамандықтар бойынша күндізгі және сырттай оқу бойынша жылына 200- 250 дейін мамандар дайындап, шығардық. Бүгінде шәкірттерім ел экономикасының әр саласында лауазымды қызметтер атқарып жүр. Бір сөзбен айтқанда, еңбегімнің жемісін көріп, өзіме көңілім толатындай жағдай болды.
Qazir: Елордаға қоныс аударған жылдар, жаңа орта несімен ерекшеленеді, өмірде бойыңыздағы көшбасшылық қасиет алға жетелегенмен, әйел адамның отбасылық орны да бар ғой...
- Дұрыс айтасыз. Менің барлық бастамаларыма қолдау танытқан, алыста оқысам қаржыдан тарықтырмаған, балаларымызға қарап,әрқашан қиындықтарды бірге жеңіп, қасымнан табылған жолдасым Нығмет өз еңбегінің арқасында «КазэнергоЦветМет» кәсіпорнының басшысы болып қызмет атқарды. Облыс жабылғасын біраз уақыт түрлі жұмыстар істеді. Сол 1999 жылы оны Астанаға жұмысқа шақырды. Мен бұл жолы жолдасымды қолдауым керек деп шештім, солай оның артынша Астанаға келіп, ҚР экономикалық жоспарлау Агенттігіне бөлім бастығы болып, жұмысқа тұрдым. Кейін Агенттік Экономика министрлігі болып құрылды, атауы бірнеше рет өзгерді. 1999 жылдан Елордада Қазақстан Республикасының экономикасын жоспарлау және дамыту бағытындағы орталық басқару жүйелерінде адал еңбек етіп, өндірістің тау-кен,металлургия, атом, мұнай-газ, қазба байлық салығы салаларында басшылық қызметтер атқардым. Сол уақытта жас еліміздің экономикасының дамуына салалық бағдарламалар, заң жобалары, ауқымды жоспарлар, ірі халықаралық келісім шарттарды жасауға қатыстық. Сол жылдарда бұл салада Жақсыбек Құлекеев, Қайрат Келімбетов, Ербол Орынбаев, Қайрат Айтекенов сияқты азаматтар ел игілігі жолында игі бастамалары арқылы ерекшеленіп, өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. 2000 жылы Экономика министрлігінде қызмет атқарып жүргенде әкем өмірден өтті. Сол кездегі министріміз Жақсыбек Құлекеевтің барлық ұжымды бастап келіп, көңіл айтқаны, басшы ретіндегі қарапайымдылығы мен жұмыс барысындағы талап қойып, алға ынталандырғанын әркез есіме аламын. 2007 жылдан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы жүйесіндегі орталық аппаратында, мұнайды өндіру, мұнайды өңдеу, мұнай мен өнімдерін сату саласындағы кәсіпорындарында бизнесті жоспарлау департаментері басшылығында, қаржы директоры қызметтерін атқардым, адам бойында алғашқы мамандыққа деген адалдық, ұстаздық қасиет сақталып қалады екен. Министрлікте де, «ҚазМұнайГаз» ҰК жүйесінде қызмет атқарған жылдары да білгенімді, ұзақ жылғы тәжірибемді соңымнан ерген жастарға үйретіп келдім.Сол жастардың алды әр салада орындарын ойып алып, лауазымды қызметтерін адал атқарып жүргеніне қуанамын. 2013 жылы KAZENERGY әйелдер энергетикалық клубы құрылды. Оған еліміздің энергетикалық секторындағы компаниялардың өкілдері мүше болып саналады, төрайымы экономика ғылымдарының докторы Айзада Аққайсиева. Клуб саладағы гендерлік саясатпен байланысты мәселелерді шешуде дүниежүзінің әр еліндегі мұнай-газ секторындағы әйел қауымын біріктіру мақсатында құрылған. Мен сол клубтың тәлімгерлік комитетінде ментормын. Бұған дейін мұнай-газ саласында қанша әйелдер еңбек ететіндігі жайлы статистика да жоқ екен. Өзіңіз білесіз әйел адамдар жұмысты адал істейді, бірақ оларды көбіне жоғары лауазымды қызметтерге көтермейді. Көбісі әкімшілік қызметтерді атқарады, егер оларға қолдау көрсетілсе, жауапты қызметтерге тағайындаса белсенділігі артып, өз бастамаларын жүзеге асыра алар еді. Оған дәлел «Теңізшевройл» бас директоры болып мансаптық жолмен көтерілген Имер Боннер.Тағы бір ескеретін мәселе, қандай жұмысты атқарса да әйелдер таңның атысы күннің батысы жұмыста отырады, отбасында балаларының тәрбиесімен де айналысады, ал шетелдердің мұнай саласының кәсіпорындарында аптасында арнайы аналар күні бар, ол күні аналар жұмысынан босап, балаларының мектептеріне барып, басқа да шаруаларымен айналысады, сәбилері бар аналарға үйден жұмыс істеуге мүмкіндіктер қарастырады, басқа да жеңілдіктер жасалады. Біз де өз тарапымыздан әйел-аналарға көшбасшылық қана емес, отбасылық орнын ескеріп, еңбегін лайықты бағаласа, қолдау көрсетілсе деп санаймыз. Өзім жолдасым екеуміз үш бала тәрбиелеп өсірдік. Қыздарымыз Мадина мен Айбота менің жолымды қуып, экономист мамандығын таңдады, тұрмыс құрып, өмірлік серіктерін тапты. Қазір олардан бес немереміз бар. Ұлым Қасымханның тәрбиесіне қатты мән бердім. Жастайынан бойына ұлттық құндылықтарды сіңірсем деп «Абай жолын» оқытқанымда, маған байқатпай «Гарри Поттер» жайлы оқып отырғанын көріп уайымдайтынмын. Қазір ол Канадада Калгари SAID университетінің "Бизнес басқару" мамандығын бітірді. Өткен жолы оқуына аттанарда алған кітаптарының арасынан «Абай жолы» мен «Көшпенділерді» көріп қуандым. Өнерді кейде аңсайтын кездерім болады, бірақ өзім таңдаған мамандығым саласында жеткен жетістіктеріме ризамын.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.
- Қоғамдағы үш анық