“ArnauClub” интеллектуалды-шығармашылық орталығында 4,5,6 жасар бүлдіршіндер 1-сыныпқа дайындалады. Орталықта қазақ және орыс топтары бар. Биылғы орталықтың түлектері де әріптерді танып, минутына 20-60 сөзге дейін еркін оқып, дауысты және дауыссыз дыбыстардың түрлерін (қатаң, ұяң, үнді, жуан, жіңішке) ажыратып, буынға бөлу, сөйлеудің түрлерін (ауызша, жазбаша, ым-ишара арқылы), сөйлемнің түрлерін ажыратып, сұраулы, лепті, хабарлы сөйлемдерге мысал келтіріп, сызбасын жазуды үйренді. Математика пәнінен 10-ға дейінгі сандардың құрамын еркін айтып, түстер мен геометриялық фигуралардың аттарын ғана емес, әр түрлі логикалық тапсырмаларды да шешуді меңгерді. Жанарынан білімге деген құлшынысы анық көрінген, "көрсем -білсем" деп біздің білім орталығының табалдырығын аттаған балалар бір жыл ішінде білімнің құдығын инемен қазды. Жазу мен сызуды үйренді, қоршаған ортамен танысып, білімнің нық іргетасын қалады. Біздің орталық үшін мақтанышпен айтатын жаңалығымыз: қазақ тобының балалары қазақ халқының ұлы ақыны, әдеби тілінің негізін салушы, аудармашы, сазгер, дана, дара тұлға, ұлы ақын - Абай Құнанбайұлының өлеңдеріндегі тұнып тұрған даналық, тәрбиелік сөздерімен сусындай отырып, өлеңдерімен танысты, жаттады. Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған ертеңгілігімізге Қазақстанның еңбек сіңірген методист-мұғалімі, қарт ұстаз Бәтима Тілеуқожақызы және абайтанушы, ақын Алмахан Мұхаметқалиқызы қатысты. Орталық директоры Алима Сұлтанқызы оқушының бойындағы талабын байқап, талантын шыңдауға басты көңіл бөледі. Соның нәтижесінде бүлдіршіндер түрлі байқауларда топ жарып, жоғары жетістіктерге жетіп келеді.
Орталықтағы алған білімдері балаларымыздың болашағына бағыт-бағдар бере отырып, терең ойлы жақсы азамат, Отанының патриоты болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенеміз.
Меңдігүл Тәттімбетова.
- Қоғамдағы үш анық