Аңыз-әңгіме бойынша, Сұлтан епе адамзатты су апатынан құтқарушы. Адамдар «Сұлтан епе, сақтай гөр су апатынан» деп жалбарынған. «Көне дүние күмбірі» айдарында QAZIR.KZ оқырманға Сұлтан епе қорымы туралы толық дерек ұсынады.
Сұлтан епе жерасты мешіті, қорымы (б.д. Х-ХIХ ғғ.) шын аты Күбби – Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Хакім атаның (Сүлеймен Бақырғани) баласы. Сұлтан үпі жерасты мешіті Таушық ауылынан 30 км солтүстік-батыс бағытта, Сарытас шығанағына таяу, сай жиегінде орналасқан. Жердің тастақ қабатынан ойып жасалған мешіт бірнеше камералық бөлшектерден тұрады, оған сайдың саты тәрізді жер бетінің рельефі жағынан көп сатылы жолдар жасалған. Жанында орналасқан шағын қорымда сағанатамдар, құлпытастар мен орнатылған қойтастар, әр түрлі пішіндегі қабір үсті құрылыстары сақталған.
Сұлтан үпі сайы мен құдығы да назар аударарлықтай. Жардан 6 метр жерден ойып салынған құдықтың таза, салқын және өте дәмді суы бар. Сайы терең және әдемі. Сайдың түбімен жылғалар ағады. Сайдың баурайы мен түбі бүлдірген, шатқал, мойыл, бабажапырақ, жібек құрты, баттауықтың қалың бұталарына толы. Сай көгалды болғандықтан, көптеген құстар мен жануарлар тіршілік етеді. Жыралы жартастарымен, жиектеріндегі шатқалдарымен үйлесе, қайталанбас әсем көріністерді құрайды. Сайдың үстінен 3 км қашықтықта теңіз жағалауының ғажайып панорамасын тамашалауға болады.
Аңыз-әңгіме бойынша, Сұлтан епе адамзатты су апатынан құтқарушы. Адамдар «Сұлтан епе, сақтай гөр су апатынан» деп жалбарынған. Әкесінің міндетті намазын оқуы үшін, Меккеге бармас үшін Қағбаны әкеліп берген. Өлген жануарды тері мен сүйектен қайтадан тірілткен. Сұлтан епе жерасты мешітін салған адам – Хайролла есімді сопы. Сопылық ілімді таратушылар шын тақуалар, аллашыл сана, құдайға ғашық жүрек, биік білім, дана ақыл-парасат иелері, олар кең далада еркін өмір сүрген түркі текті тайпаларды мұсылмандыққа бастаушы қауым. Сопылық поэзияның қазақ топырағындағы ірі өкілдері адамның рухани кемелдену жолында өз нәпсісін жеңе білу жолындағы күресін, жүрек культін, мистикалық халін суреттеді.
Академик Әлкей Марғұланның пікірінше «Ислам дінін қабылдауға байланысты қазақтар арасында XVI-XVIII ғасырлар аралығында бұрынғы тас мүсін жасау дәстүрі бүтіндей жойылып, оның орнына арабша жазу түсірілген қойтастар, құлпытастар белең ала бастаған».
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан
Фото: Ашық ақпарат көзінен.
- Көне дүние күмбірі