Ел экономикасының ең маңызды саласының бірі - ауыл шаруашылығы.
Қараша айының 3-жексенбісі Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні. Осыған орай QAZIR.KZ еліміздегі Ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдау қорының жаңа жобаларымен таныстырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында шағын, әсіресе, микробизнестің еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Шағын бизнес дамитын болса, жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Халық мемлекетке иек артпай, өз тіршілігін өзі қамдайды.
Осы тұрғыда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының негізгі қызметі - шағын кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие беру.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017 жылдан бері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының екінші бағытын іске асырып келеді. Осы бағдарламаның аясында ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, ауыл кәсіпкерлігін дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жобаларын қаржыландырып келеді. Несие жалпы 6 процентпен берілсе, көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне 4 процентпен, әр салаға байланысты 1 жылдан 2 жылға дейінгі жеңілдікпен беріледі.
Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына және фермерлік шаруашылықтарға арналған ірі қара, қой, түйе, жылқы шаруашылықтарына 10 жылға 30 млн теңгеге дейінгі соманы несиеге беретін жоба қарастырылған. Екі жылға дейінгі жеңілдік мерзімі қарастырылған несие субсидияны есептегенде 6 процентпен беріледі. Несиені фермердің айналысатын шаруасына қарай төлем кестесі жасалады да, тоқсан сайын немесе жарты жылда бір төлеп тұруға болады.
Шаруа асыл тұқымды ірі қара мал сатып алатын жағдайда кепілдікке 25% жеке меншік мүлкін, қалған 75 процентіне сатылып алынатын малды кепілге қояды.
«Еңбек» бағдарламасы аясында шағын несиені жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Бастау» бизнес негіздерін оқу курсын аяқтап сертификат алған соң бизнес-жоспармен өтінім қалдырады.
Кәсібін 3 жылдан астам уақыт жүргізіп келе жатқан жеке кәсіпкер бизнесін кеңейткісі келсе өтінімді бірден бере алады.
Несие алушыларға қойылатын бірқатар талаптар бар. Атап айтқанда, өтінім берушінің несие тарихының жақсы болуы, кепілге қоятын мүлкінің болуы, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегінің болмауы.
Бүгінгі таңда барлық салада процестерді оңтайландыру, автоматтандыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үрдістен Қор да қалыс қалмай, «ҚазАгро» холдингі басшылығының бастамасымен несие беру процесін автоматтандыру жұмысы қолға алынды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 4 млн теңгеге дейінгі несиеге беруге өтінім қабылдау www.online.fagri.kz порталы арқылы қабылданып жатыр.
Айта кету керек, бұрын 10-13 құжат жинау талап етілген болса, қазір тек өтінім берушінің жеке куәлігі, электронды цифрлық қолтаңбасы және кепілдікке қоятын мүлкінің құжаты ғана қажет.
Өтінімді алдын ала мақұлдау шешімі 15 минуттан 1 сағатқа дейінгі аралықта қабылданады. Ал өтінімді одан әрі қарау мерзімі 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарады.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры егіс алқаптарын құрғақшылықтан және топырақ ылғалының артық болуы салдарынан сақтандыру және ірі қара малды сақтандыру жүйесін іске қосты. Жаңа сақтандыру жүйесі үйден шықпай-ақ сақтандыру шартын жасасуға мүмкіндік берді. Шарт жасасқан соң фермер сақтандыру сыйақысы сомасының тек 50% төлейді, қалған бөлігі мемлекеттік қолдауы есебінен төленеді.
Биыл маусым айында 60 шаруашылық егіс алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырды, сақтандыру сыйақысы 199 млн теңгені құрады. Оның жартысы мемлекеттік субсидияның көмегімен төленді. Нәтижесінде 47 шаруашылық жалпы сомасы 491 млн теңге болатын сақтандыру төлемін алды.
Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіп кешенінде малды мақсатты түрде сақтандыру болған жоқ. Иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Жоғалса немесе көлік қағып кеткенде ғана сақтандыру ақысы төленетін. Енді аурудан және басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады.
Қазіргі эпизоотиялық жағдай ескеріліп, шетелдік қайта сақтандырушылармен бірге түрлі тәуекелдерді сақтандыру өнімдері әзірленді. Осы өнімдер арқылы фермерлер малды өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да тәуекелдерден сақтандыра алады. Ірі қара малға қатысты тәуекелдер әлемдік нарықтағы «А» рейтингі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылады.
Қанат Тұрар,
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз хатшысы.
Фото: Қордың баспасөз қызметінен.