«Әлемді қаусырып тұрған қауіпті індет кезінде әр адам өз денсаулығына көңіл бөліп қана қоймай, өзгелерге де зиян келтірмеу үшін сақтық шараларын ұстануы тиіс», - дейді QAZIR тілшісіне берген сұхбатында «RASHMED» қазақ медицина орталығының директоры, жоғары санатты дәрігер, «Намыс» орденінің иегері Рәшхан Сыдайқызы.
- Сіз елге оралғаннан бастап медицина орталығын ашып, халық денсаулығын нығайтуға қызмет етіп жүрсіз. Көпшілік сіздерге сеніп келгенде сырқаттың нақты диагнозын қалай анықтайсыздар?
- Қытайда туып, жоғары медициналық білім алдым. Үздік ортада тәжірибе жинап, беделді қызмет еттім. Қазақстандық оқу орындарынан да құжаттарды сәйкестендіріп, дәріс алып, тәжірибе орталықтарында білім – білігімді жетілдірдім. Ол жақтан күн көре алмай, қыспақ көріп немесе тағы басқа да жағдайлармен емес, бір қазақ болса да өз елімде емдеймін деп келдім.
Бір адамға диагноз қою үшін ең аз дегенде 5 түрлі сатыдан өту керек. Тамырын баса салып, «сізде осындай ауру» дей салуға әрине, болады, бірақ ол толымсыз және бір жақты. Менің алдыма адам келгенде мен толығымен оған қараймын: көзі ісіп кеткен жоқ па, ауыз қуысын, жалпы өңін, терісінің түсін қараймын – бұл қарап тексеру. Екіншісі сұрап тексеру: қан қысымымен келді ме, қан қысымының қашан пайда болғандығын білу, оның себептерінің қандай болуы ықтимал, үлкен және кіші дәреті мен ауруға себеп болуы мүмкін өзгерістер туралы, әдеттегі тәбетінің қалай екеніне дейін сұраймын. Үшіншісі – ұстап тексеру: науқастың тамағын, қолтық асты бездерін, қалқанша бездің қызметі мен көлемін тамырдан ұстап отырып немесе қолмен басып та тексеруге болады. Тамырды ұстау ең маңыздысы, тамыр соғысын адамның жүрек қағысынан анықтауға болады, солардың қатты соғатыны және диагнозды дұрыс қою үшін мұқият ажырата білу керек тамырларға қалқыма тамыр, шөппе тамыр, баяу тамыр, қарқынды тамыр, керме тамыр, сырғанақ тамыр, тебінді тамыр, әлсіз тамыр және үркіме тамыр жатады. Төртіншісі – тыңдап тексеру: өкпесін, жүрегін, тыныс алуын тыңдап, ентігу, кеңірдектің созылмалы қабынуы сияқты ерекшеліктерін тексереміз.
Бесіншісінде жатқызып, буындарын, омыртқалардағы жарық ауруларын, қол – аяқтарын, инсульт пен инфаркт белгілерін анықтаймын, кейде жатқызбай-ақ өзім білетін тәсілдер арқылы нүктелерін басып та анықтаймын. Осындай тексерістерден кейін ғана сіздің ана жеріңіз, мына жеріңіз сырқаттанған деген қорытынды шығарамын. Науқастың менің сөзіме күмәні болмауы үшін толық талдамалар мен заманауи медициналық УДЗ, КТ, МРТ сияқты анықтауларға жіберемін. Осындай тексерулер толығымен аяқталғанда ғана шөппен ем бастаймыз. Кешенді түрде табиғи таза шөпті қайнатып беремін, дәрумендер ішкізіп, ине салып, массаж жасап емдейміз. Шөпті ұнтақтап, үйде қайнатып ішуге береміз, дайын шөп дәріні қажет ететіндерге өзіміз арнайы аппаратпен қайнатып, дайындап береміз.
Бүйректегі, өттегі үлкен тас, жүрек тамырларының тарылуы, вирусты гепатит, өкпе туберкулезі, онкологиялық ауруларды, күрделі ота жасалуы тиіс науқастарды бірден мемлекеттік ауруханаларға жатып, тексерілу мен емделуге кеңес беремін.
- Бірінші байлық-денсаулық десек те, адамдардың аурудың алдын алу үшін емес, сырқаты жанына батқасын ғана ем іздейтіні жасырын емес. Сіздің ойыңызша, денсаулығына уақтылы көңіл бөлетіндер көп пе?
- Біз қазақпыз ғой, бәрін жинап алып келеміз. Әрине, өзінің денсаулығына мұқият қарайтын, жылына екі рет тексеріліп тұратын жандар бар, бірақ, олар жүздің жиырма пайыздайы ғана. Мәселен, менің алдыма келген адамдардың арасында жалғыз аурумен келгендері жоқ. Қазіргі қауіпті індет жағдайында адамдар бұрынғыға қарағанда денсаулығына мән бере бастады. Қызуы көтерілсе, жөтеле бастаса, асқазаны қорыта алмай қалса тез тексеріле бастайды. Үй жағдайында емделу жолдарын жиі сұрап, бұрын да болған мұндай құбылыстарға мән бермеген адамдар енді аса сақ қарайды. Біз барлық ауру түрлерін қарайтын болғандықтан түрлі науқас келеді, ал соңғы бір апта көлемінде тым жиі кездескені қан қысымының тұрақсыздығы мен асқазан, ішек аурулары, өттің қоюлануы мен қалқанша без жұмысының бұзылуы.
- Сіз осы қиын кезеңде ауырған жандарға көмек болсын деп тікелей эфир арқылы инстапарақшаңызда тегін дәрігерлік кеңес беріп жүрсіз. Әр эфиріңіздің алдында қанша адам сұрақ қояды, барлығына толық жауап беру мүмкін бе? Аурудың айтқан белгілері бойынша диагноз қойып, кеңес беру оңай емес қой.
- Жылда аптаның бір күнінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тегін кеңес беру науқанын ұйымдастыратын едік, биыл ондай мүмкіндік болмады. Тегін емдейтін қарттарым да, жетім балалар да, жастар да бар еді, қауіпті індет кезінде мұнда шақыртып, тегін емдей алмадым. Соған байланысты инстапарақшамда тікелей эфир өткізіп, тегін кеңестер беріп отырмын. Сауалдың тым көптігіне байланысты алдын ала хабарландыру жасап, адамдар қойған сауалдың көбі қай ауруға қатысты, сол тақырыпта тегін кеңестер беріп отырмыз. Өткен сенбіде өткізген тікелей эфирде 20 мыңнан астам сұрақ түсіп, 4 мыңнан астам адам эфирді қарады. Қолым қалт еткенде эфирден тыс кезде де өте қарапайым тілмен жауап беруге тырысамын. Кейде адамдардың өздері өздеріне бүйрегімде тас бар немесе асқазаным қорытпайды деп диагноз қойып алады, іс жүзінде бұл басқа сырқат, оларға тұрғылықты жердегі емханаға барып тексерілуді ұсынамыз. Мұндағы мақсатым ақша табу емес, осындай қиын – қыстау кезде қолдан келген көмегімді көрсету.
- Қауіпті індеттің қашан тоқтары белгісіз, адамдар қазір неге басты назар аударып, сақтануы тиіс? Дәрігер ретінде сізді қандай мәселе толғандырады?
- Мынау карантин, мына вирус бізді біраз нәрсеге үйретті, күтінбесең денсаулықтың әп сәтте сыр беретінін, қосымша созылмалы аурулары бар науқастардың жиі қайтыс болатынын көрсетті, айтқым келгені, бойында басқа сырқат болмаса адамның дене қуаты вирусты жеңе алады, ал коронавирустан қайтқандар қатарында түрлі созылмалы аурулары мен қант диабеті барлар басым болған.
Қазіргі күні қарап отырсаңыз менің жаныма адамдардың салғырттығы батады. Өзгеге зиян келтірмеу үшін өзіңді тый. Топ-топ болған бас қосу, маскасыз шауып жүргендер көп, әлбетте, көпке топырақ шашпаймыз. Ал пандемияның қашан толастайтыны белгісіз, көшелер мен базарларда бала-шағасымен жүргендер неге алаңдамайды. Осы есікке жуан әріппен «маскасыз кіруге болмайды» деп жазып қойғанның өзінде есіктен маскасыз кіріп келе жатады кейбір адамдар. Тойда жүретіндердің барлығының көзі ашық, көкірегі ояу емес пе, сана, сабыр, жауапкершілік қайда. Қалай қарның ашпайды?!
Адам бойына бірнеше ауруды жабыстырып алып келеді де, аз уақыт ішінде жазылып кеткісі келеді. Қар түсті, қыс басталды, көліктің өзінің төрт дөңгелегін ауыстырып, жапа – тармағай майын ауыстырып жатырмыз. Адам неге өзіне осындай күтім көрсетпейді?! Жыл бойы тұра салып аса тәтті, аса қышқыл, аса майлы тамақ жеп, ағзасы шаршағандар неге тұрғанда су ішпейді. Қыздарымыз қарны ашқанда тәтті жегіш, асқазан қызметінің бұзылуы мен өттің қоюлану жағдайларының 70 проценті қыз-келіншектерде кездеседі.
Медициналық орталығымызда бүгінгі күні 11 маман жұмыс істейді, жолдасым Қадыр Шаяхмет басқа сала маманы болса да, сан алуан шөптің дәрілік қасиеттерін бес саусағындай біледі, шөптерді жинау барысынан бастап диагнозы қойылған науқасқа дайын ем құралы ретінде беруге дейінгі бақылау, басқару және әзірлеу жұмыстары жолдасымның қолында. Қазақ жерінде өсіп тұрған әр тал шөпті кәдеге жаратып, табан астында жатқан игілікті халық денсаулығы үшін пайдалану. «Rashmed» қазақ медициналық орталығының мақсаты осы.
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы
Фото: «Rashmed» қазақ медициналық орталығының архивінен.