12 және 13 желтоқсанда ұсынылатын Т.Қажығалиевтың музыкасына атақты хореограф Патрик де Бананың қойылымындағы «Дала үні» жаңа ұлттық балеті Қазақстанның мәдени өмірі үшін елеулі оқиға болмақ, деп хабарлайды Qazir.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель.
- Біз бұл маусымда осымен екінші премьераны дайындаудамыз, бұдан басқа жыл соңына дейін жаңа толық ауқымды опералық спектакль қою жоспарымызда бар. Пандемия кезінде театрдың қарқыны жаман емес деп есептеймін.
«Дала үні» ұлттық балеті — бұл қазақстандық және шетелдік қойылым командасының тың ойларының тандемі. Әдетте, пікірлестер жиналған жерде шығармашылық туындайды, ал біздер оған жоғары деңгейлі кәсіпқойларды таңдап алдық деген ойдамын. Залдарда дайындық жұмыстары басталып кетті, премьера өте қызықты өтетініне, көрермендеріміздің көңілінен шығатынына сенімдімін, - дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Ержүрек сәулетшіге қанат бітірген арман туралы өсиет әңгіме заманауи хореография тілімен жеткізілетін болады.
-Ұлттық қимыл-қозғалыстар маған шабыт береді, мен оларды зерделеймін де, өз әлеміме енгіземін, кейін өзімнің икеміме сай сәл өзгертіп, бейімдеймін. Хореография жасаған кезде мен үшін музыка әрдайым бірінші орында тұрады. Аталған спектакльде біз Т.Қажығалиевтың музыкасын пайдаландық, ол өте ыңғайлы, себебі әуел баста балетке арнап жазылған. Аталмыш шығарманың мен пайдаланған бес бөлімі С.Рахманиновтың, И.Стравинскийдің туындыларын есіме салады, - деді қоюшы хореограф Патрик де Бана.
Балетмейстердің пікірінше, қазіргі жастар аға буын өкілдері тәрізді көркем ойлау қабілетінен айырылып барады. Оның мақсаты – жұртшылықты өнерге тарту.Балетмейстер үшін көрермендердің шымылдық түрілгеннен кейін спектакльді көріп, қол шапалақтап,сосын кетіп қалмай, олардың бәрін сезініп, ой толғап, өздеріне тән сюжет таба білгендері маңызды.
- Адамзатқа эволюция, заманауилық, даму қажет, бірақ сонымен бірге бұл балет егер кімде-кім өзінің өткенін, аға буын дәстүрін ұмытқан болса, ондай адам өзінің тамырын жоғалтады дегенді көрсетеді, - дейді Патрик де Бана.
Қоюшы хореограф түрлі елде ұлттық балеттерді сахналау бойынша жұмыс істеген. Қытайда қойған спектакль оған үлкен танымалдылық әкелді. Онда Патрик де Бана бір жарым ғасырлық тарихы бар ұлттық аңызбен жұмыс жасап, оны заманауи балетке айналдырған. Бұдан бөлек Түркияда, Жапонияда ұлттық балеттерді ұсынған, ал 2018 жылдың қарашасында Бахрейнде «Саяхатшының арманы – Мухаррактан әңгіме» спектаклінің премьерасы өткен. Осы ауқымды жоба «Мухаррак – ислам мәдениетінің астанасы-2018» жылының жабылуына арналған болатын, оны көптеген елдердің көшбасшылары тамашалады.
Фото: театрдың баспасөз қызметінен.