Даланың өзі сырға толы, ол көптеген өнер адамдарына түрлі туындылардың дүниеге келуіне шабыт берген. Міне, жаңа балетте де ол өзінің барша салт-дәстүрімен көркемдік-қойылымдық құрамның назарына ілікті. «Дала үні» ұлттық балеті Қазақстан мәдениетінің бет-бейнесіне айналуы мүмкін. Оның тұсаукесері желтоқсанның 11-12 күндері өтеді, деп хабарлайды QAZIR.KZ театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балет сюжетінің негізінде нәресте сүюді арман етіп, оның дүниеге келуін Жаратқаннан тілеген отбасы тарихы туралы аңыз жатыр. Жарық дүниеге келген ол – болашақ сәулетші – туындының басты кейіпкеріне айналады, сөйтіп, бұдан кейінгі барлық оқиғалар оның айналасында өрбиді. Бақталастарымен күрес, сүйіктісін жолықтыру, қаланың құрылысы және тағы басқа оқиғалар оның өмірлік жолында бірінен кейін бірі кездесе кетеді.
Либретто бойынша жұмысты көпшілік қазақстандықтардың сүйікті ақыны Бақыт Қайырбеков іске асырды, ол жүзден аса деректі фильмді, сонымен қатар «Жақсылық» атты көркем фильм мен оннан астам поэзиялық жинақты жасаған.
- Репертуарымыз үшін ұлттық балет айрықша мәнге ие, басқаша айтқанда, бұл – театрдың бет-бейнесі, ажары. Балет заманауи, ол безендірілуі жағынан да, екі бөлімі бір-біріне ұқсамайтын хореографиясы жағынан да бірегей. Бірінші бөлімі үйлесімді таңдалған музыкаға орындалмақ, әуен нақты бір ыңғайды, философиялық толыққандылық сезімін береді, ол сиқырға толы күйге жетелейді. Әрине, осынау заманауи балетте дәстүрлі ұлттық қимылдар болмайды. Мұнда аллегория өте көп, алайда, бұған қарамастан, барлығы әбден түсінікті. Алдымызда тұрған міндет –бұл оқиғаны Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар барша әлемге түсінікті болатындай етіп көрсету, бірақ, қойылым тобы толығымен ұлттық рухты сақтайды, - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.
Балеттің бірінші бөлімінде түрлі синтезаторларда, сонымен қатар табиғаттың сан алуан дыбыстарын – желді, судың ағысын, қасқырлардың ұлуын бейнелей алатын көне халық аспаптарында орындалған музыка шырқалады. Екінші бөлімі – Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» балетінің музыкасы арқылы көрсетілген заманауи әлем. Қойылымның бұл бөлімінде көрермен қауым дала адамының өмірі заманауи әлем мәнінде қалайша өзгеретініне куә болады. Осынау оқиғаның негізгі пайымы – өзіңнің түп-тамырыңды жете түсінбей әрі өткенге, ата-бабаңа құрмет көрсетпей, алға жылжу мүмкін емес.
Қоюшы дирижер – Абзал Мұхитдин, қоюшы хореограф – Патрик де Бана, либретто авторы – танымал қазақстандық кинорежиссер, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, хореографиялық либретто адаптациясының авторы – Жан Франсуа Вазель. Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова. Рикардо Санчес Куэрда –декорациялар бойынша суретші, Стефани Бауэрле –костюмдер бойынша суретші, Карлос Пино-Кантана –әрлеуші композитор, Джеймс Ангот – жарық бойынша суретші. Дариға Тайшықова – костюмдер бойынша суретшінің кеңесшісі, ҰлтайЕрденбекова – жарық бойынша суретшінің кеңесшісі, Алина Үсенбаева – сценография басқармасының маманы, Серік Басбаев, Зарина Аймұханова –грим бойынша суретшілер.
«Дала үні» балетін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтетін жыл премьерасы деп атауға еш күмән жоқ. Еліміздің мәдени өміріндегі осынау айтулы оқиға музыкалық қауымдастық арасында үлкен резонанс тудырды:театр сыншылары, балеттанушылар, сондай-ақ асқақ өнерді сүйетіндер спектакльге келіп, тамашалауға ниет білдіруде.
Фото: Театрдың баспасөз қызметінен.