ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Профсервис» ЖШС директоры, «Арна» отбасылық тобының мүшесі Эльбрус Тлеуовпен сұхбат.
- Біз әдетте еңбек адамы жайлы әңгімелегенде оның кәсібі, жұмыс орнындағы атқаратын міндеттері мен өзекті мәселелеріне көбірек тоқталамыз. Бүгін сізбен сұхбатта еңбекпен де өнермен де көпшілік құрметіне бөленген әулет туралы айтсақ деп едім.
- Онда бірден отбасылық «Арна» тобы жөнінде бастайын. Әкеміздің ағасы Аманкелді , ол кісі Алматыда оқыған, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі, өнерді сүйетін жан-жақты азамат, өмірден ерте озған екен. Аманкелді ағасының жолын жалғаған ,өнердегі бір арнасымыз деп отбасылық топтың негізін қалаған менің әкем Жанболат Кенжеғұлұлы Тлеуов. Әкем он шақты аспапта ойнайды. Оның туған інісі Ерлан Тлеуов және Шәрбат апасының балалары, яғни жиендер Арман, Думан, Айдын,Ерболат, Жанкелді Илиясовтар. Нағашылы –жиендерміз, бәрімізді бір «Арнаға» тоғыстырған өнерге деген сүйіспеншілік.
- Топ мүшелері өнер жолында емес, түрлі мамандықта еңбек етіп жүрген жандар ғой.
- Иә. Біз мұғалімдер әулетіненбіз. Әкеміздің ата-анасы саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаса, әкеміздің де інісінің де мамандықтары бойынша мұғалім. Қазір әкем құрылыс жағында, інісі жолсерік болып еңбек етеді. Ағаларым теміржол саласы мен Ақтау теңіз портында жұмыс істейді. Өзім мұнайшымын, бұрын мамандығым бойынша жұмыс істедім, елордаға қоныс аударған кезде теміржол саласында бас менеджер болып қызмет атқардым, өткен жылдан бері ҚР Кәсіподақтар федерациясында жұмыс істеп жүрмін.
- «Арнаның» республика жұртшылығының назарына ілінген кезі «Қазақстан» ұлттық арнасында өткізілген «Ән салады мамандар» байқауында ғой, оған дейін жоғары деңгейде өткен өнер сайыстарына қатысып,бақ сынап көрдіңіздер ме?
- Біз одан бұрын 2008 жылы Түркістанда «Туған өлкені аңсау» деген мәдени-этнографиялық фестивальге қатысып, бас жүлдені иелендік. Бұл фестивальге шет елдерде жүрген қандастарымыз да қатысты. «Арна» үздік отбасылық топ аталымы бойынша топ жарды. Оған 21 өнер ұжымы қатысты. 14 облыстан, 2 республикалық мәртебедегі қала және көршілес елдерден 5 өнер ұжымы келіп, бақ сынады. Бізді әрине елорданың өнерсүйер қауымы да жылы қабылдады. 2007 жылы елордада өткен Маңғыстау күндерінде Елбасының өзі «Арна» тобының өнерін тамашалап, ризашылығын білдірген еді. Ал «Қазақстан» телеарнасындағы «Ән салады мамандар» байқауына қатысқан Теңіз портында еңбек ететін топтың құрамындағы жиендер. Олар өздерінің жұмыс орындарынан ұсынылған болатын.
- Репертуарды қалай таңдайсыздар, басқа топтардан негізгі ерекшеліктеріңіз қандай?
- Көбіне репертуарды әкеміз таңдайды, барлығымыз ойымызды айтып, ақылдасамыз. Біздің топ құрылғаннан бастап, Төлеген Айбергеновтың шығармашылығымен кеңінен танысып, жырларын жатқа оқиды, ақынның туғанына 70 жыл толуына орай шығарылған үнтаспаға «Арнаның» орындауындағы «Сайрашы Сандуғашым», «Марфуға» әндері енгізілді. Топ түрлі аспаптарда ойнаумен ғана емес, түрлі ұлттардың тілдеріндегі әндерден поппури орындауымен де ерекшеленеді. Ақтауда өткен саммит кезінде қадірлі меймандар алдында өнер көрсеттік. Халықтар достығын насихаттайтын әндерді айтатындықтан үлкен деңгейде өткізілетін іс-шараларға да қатысамыз. Репертуарымызда Абайдың, Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтың халық жүрегінен орын алған әндері бар.
- Түрлі салада еңбек етіп, бір-біріңізден алыс, елорда мен Ақтау арасын тоғыстырып отырған «Арна» концерттерге шығарда, байқауларға қатысарда қалай дайындаласыздар?
- Маған олар алдын-ала орындайтын әніміз жайлы айтады, қазір технология дамыған дәуір , бейнебайланыс бар, орындау мәнерін бәрін ақылдасамыз. Мен Ақтауда 2004 пен 2017 жылдар аралығында 13 жыл қастарында болдым ғой, сондықтан ол жағынан еш қиындық жоқ. Біз арнайы дайындық жасамаймыз. Отбасылық мерейтой, қуанышты оқиғаларда басымыз қосылғанда бәріміз бірге ән айтамыз, жаңа әндерді орындап көріп, репертуарымызға қосамыз.
- Ал өздеріңізді қалай насихаттайсыздар?
-Бейнеклип түсіріп, радио мен теледидарға ротацияға ұсынатын өнер жолында жүрген ұжым емеспіз, әрқайсымыз таңдаған мамандығымыз бойынша еңбек етеміз. Арнайы гастрольге шықпасақ та, өнерімізді бағалайтын жандар той-жиындарға,мерекелік іс- шараларға шақырады. Еліміздің бірнеше өңірлерінде болып, өнер көрсеттік. Мәскеуге,Ташкентке,Бакуге де талай мәрте бардық. Бізге көптеген ұсыныстар болды. Өнер жолына біржолата ауысып, үлкен жобалармен жұмыс істеуге Алматыға да, Мәскеуге де шақырды. Бірақ, әкеміз «атамекенімізді аңсап жеткенбіз, енді туған жерден ешқайда қозғалмаймыз» деп бас тартты. Еңбек пен өнерді бір арнаға тоғыстырып жүрген, адал еңбегімен күн көрген әулетпіз. Әркім мамандығы бойынша жұмысын істеп, бос уақытында көңілі қалаған өнерімен айналысып жүр.
- Сіз кәсіподаққа қалай келдіңіз?
- 2017 жылы елордаға қоныс аудардым. Бірден «Қазақстан теміржолы» ҰК жұмысқа тұрдым, бас менеджер, бөлім бастығы болып жұмыс істедім. Өткен жылдан бері кәсіподаққа жұмысқа ауыстым, мұнда келгелі қаншама игі істердің ортасында жүрмін. Өмірімде де ауыз толтырып айтатын үлкен жаңалық болды. 2012 жылы үйлендім, содан бері араға 8 жылдай уақыт салып, биыл әке атанып,өмірге тұңғыш сәбиім келді. «Сабыр түбі-сары алтын» дейді ғой, күте білген адамға өмірде берілетін тағдырдың сыйы болады екен, арманың орындалады екен. Алдымызда тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Әбіш ағамыздың «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген қанатты сөзі бар. Ата-бабамыз аңсап кеткен, біздің ұрпақтың бағына тәңірдің сыйы болып жеткен тәуелсіздігімізді бағалай білейік, бардың қадіріне жетейік, ел игілігі жолында еңбек етейік!
Сұхбаттасқан Базаргүл Сейітжанқызы.