Табиғатпен өзара үйлесімде өмір сүрген көшпенділердің тек өмір салты ғана емес, мереке атаулары да табиғат-ананың түрлі құбылыстарына байланысты болған. Қазақ халқы үшін сондай маңызды мерекелердің бірі Наурыз болса, арғы тегі көшпенділер саналатын мажарлар үшін Карачун мейрамының орны ерекше.
Карачун (мажарша karácsony)негізі желтоқсанның 21-22-сі аталып өтіледі. Бірақ бүгінде бұл сөз күллі Еуропа мен христиан дінінде тойланатын Рождествоның (Christmas) баламасы ретінде қолданылып жүр. Асылында, мажарлардың бұл мерекесінің христиан дініне ешқандай қатысы жоқ. Тіпті мереке атауының өзінде де, барлық дерлік еуропа тілдеріндегідей Исус Христостың туған күнімен, есімімен байланысты мағына жоқ. Мәселен, Еуропаның түрлі мемлекетінде бұл мереке Christmas, Krishtlindje, Božić, Boże Narodzenie, Nadal, Natale, - деп дінге қатысты сөздермен аталса, мажарларда karа – қара, қараңғы (түркі тілдерінен), csun, csuny – ауысу, айналым деген сөздердің баламасын білдіреді. Яғни, қараңғының жарыққа, көктемге, жаңа жылға ауысуы деген мағынаны меңзеп тұр.
Жылдағы ең қысқа күн мен ең ұзын түннен тұратын тәулік боп саналатын Карачуннің көшпенді дала халықтары, соның ішінде, мажарлар үшін маңызы зор. Кейбір мамандардың дерегіне сүйенсек, karácsony сөзіндегі karа – қараңғы, csun (csúcs) – төбе, шың деген сөздердің бірігуінен шыққан, яғни қараңғылықтың өз шарықтау шыңына жетіп, аққа, жарыққа айналуы деп түсіндіріледі. Қалай болғанда да, мажардың Карачуны жаңғыру, табиғат-ананың түрленіп, жаңаруы, жаңа күнге сенім дегенді білдіреді.
Тағы бір айта кетерлігі, дәл осы күні кешке қыстың ең ұзақ түнін өткергеннен кейін, үлкен алау жағылған. Ол дегеніміз– қараңғы мен жарықтың, күн мен түннің, ақ пен қараның арасындағы күресте, таңның атып, дүиенің жарыққа, жылуға бөленуіне адамзаттың көмегі, жердің бауыры жылынып, ырыс-несібенің артатын уақыты.
Сонымен қатар осы күні ұйымдастырылатын тағы бір дәстүр –«Сұңқар ұшыру» деп аталады. Карачун күні таңды қарсы алушы мажарлар адам рухын осы құсқа теңеп, оның жарыққа, еркіндікке ұмтылуын осы салт арқылы жеткізген, табиғатпен бірге адам жаны да қатар жаңғырады деп түсінген.
Қарап отырсақ, көшпенділер дүниетанымында, күллі түркі дүниесінде орны ерекше ғұрып түрлері мажар қоғамында да бар. Дегенмен оны қайта жаңғырту, ұрпаққа мұра етіп жеткізу –бүгіннің ісі. Осы орайда, мажарлардың ұлттық, мәдени идентификациясын сақтау, құндылықтарын зерттеу саласында бірқатар жұмыс атқарып жатқан Мажар-Тұран қорын атап өтуге болады. Жыл сайын түркі халықтарының үлкен Құрылтайы мен Ата-бабалар күні аясында, «Мажар-Тұран» қоры ежелгi көшпендiлердің дала мәдениетiн, қолөнері мен өркениетін, ұлттық спорт түрлерін, тұрмыс-салтын көпшілікке таныстырып келеді. Сондай-ақ Карачун мерекесін ата-баба дәстүрімен атап өту – «Мадияр-Тұран» қорының жыл сайынғы шараларының бірі.
Жанар Мақсұтқызы.
На иллюстративном фото: автор текста.