Гаэтано Доницеттидің «Махаббат сусыны» операсының премьерасы 26-27 желтоқсанда болады, деп хабарлайды QAZIR.KZ театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл опера 1832 жылы жазылды. Спектакльдегі оқиғалар бай италиялық фермада орын алады. «Махаббат сусыны» операсы әлемде жыл сайын сан мәрте сахналанып келеді.
Режиссердің айтуынша «Махаббат сусыны» операсында тамаша музыка, керемет либретто бар, оның үстіне қойылым тобы операны өзінше баяндап, оны өзекті етуде.
- Қазақстанда, «Астана Операда» «Махаббат сусынын» алғаш рет қоюдамын. Театрда жаңа шығарманы ұсынған кезде оқиғаның түпнұсқа желісінен алыстамау өте маңызды деп есептеймін. Біз аталған операның классикалық нұсқасын өз интерпретациямызда жасауға шешім қабылдадық. Идеяның мәні италиялық стильді сақтау және шынайы етіп жасалған үй-жайдағы италиялық театр, италиялық комедияға тән талғамды көрсету. Бұған оқиға желісі бойынша ең күлкілі кейіпкер – Дулькамараның ассистенті болып табылатын актер көмектеседі. Бұл қаһарман атақты италиялық дель арте комедиясын бейнелейтін болады, - деді қоюшы режиссер Арно Бернар.
Бас кейіпкер бірбеткей, фермалардың иесі, дәулетті Адина «Тристан мен Изольда» романынан шабыттанып, асқақ махаббат туралы қиялдайды. «Астана Операның» жетекші солисі Салтанат Ахметова аталмыш партияны екі рет – Италияда және Қазақстанда, Алматы қаласында орындаған.
«Махаббат сусыны» – артық-кем тұсы жоқ жауһар туынды. Кейіпкерлері бар-жоғы бесеу ғана.
Бұл операдан алар ғибрат – махаббат отының тұтануына ешқандай да сусын «шақпақ» бола алмайды, тек қана ынтық жүрек пен шынайы сезім ғана түрткі бола алады. Біреулер махаббат – ол ұйытқыған сезім дейді, енді бірі бұл – ынтызарлық дейді, алайда махаббат дегеніміз – ол құпия және ешкім екі адамның бір-бірін не үшін, неліктен сүйетіндіктерін білмейді, – деп сөзін қорытындылады хормейстер Ержан Дәуітов.
Бұл опера 19-ғасырдағы Италияның шағын ауылында пасторальдық декорациялардың арасында жаздың жылы кештерінің бірінде тұтанған албырт махаббаттың нағыз әнұраны болып табылады. Ол «Астана Опера» театрынан да өзінің сүйіп тыңдаушыларын міндетті түрде табады, сөйтіп, көрермендердің жүрегіне ұзақ жылдар бойы қуаныш сыйлайтын болады.
Фото: Театрдың баспасөз қызметінен.
- Елорданың дидары