Бүгінгі «Көне дүние күмбірі» айдарынан Маңғыстау өңіріндегі «Сисем ата жерасты мешіті» тарихи қорымы туралы мәліметтермен таныса аласыздар.
«Маңғыстау –алғашқы адамдардың қалыптасу кезеңі өткен жер» деп археолог Алан Медоев жазды. Сисем ата қорымы – Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі. Қорым Өтес селосынан 35 шақырым солтүстік бағытта, батыс Үстірт шыңдары аймағындағы қыстау-құдықтар мен ежелгі керуен жолдары бойында орналасқан. Бұл – батырлар пантеоны. Қазақ – аруақ сыйлаған халық. Хиуа хандары және басқа басқыншыларға қарсы күресте өмірін ел қорғауға арнаған батырлар жерленген. Сүйінқара батыр Өргешбайұлы, Төлеп батыр Әнетұлы, Қонай батыр Кенжеұлы, Жетімек Жанұзақ батыр, Қожанасыр бай Жанайұлы, Ескелді Саназар бай Құдайназарұлы, Бегей Дауылдыр бай Қозыбақұлы, Сеңгір мырза Дауылдырұлы, Жарылғап бай Сеңгірұлы, Сейіт би Есенұлы, Әнет би Текейұлы, Төлепұлы Мәмбетнияз би, Байбоз Боққараұлы, Назар Жарыұлы руларының негізін салушылары (Шотан батыр, Тастемір бай, Майлан, Құдайберген), Жанбоз (Матай, Өтеулі, Жаманқара), Зорбайұлы Өтеғұл, Қаржау Төлекеұлы және т.б. Сондықтан бұл қорым тарихи-мәдени ескерткіш ретінде еліміздің еркін, тәуелсіз ел болып сақталу жолында жан берген батырлардың рухы арқылы қазіргі жастарды патриоттық тәрбиелеуде маңызды орын алады. Ел аузында сақталған аңыздарға қарағанда Сисем ата орта ғасырлардағы оғыз-қыпшақ кезеңінде ғұмыр кешкен ислам дінінің алғашқы уағыздаушыларының бірі болған делінеді. Демек, бұл – атадан қалған діни дәстүрімізді дәріптеу көзі.
М. Меңдіқұлов зерттеулері бойынша қорымның пайда болу уақыты шамамен XI-XII ғасырлар кезеңдеріне жатқызылады, ежелгі бөлігінің айналасында, солтүстік-оңтүстік бағытта дамыған қабірүсті ескерткіштерінде түрлі таңба-бейнелер мен дәстүрлі ою-өрнектер түсірілген. Сызба суреттердің тарихы қыпшақ-ноғай дәуірлеріндегі саяси оқиғаларды меңзейді.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан.
Фото: ашық ақпарат көзінен.
- Көне дүние күмбірі