Болашақтың қаласын қалап, оның қандай болу керектігінің негізін зерттеп, бағдарлайтын урбанист әрі архитектор болуды армандайтын отандасымыз Әділжан(құжат бойынша Адильжан ) Назаров - бүгінде Американың Вашингтон штатының 10- сынып оқушысы. Математика мен өнер саласына жаны жақын Әділжанның арманы, өзін жан-жақты жетілдіре отырып, өзге балалардың да зеректігін арттырып, білімін дамытуға үлесін қосу.
Қазақстанда туып, ата-анасының қызмет бабымен Америкаға қоныс аударғанда да, тез бейімделгіштік қасиеті қанында бар қазақ баласы сол елдің тілі мен мәдениетіне, өмір сүру тәртібіне де тез үйренісіп кеткенін есіне алады. Білімділігімен, талантымен қатарынан оза шыққан ол, "Бүгінде Америка да тұрсам да, өз еліме деген сүйіспеншілігім ерекше" дейді. Қазіргі күнде шет елдік отандасымыз, еліміздің бас қаласында, аз қамтылған отбасының балаларына арналған "2020 жазғы лагерінің" ашылуына да бастамашы болып отыр. Осындағы қазақстандық балаларды ерекше жақсы қасиеттерге толы дағдыларға бейімдеп, бағдарлауға үйрететін жобаның жұмысымен танысу мақсатында арнайы Әділжанның өзіне хабарласып, сұхбаттасқан едік.
Qazir: Әділжан, сенің туған жерің Қазақстан. Алайда кішкентай күніңде отбасыңмен Америкаға көшіп кеткен екенсіздер. Сен үшін жаңа ортаға бейімделу қиын болды ма?
- Әрине басқа ел, жаңа орта кішкентай мен үшін, таңданыстарға толы болғаны рас. Алайда уақытпен қатарласа отырып, бәрін үйренуге ұмтылдым. Бүгінде Америкалық белсенді жастардың бір бөлшегіне айналдым. Бірақ, өз отанымның қадір-қасиеті мен ұлтымның дәстүріне деген махаббатым –әрқашанда менің жүрегімде. Екі елдің де мәдениетінің озық тұстарын бойыма қатар сіңіре білгенімді, өз ұлтымнан дарыған ерекше қасиетім деп санаймын.
Qazir: Әділжан, бүгінгі күні әлі мектеп оқушысы бола тұра, сол қоғамның бір бөлшегіне айналдым дейсің, ол жолда қандай жетістіктерге қол жеткіздің?
- Жалпы Америка қоғамы, жастардың бойындағы білім мен талантты жоғары бағалайды және дамытуға үлкен мүмкіндіктер береді. Содан болар, мен өз бойымдағы бар талантымды замандастарыммен бірге жетілуіме жұмсаудамын. Биыл мен 10 -шы сыныпты тәмамдадым. Мектепте үздік оқушымын және академиялық жетістіктерім де бар. Сонымен қатар БҰҰ
ның мектеп клубы мен National Art Honors Society (Өнер саласының әр түрімен айналысатын студенттер) Клубының белсенді мүшесімін.
Qazir: Әділжан, көктем мезгілінен жер-жаһанды дүрбелеңге салған пандемия, көп істің жүргізілуіне тосқауыл болғаны рас. Бірақ, сен бұл уақытта да қатарластарыңа тығырықтан шығудың жолын тауып, үлкен жобаны қолға алған екенсің, сол жайлы айта кетсең...
- Иә бұл пандемия бір ғана елдің емес, жаһандық проблема болып отыр. Қазір онымен әлем болып күресуде. Оның кесірі барлық елдің экономикасына кері әсерін тигізгені рас. Сақтық шаралары үшін көптеген жұмыс орындары тоқтатылды. Соған сай, өзіңіз айтқандай, көп істің жүргізілуіне де тосқауыл болып тұрғаны рас. Бірақ онымен өмір қозғалысы, қажеттілік деген дүниелер тоқтап қалмауы тиіс. Бұл жолда өзіңе де, өзгеге де зияны тимейтін бағытта дамудың жолдарын тауып, үнемі жетілуге ұмтылу, мен секілді жастардың міндеті деп ойлаймын. Осы орайда менің де бойымдағы белсенді, креативті болуға деген құлшыныс пен отаныма деген махабатым әрі әлеуметтің алдындағы жауапкершілігім тыныш отырғызбады. Карантин басталысымен қазақстандық балалар үшін English speaking онлайн клубын ұйымдастырдым. Оны орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын жоғары сынып еріктілерінен құрылған командамен жалғастырып отырмыз. Клуб мүшелерінің онлайн кездесуі әр апта сайын өткізіледі. Онда барлығы өз ойларын ортаға салып, түрлі ақпараттарымен, өз жоспарларымен де бөліседі. Жалпы менің бұл Клуб жұмысында түйгенім, әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған адамдарды, ортақ көзқарасқа, ортақ мүддеге бағыттауға болатындығы. Ол үшін ең бастысы ашық және барлық жағдайды жан-жақты бағамдай білуің қажет.
Qazir: Енді Әділжан, алда жаз мезгілі. Біздің білуімізше сол алдағы уақытқа да құрып қойған жоспарларың бар екен. Алдында таныстырғанымыздай елге келіп бас қалада "2020 жазғы лагерінің" ашылуына бастамашы болып отыр екенсің. Бұл лагерь несімен ерекшеленбек?
- Иә ақпаратыңыз дұрыс. Амандық болса, "2020 жазғы лагерін" Нұр-Сұлтан қаласында ашпақшымыз. Ондағы мақсат: аз қамтылған отбасының балаларын дұрыс бағдарлауға және жақсы ерекше дағдыларға үйрету. Лагерь жұмысы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына арналғандықтан, тегін жүргізіледі. Бүгінгі таңда оның ғимаратын, қажетті құрал-жабдықтарды, оқыту бағдарламаларын алып, тамақтандырумен қамтитын демеушілер табылды. Енді алда бәрі жақсы болса, бастаған ісімізді жүргізуді қолға аламыз. Ондағы оқыту бағдарламасындағы ерекше жақсы дағдылар, адамдар жетістікке жетуді үйретеді. Балаларды сенімділікке, төзімділікке тәрбиелейді. Осындай қасиеттерді сол жас балалардың бойына сіңіре отырып, біз білімді, жан-жақты, өзіне сенімді қазақстандық жастарды қалыптастыра аламыз. Ол еліміз үшін де тиімді.
Qazir: Рахмет, Әділжан, алдағы ісіңе сәттілік тілейміз.
- Айтқаныңыз келсін. Ең бастысы жер бетінде тыныштық болсын әрі табиғи апаттардан аулақ болайық. Бүгінгі әлемдік проблемаға айналған пандемияны да бір кісідей жұмылып, жеңеміз деп ойлаймын. Ал қазіргі таңда сол індетке шалдыққандар тез сауығып кетуін және жалпы адамзаттың баласының аман болуын тілеймін!
Сұхбаттасқан Салтанат Сәдібекқызы.