Балалардың республикалық «Жануарлар – менің достарым» сурет конкурсына Қазақстанның 3 000 астам баласы өтініш жіберді, деп хабарлайды Qazir.kz
Жас таланттар сурет салып қана қоймай, сүйікті жануарымен таныстырып, эссе жазып, видео түсіріп, үлкендерді жануарларға қамқорлық көрсетуге, мейірімділік танытуға және оларды жақсы көруге шақырды.
1 сәуірде басталған байқау маусым айының соңына дейін жалғасады. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар қатысып жатыр. Біреуі үйіндегі сүйікті жануарын фотоға түсірсе, енді біреулер сынып болып өтініш жіберген. Байқау шарты бойынша бейнематериал түсіру міндетті емес, соған қарамастан қиялына ерік берген кішкентайлар жер ана мен жыбырлаған жануарды қорғау керектігін шырылдап тұрып жеткізген. Эсселер ішінде аңшылықты сынға алған да бала бар. Бір сөзбен, жас ұрпақ тірі жанға қиянат жасауға болмайды деп дабыл қағады.
Байқау Қазақстан Президентінің қамқорлығымен, БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында, Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Балалар Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, бас серіктес «Edu Stream» компаниясы мен «Настоящий Буратино» серіктесінің қатысуымен өтіп жатыр.
Бас демеуші – Edu Stream оқу орталығы.
Туындыны түпнұсқада мына пошталық адреске: Қазақстан Республикасы, Алматы қ., 050026, М. Әуезов көш., 14а. «Балалар Әлемді Бейнелейді» Қоғамдық Қоры, «Жануарлар – менің достарым» байқауына жіберу керек. Сондай-ақ электрондық пошта: alembala.kz@gmail.com. Толық ақпарат www.alembala.kz сайтында.Байланыс телефоны: +77017585042.