«Көне дүние күмбірі» айдарында Маңғыстаудағы ескі қорымдардың бірі, ерекше құдірет иесі саналған Қараман ата жерасты мешіті жайлы таныса аласыздар.
Қараман ата қорымы және жерасты мешіті Маңғыстау ауданы, Шетпе кентінен 35 шақырым оңтүстік-батыс бағытында, Қандыбас қыстағының батысында 5 км жерде орналасқан. Маңғыстаудағы ең ескі және үлкен қорымдардың бірі. Қорымның ішінде орта ғасыр дәуіріне жататын құлпытастар, тас қоршаулар, XIX ғасырдың II жартысы XX ғасырдың басында Адай шеберлерінің қолымен тұрғызылған күмбезтамдар және көптеген сағанатамдар кіреді. Қорымның батыс бөлігінде Қараман ата жерасты мешіті бар. Мешіт үш бөлмеден тұрады. Аңыздар бойынша, Шопан атаның баласы Исан атадан туған Қараман ата атасына барлық жағынан ұқсаған құдірет иесі болған. Қараман ата қорымы мен жерасты мешіті Қараман атаның тазалық, адалдық анты өткізілетін жер болыпты. Ел мен елдің, ру мен ру арасындағы дау-жанжал мен қантөгіске ұласқан қиын мәселелерге тоқтау болған, бір-біріне кезенген найза төмен түсірілген жер екен. «Маңғыстаудың ойында – 360 әулие» деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Маңғыстау түбегі тарихта жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен жер деп суреттеледі. Еділ, Жайық, Қиғаш, Жем өзендерінің алабы, кәрі Каспийдің жағалауы географиялық тоғыз жолдың торабында өркениеттер қайшылығы мен сан алуан тайпалардың шеруі, жерге талас таусылмаған. Тағы бір аңызға сүйенсек, түрікмендер мен адайлар арасында ұзақ жылдар болған қантөгісті тоқтату мақсатында Қараман ата мешітіне анттасу үшін келген екен. Қараман ата мен Бекет атаның құдіретін көзбен көрген түрікмендер мен адайлар қантөгісті тоқтатып, енді ешқандай дау-дамайдың болмайтынына ант берген. Сол себепті ел, ру, халық үшін Қараман ата мешіті елді, руды, жұртты табыстырған, біріктірген, достастырған құдіретті орын деп саналған.
«Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітабынан .
фото: ашық ақпарат көзінен.